Бокс • 05 Қазан, 2018

GGG Джермалмен жұдырықтасады

189 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) орта салмақтағы әлемнің экс-чемпионы, Қазақстанның әйгілі былғары қолғап шебері Геннадий Головкинді алдағы уақытта АҚШ-тың өрені Джермалл Чарломен жұдырықтасуға міндеттегені белгілі.  Ал GGG-нің болашақ қарсыласы жайында біз не білеміз? 

GGG Джермалмен жұдырықтасады

АҚШ-тың Техас штатындағы Ричмонд деп аталатын шағын ғана қалада тұрып жатқан Чарлолар отбасы 1990 жылдың жаймашуақ көктемінде қуанышқа кенеледі. Атап айтсақ, 19 мамыр күні шекесі торсықтай қос нәресте дүниеге келді. Ата-анасы бірінің атын – Джермалл, екіншісін – Джермелл деп атады. Бала кездерінен бокспен шұғылданғана бастаған егіз ұлдар уақыт оза өз қатарластарының алды болып, үлкен аренада ауыз толтырып айтарлықтай табысқа қол жеткізеді.  

Геннадий Головкинге қарсылас атанып отырған Джермалл Чарлоның 2008 жылы Бейжіңде алауы тұтанған Олимпия ойындарына қатысуға мүмкіндігі болды. Алайда дәл сол жарыстың қарсаңында қолынан қатты жарақат алған ол ғаламдық додадан шет қалды. Содан Чарло кәсіпқойлар арасында күш сынасуға бел буды. Бұл ретте қадамы сәтті болды. 10 жыл аралығында 27 кездесу өткізген Джермалл сол жекпе-жектің барлығын жеңіспен аяқтады. 21 қарсыласын айқын басымдықпен ұтты. Соңғы жылдары айтулы боксшыға есе жібергендер қатарында Майкл Финни, Корнелиус Бандрейдж, Остин Траут, Джулиан Уильямс, Хорхе Хейланд, Уго Сентено сынды саңлақтар бар. Бүгінгі таңда Джермалл Чарло WBC нұсқасы бойынша орта салмақта уақытша әлем чемпионы атағын иеленіп отыр.

Егіздің сыңарына келетін болсақ, ол 2015 жылы Дүниежүзілік жасөспірімдер Олимпиадасында қола медальді иеленді. Ересектер рингінде де тәуір жұдырықтасты. 2007 жылдан бері  Джермелл кәсіпқойлармен айқасып жүр. Сол кезден бері 31 рет шаршы алаңға шығып, барлық бәсекеде жеңіске жетті. 15 қарсыласын нокаутпен ұтты. Қазіргі кезде ол WBC нұсқасындағы бірінші орта салмақтағы әлем чемпионы.

Бүкіләлемдік бокс кеңесі Геннадий Головкин мен Джермалл Чарлоны бір-бірімен жұдырықтасуға міндеттегенімен, сан миллион жанкүйерді бұл бәсекеден гөрі қазақстандық өрен мен мексикалық Сауль Альварес арасындағы айқас көбірек қызықтыруда. Қазіргі кезде төрткүл дүние жұртшылығы дәл сол жекпе-жекті тағатсыздана күтуде. Күні кеше БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Джермалл Чарло осыған байланысты өз ойын білдірді. «Егер қос тарап ортақ мәмілеге келіп, GGG мен «Канело» арасындағы үшінші кездесуін ұйымдастырылатын болса, менің оған еш қарсылығым жоқ», – деп мәлімдеді.   

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»