Руханият • 05 Қазан, 2018

Сағатбек Медеубекұлы: Ақпарат алаңы – бәріне ортақ

1687 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
Сағатбек Медеубекұлы: Ақпарат алаңы – бәріне ортақ

– Еуропалық жоғары білім жүйе­сі қазақстандық білім жүйесін құр­дымға кетіре бастады деп дабыл қақ­қанымен, басқа мамандықтармен са­лыс­тырғанда қазақстандық журналистика факультетінде білім алатын жастар әл-әзірге шетел универ­си­теттеріне ағыла қойған жоқ. Бұл жақ­сы ма, жаман ба?

– Журналистика мамандығын таң­даған кез келген ұл мен қыздың бойына әу бастан отаншылдық сезім, патриоттық рух, азаматтық жауап­кершілік дейтін сезімдер ерекше дариды. Өйткені екінің бірі ел алдына құлшынып шыға бермейді. Жүрегінде оты бар, тәрбиесіне көптің қамын ойлаған елдік мінез сіңірілген, ұғымына ерте бастан ұлтының  кем-кетігі мен қам-қарекеті қонақтаған ба­ла ғана осы айрықша мамандықты таңдайтын болар деп ойлаймын. Осы қасиет өздеріне дейінгі аға-апаларының бойынан жарқырай көрінген болса, ол мінез бір мысқал төмендеместен бүгінгі студенттердің де болмысынан байқалып отыр. Бойында елсүйгіштік, жерсүйгіштік мінезі басым бала ең алдымен осы елдің алдындағы парыз-қарызын ойлап жүретіндіктен, сырттың шылауына қолқ етіп түсе қоймайды. 

Кейінгі жылдары «жаһандану» деген сөзді көбірек жалаулатып жүрміз. Бірақ осы жаһандану үдерісі бүгін ғана пайда болған жоқ, ол сонау Адам ата – Хауа анадан бастау алып, бүгінге дейін жалғасып келе жатқан жаңашылдыққа ұмтылыс. Адам мен адамның араласуы, ұлт пен ұлттың ұйысуы, бірінің өркениеті екіншісін жетелеп, дамуға ден қою, табиғи үдеріске айналып кеткен қоғамдастықта өмір сүру арқылы адамзат дамиды. Цифрлы технология­ны меңгерген жастар жаһандануға, жаңашылдыққа онсыз да бейім. Кез келген техника жетістігін жылдам сіңіретін олар ойын да, кәсібін де жаңалықпен тез байланыстырып ала қояды. Өзі өмір  сүріп отырған қоғамның алға жылжуына  қызмет етуге бел буған кез келген қазақ журналисі өз кіндігінен ажырап алысқа кете қоймайды. Алыста жүрсе де оның ойлайтыны – туған елдің, өскен елдің бүгіні мен ертеңі. Ол соған қызмет етеді.

– Шиеленісі мен шытырманы көп жаңа кезеңде сол технологияны кімнің мүддесі үшін пайдаланады, ақпа­ратты қалай таратады, бүгінгі жур­налистиканың нәзік тұсы осы болып тұр ғой.

– Ұлттық журналистика арқылы ұлтты ұйыту, мемлекеттің тұтастығына қызмет еткізу жағына қарай пайдалануды әрине бірінші кезекке қоюымыз керек. Журналистиканың ең басты қағидасы – ақпарат тарату, ақпараттандыру. Жалаң ақпаратты тарату әркімнің қолынан келуі мүмкін, алайда сол ақпаратты не үшін, қандай мақсатта, нені көздеп таратады – осы сұрақ басты орында тұруы тиіс. Бүгінгі қазақ журналистикасы кәсі­билік тұрғысынан көптеген елдің журналис­тикасынан биік. Оны ортақ мақсатқа қызмет етуге жұмылдырып отырған – қазақ мүддесі, Қазақстан мем­лекетінің мүддесі. Егер әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әлемдегі ең үздік 800 университеттің ішінде 220-орынды иеленіп отырған болса, оның осы орынға лайықтылығын қамтамасыз ететін көп өлшемдерінің ішінде ең бас­ты біреуін айтпай өтпеске болмайды. Басты өлшем «университет түлектері кімдер?» деген сұрақтың жауабынан табылады. Қара шаңырақ білім ордасын бітірген түлектерінің барлығы да өз саласы бойынша биікке көтерілген тұлғалар. Әсіресе қоғам, мемлекет қайраткерлері, ұлт руханиятындағы көшбасшылардың дені осы журналистика факультетінің түлектері. Журналис­тика факультетіндегі мамандар даярлау жүйесі – өзін-өзі ақтаған жүйе. 

