Қазақстан • 05 Қазан, 2018

Мәртебелі мамандық өз мінбесіне шығады - Захот Мұхлисова

458 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жыл сайынғы Елбасы Жолдауын ерекше ыждағатпен, үміт пен қуанышқа толы сезіммен күту дәстүрге айналғаны рас. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы Жолдауы да осы үміт пен сенімді ақтап отыр.

Мәртебелі мамандық өз мінбесіне шығады - Захот Мұхлисова

Өз басым Елбасының биылғы Жолдауы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбына арналуын заңды, осылай болуға тиіс шара деп қабылдадым. Әрине, халықтың әл-ауқатының артуы қай қоғамда да маңызды. Аға ұрпақтың есінде шығар, Совет үкіметі кезінде «Барлығы адам үшін, адамның игілігі үшін» деген ұран болатын. Бірақ бүгінгі Жолдаудың мәні де, мағынасы да бұрынғы ұрандардан өзгеше.

Елбасының дәл осы мәселеге тоқталуы, акцент беруі – аяқ астынан туған ой емес. Қазақстан бүгінгі жетістігіне, ертеңгі жоспарына үлкен дайындықпен, нақты іспен келіп отыр. Естеріңізде болса, біздің 1995 жылы қабылдаған Конституциямыздың 1-бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған болатын. Осы жердегі «әлеуметтік мемлекет» дегеніміздің мағынасы – Қазақстан азаматтарының әлеуметтік тұрмысын көтеру, әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік маңызы бар мәселе дегендік еді. Міне, сондықтан да ел тұрғындарының әлеуметтік тұрмыс сапасын арттыру мәселесінде мемлекет өз мойнына үлкен жауапкершілік алып отыр.

Әрине, бұл Жолдауда қадау-қадау мәселелер көтерілді. Соның ішінде өзімнің жаныма жақын, жүрегіме жылы тиген білім саласында болатын өзгерістерге тоқтала кетейін. Бәрімізге белгілі, тоқсаныншы жылдары Қазақстанда сапасы күмәнді «жоғары оқу орындары» қаптап кетті. Осы ЖОО-ларды лек-легімен бітірген «заңгерлер» мен «экономистер» қоғамда орнын таппай, қызметсіз сенделіп жүрді. Шынын айту керек, бұл мамандарды даярлауға мемлекет тарапынан қыруар шығын мен уақыт та кетті. Бүгінде мұның зардабын түсіндік. Мемлекет білім саласына шынайы бет бұрды. «Бізге нақты қандай мамандықтар керек?», «Қоғамда, нарықта қандай маманға сұраныс бар?» деген сауалдар көтеріліп, тікелей соған бейімделе бастадық. Мысалы, әлемнің ең үздік 100 оқулығын мемлекеттік тілге аудару – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шынайы мақсатын көрсететін нақты істің бірі.

Президент осы жолдауында «Мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту керек» деген нақты тапсырма беріп отыр. Ойлап қараңызшы: патриоттық – балабақшадан басталатыны рас қой. Бұл ең алдымен мектепке дейінгі білім беру саласында жүрген педагог кадрлардың біліктілігін көтеру мәселесін де қозғайды.

Келесі жылы Елбасының тапсырмасымен «Педагог мәртебесі туралы» Заң әзірленетін болды. Біз осы кезге дейін «мұғалім мәртебесі төмендеп кетті» дегенді әртүрлі эмоциямен айта беретінбіз. Ал егер мұндай заң қабылданса, эмоцияға орын қалмайды! Мұндай Заң Қазақстан Республикасындағы педагог кадрлардың мәртебесін, құқығы мен міндеттерін нақты белгілеп, қоғамда үлкен өзгеріс болады деп ойлаймын. Осы заңда «педагог» деген құрметті атаққа кімдер лайық болатыны да нақты көрсетілуі тиіс. Осылайша «мұғалім» деген мәртебелі мамандыққа қоғамның көзқарасы өзгеріп, осы мамандықты алып жүрген әріптестерімнің де жауапкершілігі арта түсері сөзсіз.

Шынымды айтайын, Елбасының биылғы Жолдауы мені ерекше толқытты. Өмір жолымызда талай сыннан өттік, қаншама жауапты қызмет атқардық. Біраз атақ-абыройға да жеттік. Бірақ соның ішінде мені «Мұғалима Мұхлисова» деп атаса, сол менің жаныма ерекше жылы тиеді. Өйткені, мұғалім – ең мәртебелі мамандық қой.

Захот МҰХЛИСОВА,

«БҚО Үкіметтік емес ғылыми қоғамдық ұйымдары» бірлестігінің төрайымы,

Орал қаласы