Тарих • 05 Қазан, 2018

Қаратастағы петроглифтер

98 реткөрсетілді

Жуалы ауданының Кү­рең­бел ауыл­дық округіне қарай­тын Қаратас деген ауыл бар. Ай­­на­ласы тұнған шежіре, тұн­­ған тарих. Ауыл тұрғыны Ніл­дебай Байғонысов ширек ғасыр бұрын егін екпек ниетпен жер жыртып жүріп тауып алған бал­бал тасқа қашалған адам мүсі­нінің өзі назар аударады. Ал ға­сырдан аса жасап ке­ле жатқан қа­рағаштың қарапайым кел­беті де қызықтырмай қоймайды. Өз сөзінде Нілдебай ағамыз бұл қа­рағаштың тарихын әкесінен ес­тігенін айт­ты. «1880 жылда­ры осы жерге Ресейден бір орыс ке­ліп, диірмен салыпты. Бұл ағаш сол кезде егілген екен. Үш ға­сырға куә ағаш содан бері жа­сап келеді. Ешкімге тигізбей қа­рай­лап жүремін», дейді ауыл тұрғыны. 

Қаратастағы қасиетті дүние­нің бірі – петроглифтер. Қауынбай сайында бір төбені тұтас алып жатқан жартаста есте жоқ ескі замандардан бері жасап келе жат­қан құндылықтар тұнып тұр. Аң аулап­ жатқан қасқырдың, түйе мен тауешкілердің суреттері де кө­не дәуірдің тұрмысынан хабар беріп тұр­ғандай. Сонымен қа­тар құпиясын ішіне жасырған таң­балы тастар да бар. Ал келесі қыраттардан көптеген суреттерді көруге болады. Өкінішке қарай тас­қа қашалып салынған көп су­реттер талай ғасырлық жауын­ мен дауылдың өтінде тұрып өшу­ге айналған екен. Оның үс­тіне жартас тастың көп жері құ­лаған. Көпті көрген көнекөз қария­лардың айтуын­ша, бұл жар­тастың екі мың жыл­дық тарихы бар екен. Өкініштісі сол, ғасырлар бойы сақталып келген жәді­герлердің Ұлы Даламыздан өшіп кету қаупі басым болып тұр. 

Қаратас маңындағы Қауын­бай сайында шашылып жатқан шақ­пақ ақ тастар да көне сақ дәуіріне жататын жәдігерлер болып саналады. Сонымен қатар бұл жерден бірнеше обаны да кездестіруге болады. Ал бір-бірімен ұштасып жатқан екі қор­ғанның айналасы арықпен қоршалыпты. Бұл жерлерден де тарих қойнауында талай сырдың жатқанын көруге болады.

Жалпы, Қаратас аймағы қа­сиет­ті саналады. Қазақ даласын­да­ғы әрбір жердің өзіндік тарихы мен тағдыры бар. Мұнда қарт Қара­таудың қара түсті үш тасы жер­ге қиғашынан қада­лып тұр екен. Алдыңғы тас үлкен бол­са, соң­ғы екеуі кішкентай тастар. Алай­­да тылсым сырлы бұл қара тас­тардың қашан, қалай пайда болғаны жайлы ешқандай дерек жоқ. Бірақ ауыл тұрғындары бұл тастарды әулие тас санайды екен. Бұл жерден сәл әріде әулие бастау бар. Аңыз бойынша, ертеректе Арыстан баб әулие келіп осы қара тастың ығына түнепті дейді. Бабтардың бабы бастаудан дәм татқан соң ол бұлақ әулие бастау саналған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, тіп­ті мұнда атбегілер бәйгеге қосатын тұл­парларын әкеліп, аламанның алдында қара тасты айналдырып шы­ғады екен. Ал перзент сүйе алмай жүр­ген келіншектер де осында келіп, Жара­тушыға дұға жасайды дейді.

Іргесін тарихтың өзі қалаған Қа­ра­тас аймағы табиғаттың тылсым сы­рынан пайда болған ашық аспан астындағы музей сияқты. Екі мың жыл бойы ұлы даламызда салтанат құрып келген ұлы құндылықтар ұр­пақ­қа ұлағат. Тек өкініштісі, күн қақ­тап, жауын шайған жәдігерлердің келбеті өшіп кетудің аз алдында тұр екен. Ал мұндай дүниелерді сақтай алсақ, көне заман куәгерлерінің бойындағы талай құндылыққа қаныға түсетін едік...

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар