Жеңіл атлетика • 04 Қазан, 2018

Жүгі ауыр жеңіл атлетика

961 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жеңіл атлетиканы «спорт падишасы» деп бекер атамайды. Өйткені осы спорт түрінде Олимпия ойындары, әлем чемпионаты және сол секілді басқа да байрақты бәсекелерде ең көп жүлде қоры сарапқа салынады. Барлығы – 47 медаль жиынтығы. Яғни, дәл осы сайыста барынша табысты өнер көрсеткен мемлекеттің оғыландарына кешенді жарыстардың жалпы командалық есебінде жеке-дара көш бастауына тамаша мүмкіндік туындайды.

Жүгі ауыр жеңіл атлетика

Қазақстанның спортшылары Олимпия ойындарындағы өздерінің алғашқы медалін дәл осы жеңіл атлеттер сайысында жеңіп алғанын көзі қарақты көрермендер жақсы біледі. Сонау 1960 жылы Римде алауы тұтанған ғаламдық доданың 4х100 эстафеталық сайысында құрамында Ғұсман Қосановтай қазақтың серке ұлы бар КСРО құрамасы тек немістерден ғана қалып қойып, күміс медальді еншіледі. 

Негізі, Ғұсман Қосановтан да бұрын төртжылдықтың бас­ты додасында жүлде алған жер­лестеріміз бар. Олар – Вла­димир Сухарев пен Анатолий Са­моцветов. Сухарев 1952 жылы Хельсинки мен 1956 жы­лы Мельбурнде өткен Олим­пиа­даның қысқа қашықтықтағы эстафеталық сайысында күміс жүлдені иеленді. Сол кездері Мәскеуде тұрғанымен, оның туып-өскен жері – Жамбыл облы­сының Қордай ауданы. Жасыл құрлықта балға лақтырудан қола жүлдеге қол созған Самоцветов Сарқан ауданының Қарғалы ауылында дүниеге келіп, Талдықорған қаласында оқып жүрген кезінде кәсіби спортшы ретінде қалыптасты. Сондықтан олар да бізге бөтен емес. 

50 шақырымдық спорттық жүрісте Вениамин Солдатенко (1972 жыл, Мюнхен, күміс), же­лаяқтардың эстафеталық сайы­сын­да Николай Колесников (1976 жыл, Монреаль, қола), Вла­димир Муравьев (1980 жыл, Мәскеу, алтын. 1988 жыл, Сеул, алтын), Виталий Савин (1988 жыл, Сеул, алтын), диск лақтырушы Татьяна Лесовая (1980 жыл, Мәскеу, қола), сы­рық­­­пен секіруші Григорий Его­ров (1988 жыл, Сеул, қола) сын­ды саңлақтарымыз әр жылдары алауы тұтанған Олимпия ойын­­дар­ында жеңіс тұғырына көте­рілді. 

Тәуелсіздік алғаннан кейін­гі кезеңге тоқталсақ, 2000 жы­лы Сиднейде 100 метрге кедер­гілер арқылы жүгірген Ольга Ши­шигина алтыннан алқа тағынса, 2004 жылы Афиныда онсайыс­шы Дмитрий Карпов қола ме­дальді иеленді. Ал үш қарғып секіруші Ольга Рыпакова айтулы жарыста үш рет жеңіс тұғырына көтерілді. Атап айтсақ, 2008 жылы Бейжіңде жүлде алған қос спортшы допинг қолданғаны үшін жарыстан шеттетіліп, күміс жүлде жерлесімізге бұйырды. 2012 жы­лы Лондонда Ольга ал­­тын ал­са, 2016 жылы Рио де Жа­ней­­рода қола медальді мойнына ілді.

Әлем чемпионатына келер болсақ, 1983-1991 жылдар ара­лығында айтулы жарыс үш мәрте ұйымдастырылды. 1983 жылы Хельсинкиде тұсауы кесілген бәсекеде Кеңестер Одағы құра­мында өнер көрсеткен қара­ғандылық желаяқ Владимир Муравьев эстафетада қола ме­даль­ді иеленді. Келесі жарыс 1987 жылы Римде өтті. Бұл жолы Одақтың желаяқтары тек амери­калықтардан ғана қалып қойып, күміс медальді еншіледі. Сол команданың сапында біз­дің Владимир Муравьев те өнер көрсетті. Сондай-ақ қызыл­жар­лық марафоншы Зоя Иванова күміс алса, үш қарғып секіруде шымкенттік Олег Сакиркин қолаға қол созды. 

