Қазақстан • 08 Қазан, 2018

Жастарды жігерлендірген Жолдау

602 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанада Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университетін­де «Өмір сапасы: Жастар міндеті мен жауапкершілігі» атты республикалық жастар форумы өтті.

Жастарды жігерлендірген Жолдау

Шараның басты мақсаты – ел жастарын Президент Н.Назарбаев Жолдауын талқылап, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға белсене қатысуға шақыру. Қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті мен ЕҰУ ұйымдастырған форумда елорда жастарының 700-ге жуық белсенді өкілдері қатысты. Ашық диалогтық алаңда бас қосқан жастар бүгінгі күннің проблемалары мен өзекті тақырыптарды ортаға салды.

«Еуразия ұлттық универси­теті − 24 мыңдық ұжым. Бұл ұжым студенттерге білім арқылы отан­шылдық һәм азаматтық пози­цияны үйретуге жұмылып отыр. Өйт­кені тәуелсіздіктен бергі ширек ғасыр­дан астам уақыт белесінде біз өзімізге баға беріп, өлшемдерді анықтауымыз керек. Бүгінгі жастардың міндеті − жеке жауап­кер­шілік қана емес, мемлекеттің, елдің жауап­кер­шілігін қоса сезіну. Біз өмірдің, қоғам­ның, әлемнің айнасына қарайтындай кезеңге келдік. Ол айна бізден сәт сайын жеті­луді және жауапкершілікті талап етеді. Ал енді жастар біздің қоғамымызда қандай қажет­тіліктер болса, соған сай жауап беруі тиіс. Ол жауапкершілікті атқарушы билікке ар­тып қоймай, қоғамның әрбір мүшесі сезінуі тиіс», деді ЕҰУ проректоры Диқан Қамзабекұлы. 

Ал Жастар және отбасы істері комите­тінің төрағасы қызметін атқарушы Асхат Раздықұлы «2015 жыл «Қазақстан халқы Ассамб­леясының» жылы болғанда әр аймақ­та Достық үйлері ашылды. 2019 жылы Қазақ­станның әр аймағында Жастар үйлері ашылса деген үміт бар» дей келе, ауыл және қала жастарына арнал­ған арнайы жобаларға қатысты ұсыныстарды қабылдауға әзір екенін жеткізді. 

Форум барысында сөз ал­ған кезекті спикер Парламент Мә­жілісінің ең жас депутаты – Геннадий Шиповских. «Біз Пар­ламенттің ғана емес, халықтың өкіліміз. Халықтан шыққан үнге үнсіздікпен жауап беру дұрыс емес. Сондықтан осындай ашық диалогтық алаңдарда жиі бас қосып, өзекті проблемаларға бәріміз бірге атсалысайық», деді ол. Сондай-ақ Мәжіліс депутаты балалық шағына шолу жасап, өткен күннің есте­лік­терімен бөлісті. Бүгінгі күнге үлкен еңбекпен жеткенін тілге тиек етті. Форумға жиналған жастарды ынталандырып, үлкен өмірге табандылықпен қадам басу хақында ой тастады. Форумның өзге спикерлері «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, «Нұр-медиа» холдингі директорының орын­басары Максим Споткай, Еуразия гума­ни­тарлық инсти­туты­ның Жастар ісі жөнін­дегі комитетінің төрайымы Нұргүл Тыр­нахан шара барысында ой-пікірлерін ортаға салып, бұл Жолдауды жастар жүзеге асыруы тиіс екенін ерекше атап өтті. 

Шара барысында «Оратор» пікір-сайыс клубының прези­денті Иса Тоқтыбаев «Заман­дас­тарым­ның халық­ара­лық деңгейде мол тәжірибе алып, әлем студенттерімен етене араласса деген тілегім бар. Маслоу пирами­дасындағы ең төменгі қажеттіліктің барлығы қам­тылатын болса, жастар Маслоудың келе­сі деңгейіне өтіп, рухани даму­дың алғы­шарттарын игереді деген ойдамын», деді. 

Форумның келесі қатысу­шысы «Жас Ұлан» балалар мен жас­өспірім­дер ұйымы» төр­айымының орын­басары Бекарыстан Аманжолов. Бека­ры­стан­ның айтуынша, әрбір адам өз басындағы жауапкершілікті өзгеге артудан аулақ болуы керек. Қазір­гі та­ңда әлеуметтік желіге әр­түрлі мәс­е­л­е­ні көтеріп пост жаз­ғаннан бөлек, сол мәселеге мен де жауаптымын деп қарауы тиіс. «Адамдардың көкейінде «Азаматтық жауапкершілік» деген түсінік толық қалыптас­қан­да ғана біз мәселеге бейжай қарауды доғарамыз. Одан өзге жастардың шәкіртақы мәселесін қарастыру керек. Ізденушілер оқу процесі кезінде жұмыс жасау сынды өзге мәселелермен бас қатырып жүреді. Демек ең төменгі жалақыдан да төмен шәкіртақы алатын студент­тің қаншалықты білімді болатыны өзекті сұрақ», деді Бек­арыстан. «Жастар жылында» инновация­лық жаңалықтардан құр қалмай, зерттеу нысандарына күш салу керек. Сон­дай-ақ Скандинавия, Норве­гия елдеріндегі «әлеуметтік кәсіпкерлікті» мысал етіп, жас­тардың тың жобаларын жүзеге асыру жайында сөз қозғады. 

Форум соңында студенттер сұрақ қойып, ой-пікірлерін ортаға салды. «Бой емес, ой жарыстыратын» заманда жастардың сын тұрғысынан ойлау қабілеті мен бәсекелестікке деген ынтасы жоға­ры болуы шарт. Бойда жастық жалын мен жігер барда, Елбасымыз діт­теген жолда нәтижелі жұмыс атқарылады деген үміт басым. Елбасының Жолдауын жас ұрпақ қолдап, екі аяғына нық тұр­ған мүм­кіндігі мығым мемлекеттің бола­шағы жарқын боларына сенім зор. 

Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»