Білім • 05 Қазан, 2018

«Калькулятор қыз»

449 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ментальды арифметика бойынша ең ұзақ математикалық эстафета Әлемдік рекордтар кітабына енгізілді. Бұл туралы ақпаратты «Хабар 24» арнасы бөлісті. 

«Калькулятор қыз»

Ақтау қаласының тұр­ғыны, алтыншы сынып оқушысы Орынгүл Арыстан ментальды арифметика бойынша әлемдік рекорд орнатқан команда құрамында болған. 26 минут, 26 секунд және 12 миллисекундта балалар 30 мың есеп шешкен. Сайыс екінші Еуразиялық әйелдер форумы аясында Ресейде өткен, әлемнің шартарапынан 150 оқушы қатысқан.

Орынгүл Арыстан ментальды математикамен бірнеше жыл бойы шұғылданып жүр. Арифметикалық есептерді тез шешу қабілетіне байланысты Орынгүлді жанындағылар «калькулятор қыз» деп атап кеткен. Байқауға қатысу үшін бір ай бойы күніне екі сағаттан дайындалған. «Сайыс бірнеше кезеңнен тұрды. Эс­та­фета ке­зінде бір-бірімізге қарындаш бе­ре отырып мысалдарды орын­­дадық»,  дейді О.Арыстан.

Ментальды арифметика бойынша оқытушы Қарлығаш Әбдірайымова тарихтағы ең ұзақ математикалық эс­тафета Әлемдік және Азиялық рекорд­тар кітаптарына жазыл­ғанын айтады.

Ал Орынгүл болашақта математик емес, дәрігер болуды армандайды. Болашақ дәрігер үшін жан-жақты болу ешқандай кедергі келтірмейді деп ойлаймыз.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»