Қазақстан дербес команда ретінде әлемдік додаға 13 мәрте қатысып, 8 рет жүлделі орынды иеленді. Атап айтсақ, 1993 жылы Штутгарттағы сырықпен секіру сайысында Григорий Егоров күміс медальді еншіледі. 1995 жылы Гетеборгта 100 метр­ге кедергілер арқылы жүгірген Ольга Шишигина күміс алса, 2001 жылы Эдмонтонда қолаға қол созды. 2003 және 2007 жылдары Сен-Дени мен Осакадағы онсайысшылардың сайысында Дмитрий Карпов үшінші тұғырға табан тіреді. Үш қарғып секіруші Ольга Рыпакова 2011 жылы Тэ­гу­де екінші сатыға табан тіре­се, 2015 және 2017 жылдары Бей­жің мен Лондонда жалауы жел­біреген жарыстарды үшінші орынмен қорытындылады. 

Соңғы үш Олимпия ойын­дарының нәтижелеріне зер сал­сақ, мынадай көріністің куәсі бо­ламыз. 2008 жылы Бейжіңдегі доданың жеңіл атлеттер сайысында үздік бестікті мына командалар құрады: 

1. АҚШ (7 алтын+9 күміс+7 қола)

2. Ресей (6+5+7)

3. Кения (6+4+4),

4. Ямайка (6+3+2)

5. Эфиопия (4+1+2)

Соның нәтижесінде Қытай еліндегі жарыстың жалпы ко­мандалық есебінде жоғарыда аталған командалар мынадай орындарға жайғасты: АҚШ – 2, Ресей – 3, Кения – 13, Ямайка – 14 және Эфиопия – 18. 

2012 жылы Лондонда алауы тұтанған Олимпия ойындарының жеңіл атлеттер бәсекесіндегі үздік бес команда мыналар: 

1. АҚШ (9+12+7) 

2. Ресей (6+3+5)

3. Ямайка (4+4+4)

4. Ұлыбритания (4+1+1)

5. Эфиопия (3+1+3)

Ұлыбритания астанасында өткен Олимпиаданың жалпы есебінде бұл командалар мынадай орындарға жайғасты: АҚШ-1, Ұлыбритания – 3, Ресей – 4, Ямайка – 18 және Эфиопия – 23. 

2016 жылы Рио де Жа­ней­родағы жеңіл ат­леттер сайы­сын­да мына коман­далар алдың­ғы лектен көрінді: 

1. АҚШ (13+10+9) 

2. Кения (6+6+1)

3. Ямайка (6+3+2)

4. Қытай (2+2+2)

5. ОАР (2+2+0) 

Бразилияда өткен Олимпия ойындарының жалпы есебінде айтулы командалар мынадай орындарды олжалады: АҚШ – 1, Қытай – 3, Кения – 15, Ямайка – 16 және ОАР – 30. 

Міне, жоғарыдағы көрсетіл­ген деректерден көп жайтты аң­ғаруға болады. Яғни, жеңіл атлеттер сайысында табысты өнер көрсеткен командалардың жалпы командалық есепте барынша жоғары орындардың бірін иеленуге мүмкіндіктері зор. Олай болса, Қазақстанда да осы спорт түрін дамытуға барынша күш салу қажет. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда біздің елде әлемдік деңгейдегі жарыстарда жүлде алуға күш-жігері жетіп жүрген жалғыз ғана «спорт падишасының» өкілі бар. Ол – Ольга Рыпакова. Егер үстіміздегі жылдың 30 қарашасында 34 жас­қа толғалы отырған Шығыс Қазақ­стан облысының тумасы үл­кен спорттан қол үзген жағ­дайда оның орнын басатын лайықты ізбасарлар көрінбейді. Иә, халықаралық жарыстарда жүл­де алып жүрген Виктория Зяб­кина, Элина Михина, Ольга Сафронова сынды жеңіл атлет­тер­дің аяқ алысы жаман емес. Алайда олар тек құр­лық­тық деңгейдегі додаларда ғана жүлде алумен шектелуде. Тіп­тен, биыл Джакартада өткен Азия ойындарында өнер көрсет­кен бір топ отандық жеңіл ат­леттер арасынан жалғыз Ольга Рыпакова ғана алтын­нан алқа тағынды. Ал өзге мық­ты­ларымыз күміс немесе қола ме­даль­ді қанағат тұтты. Осы жайт­тың өзі Қазақстанда осы спорт түрі­­нің даму барысы әлі де дұ­рыс жол­ға қойылмағанын аңғартса ке­рек. 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