Театр • 04 Қазан, 2018

Таразда «Асқаровтың аққайыңдары» сахналанды

952 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жамбыл облыстық қазақ драма театры өзінің сексен үшінші маусымын бастады.

Таразда «Асқаровтың аққайыңдары» сахналанды

Театр маусымы жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мархабат Байғұттың «Асқаровтың аққайыңдары» атты драмасының премьерасымен ашылды. Драманың қоюшы-режиссері – Халықаралық Ш.Айтматов атындағы сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов және қоюшы-суретші – Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі Рахат Сапаралиева.

Премьераны тамашалауға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов бастаған облыс, қала әкімдігінің басшылары, еңбек ардагерлері мен көпшілік көрермендер келді. Сонымен қатар, көрші Түркістан облысынан драма авторы Мархабат Байғұт бастаған бірқатар өнер қайраткерлері мен еңбек ардагерлері қатысты. Ал Алматы, Түркістан облыстарынан, облыстың Меркі ауданынан Асанбай Асқаровпен қызметтес болған азаматтар мен туыстарының келуі де ғажап оқиға болды. Әуелі театр директоры Болат Бекжанов сөз алып, Асқаров сияқты алып тұлғаның тарихи орнына тоқталды. Сонымен қатар, көпшілікті театрдың маусымашарымен құттықтады.   

«Асқаровтың аққайыңдары» драмасы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың тағдырына негізделген. Кезінде Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл өңірлерін басқарып, ел игілігі үшін ерен істер тындырған қайраткерге Кеңес Одағының соңғы кезеңінде жалған айып тағылғаны тарихтан белгілі. Драмада Асанбай Асқаров өмірінің тағдырлы кезеңі баяндалады.

Сахнадағы темір тор, сол тар қапастың ішінде арыстан жүректі алыптың жалған айып үшін қорланған бейнесі көрерменді бей-жай қалдырған жоқ. Бастапқыда өзі отырғызған аққайыңдардың арасында жары Фатимамен бірге отырғанда жендеттердің «Асқаров, сіз тұтқындалдыңыз» деген суық сөзбен алып кетуі де сол заманның көрінісінен елес берді. Асанбай рөлін ҚР Мәдениет қайраткері Жүніс Әлімбеков пен Фатима рөлін актриса Индира Мұстафаева соншалықты терең тебіреніспен алып шықты. Тумысынан намысшыл, текті азаматтың тас түрмеде де алған бетінен қайтпай, қасарысып тұрған келбеті де нанымды бейнеленді. Ал түрме бастығы, полковник (ҚР Еңбек сіңірген артисі Асқарбек Сейілхан), тергеуші (актер Жандар Қырықбаев) Калиниченко, КГБ полковнигі (актер Мәмбет Қожалиев) Золин сияқтылардың бойынан «шаш ал десе, бас алатын» кеңестік қасаң қағиданың көрінісін көруге болатын еді. Әсіресе тергеу кезінде Калиниченконың «Мен сені атқызамын. Атқызуға дейін жеткіземін» деген зәрлі сөзі мен көрсеткен зәбірі кешегі күннің шындығы болатын. Ал Асқаровты түрмеге іздеп келген КПСС Орталық Комитетінің Саяси бюросының мүшесі Соломенцев (Республикалық театр фестивалінің лауреаты Мәлік Ақүрпеков) айтарға сөз таба алмағандықтан, амалсыз болмашы нәрсені айып қылып таға береді. Асанбай сияқты заңғар тұлға түрмеде болса да қаймықпай, бір кезде Соломенцев Жамбыл облысына іссапармен келіп, бірге сол кездегі Свердлов ауданын аралағанын, сонда ауданның бірінші хатшысы Әнуарбек Сандыбаев үйіне қонаққа шақырғанда оның бұл пейілін ескілікке балағанын айтып, айыбын бетіне басады. Асқаровтың «айыбын» айтпақ болып оқталғанымен Соломенцевтің мұнысынан түк шықпайды. Сонда сасқан ол «Мен Жамбылға барғанда мені неге суық қарсы аласың» деп айдалаға кетеді. Қалтырап тұрып «Мен саған көрсетемін» дей береді. Содан бәрі де жанталасып Асқаровты Желтоқсан оқиғасын ұйымдастырушы, ұлт араздығын тудырушы, алашордашыл, одан қалса парақор ретінде көрсеткісі келеді.

Адалдық әрқашанда жақсы адамның жан серігі. Асанбайдай алыпты дүниеге әкелген Ана да (Қазақстанның халық артисі Мәкен Рахымжанова) елес түрінде түрмедегі ұлына жігер береді. Ал Аққұс бейнелері (Ризат Қылышбаева және Перизат Рыспанбетова) де оқиғаның мазмұнын арттырып, сахнаның көркін келтірді деуге болады.

«Асқаровтың аққайыңдары» драмасы адалдық пен арамдықтың тартысы. Мансап үшін туғанын да аямайтын сатқындар мен жағымпаздардың мінезін әшкерелейтін дүние. Ал КГБ полковнигі Золиннің Асқаровтың үстінен түскен арыздарын оқу кезінде де бәрінің қисынсыз жала екенін көруге болады. Бірақ өтірік өрге баспайды. Ал ақиқат қашанда алмас қылыш. Қазақ топырағында азаттықтың ақ таңы атып келе жатқан тұста Асанбай Асқаров тар қапастан босатылады. Ақталады. Түрмеде отырғанда мен сені тозаққа саламын деген Калиниченкоға Асқаровтың айтқан «Бұл дүниенің тозағы ештеңе емес. О дүниенің тозағынан қорық» деген сөзі де қазақтың обал мен сауапты жоғары дәрежеге көтере білетін дегдарлығын көрсететін дүние еді. Қойылым Асанбай Асқаров туралы болғанымен, мұнда бір ғана адамның тағдыры емес, бүкіл қазақтың қайраткерлерінің қасіретті тағдыры арқау болған. Алайда ақиқат ұмытылмайды. Бүгінде қараорман халық Асанбай сияқты асқартаудай ұлының рухын қастерлейді.

Премьера соңында жазушы, драма авторы Мархабат Байғұт сахнаға шығып, көпшілікке алғыс айтты. Асанбай Асқаров сияқты нар тұлға есімінің ешқашан ұмытылмайтынын жеткізді.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы