Руханият • 05 Қазан, 2018

Алжан тау

5392 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Еліміздің жер-су атаулары тарихымызды тануға жол ашады. Өнегелік мәні де ерекше. Өйткені адамның туған жерге, туған елге деген сүйіспеншілігі, перзенттік асыл сезімі жер-су атауларының тарихын жете білу арқылы қалыптасады. Алайда, бұл үрдіске кезінде бұ­р­маланып кеткен атаулар теріс ықпалын тигізетінін де ескеруіміз керек. 

Алжан тау

Айталық, Жетісу жерін отарлауды бастаған кездегі, яғни 1841 жылғы жарық көрген «Кар­та Коканского ханства» де­ген еңбекте Алатауды ежел­гі тарихи атымен «Үйсін Ала­­тауы» деп көрсеткен. Ал 1854­ жылғы карталарда бұл атау өз­герген. «Заилийский Алатау­ға» айналған. 

Ресей империясы Же­тісу­ өлкесіне аяқ басқан соң­ де­реу жер-су аттарын орыстан­ды­руға кіріседі. Мысалы, Алматы – Верный,  Түрген – Михай­ловское, Атамқұл – Маловодное, Шілік – Зайцевское,  Ұзынағаш – Казанско-Богородское,   Қас­келең – Любовинский, Тал­ғар – Софийская,  Есік – На­деж­динский,  Нарынқол  Охотни­чий болып шыға келген. (ҚР ОМА. 44-қ., 1-т., 5570-іс. 1-п.). 

Тарихи жер-су атаулары дегенде әкемнің ағасы Тоқсаба қария еріксіз еске оралады. Мен ол кезде үлкендердің қолына су құйып жүрген кішкентай баламын. Тоқсаба атам бөлімшенің басшысы. Көзі ашық, сұңғыла жан еді. 

– Ей, құрдас, осы Алжан ата­мыз неше ағайынды болған? – деді әкем бірде дастарқан ба­сында жігіт ағасы Мұқанға қа­рай бұрылып. Оның жауа­бын Мұқаннан бұрын Тоқсаба атам айт­ты. 

– Алжан атаң екі ағайынды. Інісінің аты – Шажа. Алжаннан ту­ған төрт ұл бар. Олар – Сы­рымбет, Шағыр, Аламан, Қи­ғылық, – деді нық сөйлеп. Сонымен қатар мұны неге сұ­ра­дың дегендей әкеме қадала қарады.

–  Әскерден жараланып Се­мей­ден өткеннен кейін, қай (станция) бекет екені есімде жоқ, майдангер досым болмай үйіне түсірді. Руы Сыбан екен. Қарт әкесі бізді құшақ жая қарсы алды. Ел-жұрт мә­ре-сәре болды. Жауынгер бала­сының соғысқа бір қолын беріп қайтқанында олардың шаруасы жоқ. Сөйтіп Қожан досымның ша­ңырағы шаттыққа бөленді. 

Менің қайдан екенімді біл­ген қария «Балам, біз Алжан атаң­ның атындағы таудың баурайында отырмыз. Осы Алжан тау мен сендердің Алжан атала­рыңның  арасында қандай байланыс бар екенін білгім келеді?» деді. Ол кезде пәлендей жауап қайтару мен үшін оңай емес болатын.

Әкемнің осы әңгімесі есімде қал­ған мен үш жыл бұрын Ыз­ғар­бек Бектұрсыновпен бірге Ка­тонды аралап, қайтар жолда Ал­жан тауды іздестірген едім. Бірақ ол сапарымыз нәтижесіз аяқталған-ды. 

Жуырда Семейде жергілікті ел азаматтары көп жиналған бір тойда болдым. Әңгіме арасында­ Алжан тау туралы сұрадым. Сол­ кезде Қасқатай деген азамат:

– Жақыпжан, біз сен із­­деп жүрген Алжан таудың ете­гінде өстік. Осы өңірді Үйсін ағайын­дар тоқсан жылдан астам уақыт жай­лаған екен, – деді нық се­нім­мен.

Мұндай жаңалықты естіген кезде жүрегім шымырлап, ба­ба­ларымыздың ел қамы, жер­ қамына қарай осы маңды қор­ғағаны ойыма оралды. Көш­пенділердің ат тұяғымен қазақ сахарасының картасын жасап, әлденеше мың жылдық тари­хын құлаған қорғандарда, жер атауларына қалдыруы – заң­ды құбылыс. Сондықтан осы өңірде Ханкелді ­ауылы бар де­генді естігенде одан са­йын толқыдым.  Ауыл атауы Албанның ішіндегі Алжан руының батыры Ханкелді Сы­рымбетұлының есімімен тіке­лей байланысты болуы да әбден мүмкін ғой.  

Ханкелді – Ұлы жүздің Ал­бан тай­­­пасының Алжан руынан шыққан қай­раткер тұлға. Жаужүрек батырлармен үзеңгілес болып қол бастаған. Аягөз, Тесіктас жерлерінде жоңғарлармен бол­ған шайқастарда ерлігімен ерек­­ше көзге түскен, атақты Аңы­рақай шайқасында Ал­бан жасағын басқарды. Жоң­ғарларға қарсы күресте әкесімен тізе қосып, үлкен ұлы Тілеуке мен немересі Райымбек батырлар да жауға шапқан. Хангелді сол кездің жағдайына орай Ұлы жүз қазақтарының жоңғар басқыншылығына қарсы со­ғыс­та Ресейге арқа сүйеудің қажеттігін дұрыс ұққандардың бірі болды. Осы мақсатта 1733 жы­лы Төле би, Қодар би, Сатай және Бөлек батырлармен бірге орыс мемлекетінің қол астына қа­рауға тілек білдіріп, орыс пат­шайымына хат жазған. Бұл алғашқы хатты Аралбай мен Ораз­келді жеткізсе, 1734 жылы тағы да патшайымға жазылған екін­ші хатты Петерборға тіке­лей Хангелді мен Төле бидің немере інісі Айтбай екеуі апарады. Ел аузындағы аңыздарда Абылай сұлтан жоңғарларда тұт­қында болғанда, оны боса­туға Төле би бас­тап барған тоқ­­­сан адамның ішінде Хангел­дінің болғаны да айтылады. Ол қолбасшылығымен аты таныл­ған кезде еларалық бітімгерлік жұмыстарға да барып, білікті мәмілегерлігімен  көзге түскен.

Жоғарыдағы деректер Хан­гел­ді батыр Аягөз, Таскескен маңын қалмақтардан азат ету жорықтарына қатысқанын мең­зейді. Олай болса, сол жылдар­дан кейін Алжан атаның тұқым­дары осы өңірді жайлаған болып тұр ғой. Бұл деректерді ай­тып отырған себебім, Жарма беке­тінен 15 шақырым жерде Арша­лыдан басталатын Алжан тау Көксеркеге барып тіреледі. Осы алқапта Шынғожа ауылынан 18 шақырым өткенде Хан­гелді бөлімшесі бар. Жергілікті жұрт Алжан тауы, Алжан кө­лін атап, елді мекенге Хангелді атын беріпті. 

Құлақпен естігенді көзбен кө­руге тырыстық. Сонымен «Ал­жан тау қайдасың?» деп жол­ға шықтық. Жұмабектің авто­көлігімен Жарма бағытына қарай жүйткіп келеміз. Ар­шалы ауылына жақындағанда «Анау алдарыңда тұрған  Алжан тауы», деп көлігін кілт оңға бұрды. 

Сексенге иек артқан Серік­қазы ағамыз шаруашылықта ұзақ жылдар механизатор бол­ған екен. Алжан таудың сулы, ну­лы бір пұшпағын Самат інісі жайласа, екінші тұсында Секең­нің шаруа қожалығы тұр. «Қара­көл маңындағы тоғай ара­сындағы ескі бейітті жасы жүзден асқан әкем Алжанның бейіті деуші», деп әңгімесін бастады Серікқазы ақсақал. Бұл сөзден кейін бізде тағат қал­мады. Дереу сол маңға қа­дам бастық. Неткен сұлу өңір, тау мүлгіп тұр, етегінде Қара­көл. Шетін тоғайлы қамыс көмкерген... Міне, тоғай ішін қақ жарып, аталған бейітке де жет­тік. Қорымның жан-жағы таспен қаланған, судан алыс, көлемді, жайлы жерге жерленген. Қайран бабам! Жердің жан­натында жатыр екенсіз деп күбір­ледім.

