Қазақстан • 05 Қазан, 2018

Жолдау жолдары жігерлендіреді

490 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасы жергілікті тауар өндірушілерге  үнемі қолдау көрсетіп келеді. Президенттің халыққа арнаған кезекті Жолдауынан осы қамқорлықты аңғару қиын емес. Тарихи құжатта қазақстандықтардың әл-ауқатын, өмір сапасын жақсартудың келелі міндеттері ұсынылып, оның ішінде шағын және орта бизнес саласын дамытудың ұтқырлы жолдары нақты айқындалды. 

Жолдау жолдары жігерлендіреді

Мұндағы  экономикалық саясаттың басты бағыты– отандық өнімдер мен тауарлардың сыртқы нарықтағы үлесін молайту. Осыған орай  Үкімет пен Ұлттық банкке  басым бағыттағы өндіріс саласын, шағын және орта бизнесті несиелеу үшін 600 миллиард теңге бөлуді тапсырды. Бұл ұсыныс солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер тарапынан да  қызу қолдау тапты. 

Қазақстанның дағдарысқа қарсы мүмкіндіктері зор екенін дәстүрлі тарихи құжат тағы бір айғақтап берді. Бұған дейін қабылданған стратегиялық шешімдер мен нақты іс-қимылдардың арқасында кәсіпкерлік сала ұлттық экономиканың жетекші күшіне айналып, онымен айналысушылардың қатары көбейіп келеді. Десек те, бұл бағытта әлі де басымдыққа жете алмай келе жатқанымыз жасырын емес. Әсіресе, шикізатты өңдеу,өндіру және өткізу, тың технологияларды игеру жағынан шетелдік әріптестерімізден үйренеріміз аз емес. Осы себепті бұл салаға мемлекеттің  қаржы ресурстарын тарту өте маңызды. Бизнес-ортаны түбегейлі жақсартуда, кеңейтуде отандық тауарлар мен өнімдердің орны бөлек екені ешқандай талас тудырмаса керек. Бүгінде  шағын және орта кәсіпорындардың еліміздің ішкі жалпы өніміндегі үлесі 26-30 процент қана. 2050 жылға таман бұл көрсеткішті кемі 50 процентке жеткізу міндеті тұр. Олай болса, өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдауға алдағы үш жылда  қосымша 500 миллиард бөлінетінін ескерсек, мұны қуатты елдің тірегі саналатын кәсіпкерлік субьектілерін өркендетудің, игі істерге ынталандырудың, инвестициялық ахуал қалыптастырудың , жаңа жұмыс орындарын ашудың, ауылдықтарды тұрақты еңбекпен қамтамасыз етудің бірден-бір көзі деп ұққан абзал.

Мен осы салаға көптен бері атсалысып келемін. Бір аңғарғаным, базарларда, дүкен сөрелерінде шетелдің өнімдері  самсап тұр. Көздің жауын алады. Деншілігі көрші  Ресейден жеткізіледі. Былай қолжетімді көрінгенімен, сапасының төмендігіне, ал жергілікті азық-түлік тағамдарының экологиялық тазалығына жұртшылық мән бере бермейді. Кәсібін енді бастаған жандар қаржылық жағынан шамасы келмегендіктен, бәсекелестікке төтеп бере алмасы анық.  Билік орындары тарапынан бюрократтық кедергілер де аз емес. Елбасының Жолдауы кәсіпкерліктің инновациялық белсенділігін нығайтудың қаншалықты маңызды екенін, ел экономикасын тұрақтандырудағы өзіндік орнын анық ұқтырды.

Сермұханбет АХМУДДИНОВ,

«Ахмуддинов» жеке кәсіпкерлігінің директоры.

Солтүстік Қазақстан облысы,

Қызылжар ауданы.