– Мысалы, бес мықты авиаконструкторды «газет шығар» деп шындап қолқаласа, шимайлап жүріп тәп-тәуір бір басылымның ноба­йын құрастырып берер еді. Бірақ бес мықты журналистің жабылып бір ұшақ құрастырып бере алмайтыны анық. Айтпағым, арнайы оқуын оқы­маса да, арғы жағында сәулесі, қабілеті бар бала журналист болып қалып­таса алады, ендеше оны төрт жыл бойы оқытудың қажеті қанша деген қоғамда белең алып тұрған пікірді сізге сұрақ етіп қойсам, қалай жауап берер едіңіз?

– Иә, шет мемлекеттердің көпшілігі журналистерді төрт жыл бойы оқытып, даярламайды. Францияда журналист тек магистратурада ғана оқиды. Бұл пікір кейінгі жылдары біздің қоғамда да жиі қозғалатын болып жүр. Газет, радио, тележурналистикаға бөліп оқыту тәжірибесі факультетте бұрыннан қа­лып­тасқан. Ендігі жерде бұған қоса са­лалық журналистиканың аясын кеңейтуді көздеп отырмыз. Сейдахмет Бердіқұлов, Рабат Жәнібеков, Несіп Жү­нісбаевтардың қалам-қарымымен көш түзеген спорт журналистикасына қосымша, медицина журналистикасын, ұлттық өмір сүру дағдымызға орайластырып агрожурналистиканы енгізбек ойымызда бар. Теориялық пәндерді кә­сіби іс басында жүрген тәжірибелі жур­налистердің шеберлік сабағымен толықтыра түсу – ілгеріден қалыптасқан үрдіс. Бас басылымдар мен басты арна­ларда жүрген білікті журналистер өз жиған, түйген тәжірибесі негізінде елу минут дәріс оқыса, студент үшін ең керегі де, жадында жатталып қалатын пай­далысы да сол болар. Іс басындағы білікті мамандардың келіп шеберлік сағаттарын ұдайы өткізіп тұруына ректорымыз Ғалымқайыр Мұтанов­тың қолдауымен мүмкіндік жасап жатырмыз. Мысалы, соңғы технологиялық құралдармен жабдықталған  «Қазақстан» ұлттық арнасының оқыту-үйрету зертханасы тұрақты түрде пайдаланылып келеді. Дәл осындай зертхананы біз баспасөз мамандарын даярлайтын «Егемен Қазақстан» газетінің аудиториясында жасақтасақ дейміз. Оған арнайы аудитория бөліп, күрделі жөндеуден өткізіп те қойдық. Енді сіздер жабдықтауға жәрдем  берсеңіздер, ол да журналистиканың білікті мамандарын даярлауға қызмет етеріне кәмілмін.

«Телевидениеде көңіл көтеретін жеңіл дүниелер көбейіп кетті» деп күң­кілдеп жатамыз. Телевидениені әртістер басып алса, олар журналистің қызметін  емес, өздерінің әртістік рөлін ойнап жүр. Журналистің жазып берген дайын мәтінін айташы ретінде оқып бергенімен, тек тілші ғана тұжырып, қорытып айтатын ойды әртіс ешқашан жеткізе алмайды. Журналистиканың ақпарат таратудан кейінгі негізгі міндеті сала-сала бойынша салиқалы ойға құрылған тақырыпты талдап, сараптама жасай білу өнері. Ақпараттың арғы жағындағы күр­делі, өзекті мәселені тарқатып бе­ру шеберлігі, ой еркіндігі, жүйелеп жет­кізу, бәрі-бәрі кәсіби журналистика қа­ғи­даттарын меңгерудің арқасында ғана мүмкін болатын игіліктер екенін ұмытпауымыз керек.

– Жылдам жаңарып бара жатқан журна­листиканың ақпарат тарату міндетінен өзге неше буын журналис­терге оқытылған көптеген жанрлар уақытпен бірге ескіре бастағаны бай­қалады. Соның бірі – публицистика, көсе­м­­­сөз жанры. 1990 жылдардан ке­йін өте өткір көрінген көсемсөз дәл­ қазір сондай тегеурінділігін, та­ны­мал­­­­дығын жоғалтуын немен бай­ланыс­тыр­ған болар едіңіз?

– Көсемсөзде көсіле шауып, қоғамға керек ойды қозғап жүрген кең тыныс­ты тілшілер қазір де бар. Бірақ айтқан ойыңның, сын-ескертпеңнің нәтижесі көзге көрінбесе, құмға сіңген судай болып, алдаспандай сөзің аяқасты құн­сыз, құрғақ күйінде қалып жатса, ол кімді қызықтырмақ? Бүгінгі көсем­сөздің қызыл сөз күйінде, жауапсыз, жансыз болып уа­қыт қалтарысында ұмытылып жатқаны өкінішті, әрине. Баспасөзде парасатпен, пайыммен сын айтылса, ертеңінде-ақ парша-паршасын шығаратын баяғы пәрменділік қуаты кеміп барады.  Кезінде ұлт көсемі А.Байтұрсынұлы айтып кеткен тұжырымдамалар бүгін де өзектілігін көрсетіп отыр. Ол өзгермейді және бүгінге де керек. Алаш арысы айтқандай, қазақ ұлттық журналистикасының тео­рия­сын қайта қарау, қайта тұжы­рым­дау қажеттілігі бүгінде өте-мө­те бай­­қала­ды. А.Байтұрсынұлы «Әдебиет­таныт­қышында» «ауызша айтылса шешен сөз, жазбаша болса көсемсөз» деп, жанр жағы­нан жіктеп, айқындап беріп кетті. Сол Ахаңның көсемсөзін публицистикаға бала­масөз етіп алдық та, шешенсөзін мүл­де ұмыт қалдырдық.  

– «Шешенсөз» дегені не, тарата айт­­саңыз.

– Ауызша публицистика.  Қағазға қарамай, ауызша айту өнері құлдырап кетті. Газет-журнал шықпай тұрғанда қа­­зақ ақпаратпен қалай алмасты? Айту­шы мен тыңдаушының арасындағы бай­ланыс арқылы ұшан-теңіз рухани мұрамыз сақталып қалды. Ұлтты бірлікте ұстайтын, ұйыстыратын күші мығым болды. Айту мәдениеті де, тың­­­дау мәдениеті де бізде өте биік дең­гейде дамыды. Бірақ кейінгі бір кезең­дерде мінбеде сөйлеген биік лауазымды адамның өзі қағазға қарап шұқ­шимаса, құлақ құрышын қандырып сөйлей алмайтын жағдайға келді. Бүгінгі күні байқап жүргеніміздей, ел алдына шыққан зиялыларымыздың көпшілігі қағазсыз-ақ ойын еркін, жүйелеп айтуға үйреніп келеді. Демек жадыда тоқылған, қанымызда бар айташылық өнер қайта оянып келеді деген сөз. Тіпті қазақ хал­қының шешендігі ым-ишарасының өзінен де байқалады. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында «Ымды білмеген дымды білмейді» деген қолжазба сақтаулы тұр. Сол қолжазбада бұған мысал жеткілікті. 

– Бүгінгі күні әлеуметтік желі бел­сен­ділері, блогерлер, түрлі идеяны ту еткен салалық интернет сайттар жур­налистикамен бәсекелесе алатын қабі­летін көрсетіп келеді. Осылардың орта­сында кәсіби журналистика өз орнын қалай айқындай алады?

– Журналистика екінің бірінің қол­жаулығы емес. Рас, бастапқыда жел­ сөз қуып, желөкпелік танытып, өш алып, қарымта қайтаратын алаң секіл­ді ­көрінгенімен, қазір ол мінезінен бір­тін­деп арылып, әлеуметтік желілерде парасат пайда бола бастады. Арасында тапсырыс орындайтын блогерлер де бар шығар. Бірақ ақпарат алаңы – бәріне ортақ. Сырт қарағанда бұлардың әрқайсысы жеке-дара әрекет етіп жатқан сияқты, шынтуайтында, бірін-бірі сергектікке үйретіп, сауатты бәсекелестікті арттырып, кәсіби журналистиканың деңгейін өсіреді. Ақпарат тарату, ақпаратқа жауап беру мәселесі жедел артты. Қоғамдағы құндылықтар өзгеріп келе жатқан соң ақпаратты беру, жеткізу әдісі, піші­ні де өзгереді. Бір-біріне қарап бой тү­­зеп, өркендеп келе жатқан ақпарат та­сы­мал­даушылардың ішінде ұлттық журналистиканың бәсі бәрібір биік, ұпайы түгел.

– Белгілі өнер зерттеушісі Бағыбек Құн­дақ­баев сізді театртану ісіне бір кісі­дей баптап, баулыған екен. Театр­тануды қол көрмей кетуіңізге  фоль­клор мен этнографияны биіктеу қой­ға­ныңыз себеп болды ма?

– «Өнер» баспасында жүріп аспи­рантураға тапсыруға ниет еттім. Ол кезде қазақ театртану ғылымы қазақтілді жас маманға аса зәру еді. Театр қойы­лымдарынан қалмай баспасөзде, спектакльдер жөнінде жазған мақалаларымды қадағалап оқып жүретін Б.Құндақбаев, К.Уәлиев, З.Серікқалиев, Қ.Қуандықов, Ө.Күмісбаев ағаларымыз «театртануға ма­ман керек, мына бала бұл  саланы сөзсіз меңгеріп кетеді» деп мені аспи­рантураға қабылдады. Сол жылдары Стани­славскийдің, Мейерхольдтің, Неми­рович-Данченконың еңбектерін тұтас оқып шықтым. Мәскеуден шыға­тын «Театр» журналының тұрақты оқыр­­манына айналдым. Оқығанымды өзіміздің авторлардың жазғандарымен салыстырамын да қайран қаламын. Театр туралы жазылған қазақ тіліндегі мақалаларда баяндау, суреттеу жағы басым екен де, орыс театртанушыларының жаз­баларына талдау тән екен. Ал тарқа­тып айтуға келгенде ғылыми тұжырым, тео­рия, термин мүлде қалыптаспаған қа­зақ театртану өнері осы тұста өзінің әлсіз екенін анық көрсетіп алады. Сонда арғы жағы бос, айналасы тақыр жерде мен қалай театр­танушы болмақпын? Мені қинағаны осы болды. Арым жібермеді. Ғылыми тақырыбыма ТЮЗ-дың тарихын бекітіп берген еді. Сөйтсем оны менен бұрын «Жастық шақтың театры» деп Файзулла Оразаев ағамыз жазып қойған екен. Зейін қойып, зерттегеніммен менікі тек қайталау ғана болып шығатыны анық еді. Ақыры ай толғанып, апта ойланып, директордың атына 7-8 беттен тұратын хат жазып, театр­тану маманы болудан бас тарттым. «Жетектеген тазының түлкі алмай­тынын» білді ме, Бағыбек ағам қолым­нан жетектеп «мына жігіттің театрдан гөрі ауыз әдебиетіне жақындығы бар» деп мені Мырзабек Дүйсеновпен таныс­тырды...

– Сіз ғылымдағы жолыңызды тер­­­­ме өнерін зерттеуден бастап, кан­ди­­дат­тық диссертацияңызды да осы тақырыпта қорғаған екенсіз. Осы­дан отыз-қырық жыл бұрын терме өн­е­­­рін жұрт өте жылы қабылдаса, кейін­гі жылдары қанатын жая алмай, қал­та­рыста қалғандай көрінетіні бар. Неге?

– Ол кезеңде терме өнерінің өзекті, өткір болатын жөні бар еді. Терме – ұлттық сананың жиынтығы. Теледидар ертелі-кеш «партия» деп сайрап тұрса, басылымдар ұлттық санаға ұнамды ұлтарақтай хабар беруге жарамай тұрса, ақылға, нақылға құрылған, өсиет-үлгіні жырлаған термені тыңдамағанда қайтеді ел? Ұлттың рухын оятуда терме мен айтыстай рөл атқарған өнер түрі кемде-кем. 1980 жылдардың басынан бастап терме тыңдау дәстүрі керемет жаңғырды. Тіпті Көкен Шәкеев ақсақалымыз басқарған термеші, жыршылардың арнайы одағы да құрылғаны есімізде. Соңғы уақытта терме өнерін насихаттауға бағытталған байқау өткізіліп жүргенін байқап жүрмін. Алайда терме мен толғауды ажырата алмайтын жастар көбейген кезеңде бұл өнер жарнамаға сусап-ақ тұр. Бүгінгідей иін тіресіп интернеттің соңынан кетіп бара жатқан жас пен кәрінің бетін бір қайтарса, айтыс, жыр, терме секілді ұлттық өнеріміз ғана қайтара алатынына ішкі түйсігім бәрібір сеніп тұрады. 

– Өзіңіз де аға жасына келдіңіз. «Аға­лар­дың алақаны» деген қазақ үшін өте жылы, қадірлі бір сөз бар. Ру­­ха­ни жетілуге септігі тиген қай аға­­ла­рыңызды ризашылықпен еске ала­­сыз?

– Дәркембай Шоқпарұлы ағамның орны айрықша. «Ұлт» деген сөзді ес­тісе үрпие қалатын кеңестік кезең­де Бауыржан Момышұлы, Шона Сма­ханұлы, Балғабек Қыдырбекұлы және Дәркембай Шоқпарұлы деген нар тұлға­лардың тегіне тіркелген «ұлы» сөзі «ұлт» ­деген ұғымды еске салып тұратын ерлік­пен пара-пара іс еді. Дәркембай аға қазір­гі Достық даңғылының бойындағы аядай ғана екі бөлмелі үйде тұратын. Үйге кіргеннен кейін көретін кереметің – қабырға толы сыңсыған кітап. Үйдің алақандай ғана ауласы бар, соған киіз үй тігіп қояды. Сонда құрал-саймандары, жабдықтары бар киіз үйді шеберхана жасап, шәкірттеріне үйретуден шаршамайтын Шоқпарұлы ағамызды көретін едік. Бүгінгі тілмен айтқанда, «ұлттық кодын» іздегендер Дәркембай ағаның үйін іздеп табатын. Тіпті қазақ өмірімен танысқысы келетін шетелден турист келсе де шенеуніктер Шоқпарұлының үйіне бастап баратын. Қолөнерге қатысты ұмыт болған, жадыдан өше бастаған бұйым мен жәдігерлер өз алдына, сол заттардың атауын жаңғыртуда Дәркембай аға секілді еңбек сіңірген адам кемде-кем. Ес білгеннен әжемнің бауырында өсіп, сол кісінің ою ойғанын, өрмек тоқығанын, киім пішетінін, әкемнің күй тартып, шешемнің ән салатынын көргенім өз алдына, санам түгілі, бақайшағыма дейін сіңген сол ұлтшылдық мені Дәркем­байға өзі жетелеп апарған сияқты. Ақын­дығы бар, зерттеушілігі өз алдына, жазбаса отыра алмайтын ұстазымның сан қыр­лы қасиеті маған қосымша қуат берді.  Анамның аузынан 45 қара өлең жазып алдым, әкем апта демейін, ай сайын жаңа бір күй үйрететін. Үйге қонақ келсе, ет пен шайдың ортасында меймандарға күй тартып беріп, көкірегімде үнемі күй ойнап тұратын мені тағдыр Жәнібек Кәрменовпен жолықтырғанда, түпсіз терең қазынаға кезігіп, кеңірдегімнен мелдектеп қалғандай күй кешкенім рас. Өте көп оқып, көп ізденетін Жәкең шешіліп бір сөйлегенде, солардың қасында жүргендей сипаттап, суреттегеніне еріксіз ұйып, рахаттанатын едік. Шын сиректің өзі еді. Халық жауы болып кеткен Қапез Байғабыловтар туралы дерек іздеп жүрген кезім ғой, ағамыздың аузынан өнерге қатысты неше түрлі құпия сырларға да қанық болдым. Сол тұста «Халық композиторларының әндері» және «Қазіргі заман композиторларының әндері» деген екі томдық антология құрастырылып жатқан еді. «Соған Қапездің әндерін де кіргізсек» деп Жәкеңе өтініш айтып едім, «ойбай-ау, Сәкен-ау, оны айтпайды, орындайды!» деді өзінің сырбаздана сөйлейтін мақамына салып. 

– «Қапез» демекші, сол алмағайып заман­да авторларымен қоса 500-ден аса ән де «сотталды» деп естіп едік. Мы­салы, Мағжанның «Сен сұлу» әні Май­шекинге телініп немесе басқа да халық жауы болған ақындардың әні ар­найы қаулы негізінде қолды болып, халық әндері қатарына қосылып кетті. Жәнібек ағамыз сол әндердің тари­хы туралы білетін бе еді?

– Екі томдық ән антологиясын құрастыру кезінде өнер төңірегінде жүрген музыка зерттеушілері, композиторлар, дәстүрлі ән өкілдері арнайы комиссия құрып, қолды болған ән туралы мәселе көтеріп, көптеген әнді талқыға салды. «Халық әні» атанып кеткен Уайыстың, Жағыпердінің, Сәдіқожаның мұралары туралы сөз қозғалды. Айту мәнеріне, сөз саптауына, ән өрнегіне, ырғағына, дыбыстық-диапазондық ауқымдылығына қарап, «анау ән мына автордыкі сияқты» деген ойды расында да, Жәнібек аға басқаларға қарағанда көбірек долбарлайтын. Сол комиссия жұмысының нәтижесінде халық әні болып айтылып жүрген «Аққұм» әні өз авторы Ахмет Байтұрсынұлына қайтарылды. Әлі есімде, сол кезде басы үлкен дауға іліккен әннің бірі «Бекзатым-ай» болып еді. «Кекілін кескен кер атым-ай, Кішкентайдан бірге өскен бекзатым-ай» деп сызылта салатын бәріміздің құлағымызға бала күннен сіңісті болған майдақоңыр әнді Жәнібек аға «Сәдіқожаның әні» деп бірден батыл байлам жасады. Бірақ басқа кісілердің «бұл халық арасына ертеректен тараған ән, халықтыкі болып кеткен ән көптің қазынасы болып қалсын» деген пікірі басымдау болып шықты. Қолдаушылары табылмағаннан кейін, Жәнібек аға «жарайды, уақыттың өзі дәлелдеп шығады ғой, асықпайық онда» деп тоқтам жасады.

– Музыка жанашырлары әнге арашашы болып, ақтап алып жатқанда «Же­­­­­тісу өлкесінің ән-жыры неге жұ­таң?­ Бұл аймақ ән мен күйге неге ке­­­дей?» деген сұрақ қойылмады ма?

– Қызық жағдай бар. «Жетісу ақын­­­дары мен әншілері» дегенде Жамбыл ата­лады да, оның жан-жағы тым-тырыс күйінде қалады. Тіпті жыр алыбының мұ­расы да толық жүйеленіп, қағазға түсе алған жоқ. Кененнің өзі кейінірек аталды. Ал бұлардың арғы жағында кімдер бар? Шыны керек, Жетісудың әрбір әнін, ұмытылуға айналған ұлтарақтай мұрасын жаяу-жалпылап, жанкештілікпен жүріп жинадық. Сонау 1988 жылдан бас­тап біз бірнеше мәрте Жетісу өлкесі бо­йынша этнографиялық экспедиция­лар ұйымдастырдық. Нәтижесінде 300-ден артық ән мен күй жинақталды. Жетісудың ақын-композиторларының қатары Шалтабай Алпарұлы, Қапез Бай­ғабылұлы, Рыскелді Сауданұлы, Әбен Атамқұловтардың есімімен толық­ты. Ұстазым Р.Бердібаевтың «Ха­лық университеті сабағында» айтылмай келген ақындар мен әншілердің әнде­рінен лекция-концерт өткіздік. «Қайта оралған Қарқара сазы» атты концерт ұйымдастырып, ел ішіндегі Жетісу ән­­дері мен күйлерінің бір иірімін де бұзбай бүгінгі күнге аман-есен жеткізген құймақұлақ қарт орындау­шыларын тұтас шақырып, жұрт алдына шығарып, әндердің шығу тарихымен таныстырдық. Базаралы Мүптекеұлы алты ай бойы табылған әндердің бәрін нотаға түсіріп, қайдан табылғанын, қалай жеткенін, тұтас айқындамасын жасап, академиялық жинақ етіп екі том әзірледік. «Жетісу ақыннан кенде емес, алдымен әндерін жарыққа шығарып алайық» деп, 1998 жылы осы жинақты жария еттік. Соның негізінде Жетісудың ән мектебі, күй мек­тебінің іргесі нығыздалып, жоғары оқу орындарында тереңдетіліп оқытыла бастады. Жетісу әндерін нотаға түсіріп, жинақтауда әнші Ғалымжан Досанұлы да көп еңбек сіңірді. Жетісу жері – арысы алты Алаштың жерұйығы, беріде  қазақ халқының тағдыры талай талқыға түскен жер. Атадан балаға өзгеше нақышпен жал­ғасқан Жетісудың музыкалық мәдени бай мұрасын ескі сарынымен сабақтастыра түсетін күн әлі алда деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет. 

Әңгімелескен Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