Тарихи жазба деректерге қа­расақ, 1785 жылы капитан Андреевтің «Орта жүздің сипаттамасы» атты еңбегінде Ұлы жүздің қоныстанған орнын былай көрсетеді: «Тарбағатай тауынан қытай шекарасына дейінгі жерде жазда Тарбағатай, ал қыста Тоқтатау аңғарына де­йін­гі аралықта мынадай рулар көшіп-қонып жүреді: 1. Жа­ңаби бастаған суандар 3500 түтін; 2. Қоңырбөрік Далы Дәулет бастаған 400 түтін; 3.Қызылбөрік Әжібай ақын 1940 жылы жазда Қаңлыбай, Тас­темір, Алтай бастаған 300 түтін; 4. Шапырашты Қой­соймас Қа­раша бастаған 1500 түтін; 5.Атанбай бастаған Қы­зай 700 түтін; 6. Қарабас бас­таған Ақ­барақ, Ақболат 600 тү­тін, Садық бастаған Қаңлы 120 түтін. Аталған қазақтар жер шаруа­шылығымен айналысып бидай, арпа және тары себеді. 

Биеке би бастаған Сегіз-са­­­рылар 600 түтін, Аламан бас­таған Алжандар 450 түтін, Ая­гөз бен Қарақол өзендерінің ара­­лығында Бердіқожа бастаған Шаныш­қылылар 300 түтін, Жол­ды­бай Шымырбай бастаған Жалайырлар 600 түтін, Игілік би бастаған Қасқараулар 500 түтін, Сүйіндік бастаған Қыр­мыштар 100 түтін, Байғабыл Өтеп бастаған Жаныстар 100 түтін»  деп көрсетеді (Аристов А. Усуни и киргизы или каракир­гизы. Бишкек, 2001. 419-420-беттер.). Жетісуды Ұлы жүз қа­зақ­тарының ежелден мекен етіп келе жатқанын І.Жан­сүгіров «Жетісу» деген еңбе­гін­де былай деп келтіреді: «Же­ті­суды орыс алар тұсында Леп­сі, Алтын-арық, Ақсу, Ма­қаншы бойларында шапырашты, сары үйсін деген ел­дер қоныстанған еді. Күркілдектің (Ая­гөз) құйғанынан осы күнгі қоны­сына дейін Қаратал, Көксу бойында жа­­лайыр жүруші еді. Осы күнгі Іле кө­пірден өрге қарай Құлжаға шейін беті ашық өзеннің екі жағын өрістеп, Ұлы жүз­дің албан-суаны жатушы еді. Талас суының кеудесінен төмен қарай, Шудың бойы, Қордайдың аяғын баса дулат ­қоныстанды» (Жансүгіров І.Жетісу 1730-1916. Алматы: Цен­ные бумаги, 2001.­ 10-б.). Белгілі ғалым Х.Арғынбаев өз­ зерт­­теу еңбегінде былай де­ген:­ ­«...най­­­­ман­­дар ХVІІІ ға­сыр­дың аяғы мен ХІХ ­ғасыр­дың басында Аягөз, Көк­пекті, Ақ­су өзендеріне, Тар­бағатай тауының етегі мен жо­таларындағы жайы­лым­дарға көшкен де, одан да асып Алакөл мен Сасықкөл және Тентек, Шілікті, Лепсі, Ақ­су өзендері төңірегіндегі жайы­лымдарға қоныс аударып, Қа­ра­тал өзеніне дейін жеткен. Оңтүстік Балқаш өңірі, Алакөл көлі, Жоңғар Алатауы және Қа­ратал өзені аралығында жат­қан жер үшін Орта жүз бен Ұлы жүз көшпелілері арасында дау-дамай болып тұрған» (Ар­ғынбаев Х., Мұқанов М., Востров В. Қазақ шежіресі хақында.- Алматы: Ата мұра, 2000. 317-б.). Міне, аталған мә­лі­метке қарай отырып, Ресей империясы отарлау барысында қазақтар арасына іріткі салып, жер дауы мен барымтаны өр­шітіп, бір-біріне қарсы айдап салған жымысқы саясатын іске асыр­ғанын терең ұғына түсеміз. 

Қаракөлдің жайлы жағала­уы­на орналасқан Алжан ата­ бейітін көріп, көңіліміз көте­рі­ліп қуанышқа кенелдік. Ар­шалыға сондай сезіммен орал­дық.

ХVІІ ғасырдың үшінші ши­ре­гін­де, Дүрбіт-Ойрат, Маньчжур-Цин империясына қарсы қаһармандықпен шай­қасқан, торғауыттардың тас-­тал­қанын шығарған осы жиыр­ма жылдық соғыста атқа қонған Қабанбай, Мүйізді Өтеген, Нұралы хан, Әбілпейіз сұлтан, Қанжығалы Бөгенбай, Ералы сұлтан, Әділ сұлтан, Орыс сұлтан, Жантай Баян, Малайсары, Олжабай, Керей Жәнібек, Шапырашты Нау­рыз­бай, Көкжарлы Барақ, Райымбек, Жәпек, Бердіқожа, Тілеуке, Сағымбай, Сырымбет, Ер Әжібай, Байғозы, Шынқожа, Айбас, т.б. батырлар тізе қосқан.

Бұл ретте Алжан ұрпағы Райымбектің қолбасшылық іскерлігі ұшан-теңіз. Тарихшы­ларға әлі де зерттеуге қажет тұс­тары мол. Алжан ұрпағы Хангелді батыр жайлы жазбалар аз, зерттеу жоқ. Алайда Бұқар, Үмбетей, Шәді төре, Жәңгір жырларында батырлар бейнесі бар. Ілияс Есенберлин, Әбіш Кекіл­баев, Қабдеш Жұмаділов сом­дағандай тұлғалардан Хан­келді менмұндалап тұрған жоқ па?

Астанадан досым Несіпбек Айтұлы телефон соқты: 

– Жақыпжан, Аягөз айма­ғын­дағы жігіттер хабарласты. Хангелді бабаңның жатқан же­рін іздеп жүр екенсің. Мен ол туралы білемін. Нағашыларыма жиі барамын. Нағашым бейіт ара­лап, «Мынау Хангелді ба­тыр­дың бейіті, ұмытпа. Хан­гел­ді батыр осы жерді қалмақ­тан азат еткен бабаң»,  деп  құлағыма құйған. Батыр жатқан қорымды саған көрсетемін. Бірақ, бекер емес. Бәйге тұлпа­рың­ды әзірле, – деді жайдарылана күліп. 

Аягөз аймағы шұрайлы, құнар­лы. Жау көзі көк шалғын­ды қысы жұмсақ жерге түседі емес пе? Жоңғар, қытай әскер­­ле­ріне қарсы тоғыз рет кескілес­кен шайқас болған. Сол соғыстарда Хангелді батыр да осы аймақты, яғни Таскескен, Аягөз, Жарма аумағын жаудан тазартуға атсалысқан. Өзіне де топырақ осы жақтан бұйырған. Райымбектің үш жүз жыл­дық мерекесін тойлағанда Хан­гелді бабамыздың жерленген жері қазақ даласының қай же­рінде екенін таба алмай тұйық­қа тіре­луіміздің басты себебі де осы болса ке­рек. 

Ханға кеңес беріп, Ұлы жүз сарбаз­дарын шешуші ұрыстар­ға әзірлеген Хангелді бабамыз осылайша Ақшәулінің етегінде, Ай өзенінің бойында мәңгілік мекенін тапқан көрінеді. 

– Әкеңіздің пойыздан түскен стан­сасы Қарақойтас болуы керек. Өйткені сол стансадан Ал­жан тауы анық кө­рінеді, – деді бізбен әңгімелескен мек­теп ұстазы, тарихшы Рыс­қай­ша Қай­ранова. Мен асқақ­тап көрінген Алжан тауға, атала­рымыздың рухына басымды идім.

Әлбетте, біздің бұл сапары­мыздағы кездескен азаматтар­мен әңгімеде айтыл­ған жайттар әлі де зерттей түсуді қа­жет ететіні анық. Атырау мен Алтай­дың ара­сындағы Ұлы Дала­ның салқар төсін жау­дан қорғау үшін заманында ең­ку-ең­ку жер шалған батыр бабалардың басы қай­да қал­мады?! Олардың жай тапқан бейіт­терінің бүгінге жетіп, елге белгілі бол­ғанынан, жел мен жаңбырдың, уақыттың сорабымен жоғалып, ұрпағына белгісіз болып қалғандары да көп екені рас. Олай болса, осы мақалаға арқау болған жайт­тар қосымша тарихи деректі құ­жаттармен дәлелденіп жатса, нұр үстіне нұр болғаны. 

Жақыпжан НҰРҒОЖАЕВ