Конференцияда математика, информатика және ақпараттық-математикалық модельдеудің өзекті мәселелері, сонымен қатар, жаратылыстану пәндерін сапалы оқыту, цифрландыру және ақпараттандыру, ақпараттық және есептеу техникасының дамуының жай-күйі мен келешегі, «Информатика» пәнін зерттеудің мақсаты мен мазмұны, инженерлік білім барысы талқыланды.
Конференция жұмысына Мәскеу педагогикалық мемлекеттік университетінің ректоры, Еуразиялық педагогикалық университеттер қауымдастығының президенті Алексей Лубков, Еуразиялық педагогикалық университеттер қауымдастығының (EAPU) атқарушы директоры Эдуард Никитин, Помор академиясының ректоры, профессор Збигнев Осадовский (Польша, Слупск қ.), Педагогикалық университетінің құрметті ректоры Hans Schachl (Австрия), Хачатура Абовян атындағы Армян мемлекеттік педагогикалық университетінің құрметті ректоры Србуи Геворкян, РБА корреспондент-мүшелері, МҚПУ, В.П.Астафьев атындағы Краснояр мемлекеттік педагогикалық университеті, ПМҰЗУ, М.В. Ломоносов атындағы ММУ университеттерінің профессорлары және Қазақстан жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.
Іс-шара аясында «Педагогикалық STEM-парктің» ашылу салтанаты өтті. Кеңейте айтқанда, STEM – Science, Technology, Engineering, Math бағыттарының басқы әріптерінің құрылымы, ал «Педагогикалық STEM-парк» – білім беру, ғылым және бизнес жүйесіндегі әріптестіктің жаңа форматы.
Конференцияның ашылуында ректор Такир Балықбаев Қазақстанның педагогика саласындағы жетекші ғылыми және білім беру орталығы болып табылатын Абай атындағы ҚазҰПУ-дың жетістіктері мен әлеуеті туралы баяндап, конференция тақырыбының өзектілігіне тоқтала келе алдағы кезеңде шетелдік әріптестермен бірлесе дайындалған жаңа оқу жоспары жүзеге асатындығын атап өтті.
Конференцияның бірінші бөлімінде Tamagawa university профессоры Seiji Moriya (Жапония), профессор РҒА академигі, педагогика ғылымдарының докторы, Омбы мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры Михаил Лапчик, физика-математика ғылымдарының докторы, Пермь мемлекеттік ұлттық зерттеу университетінің профессоры Евгений Хеннер, ММПУ профессоры Сергей Григорьев, Қазақстан Республикасы ҰҒА академигі, Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институтының профессоры Мақсат Калимолдаев баяндама жасаса, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың бірінші проректоры Мақтағали Бектемесов жетекшілік жасаған конференцияның екінші бөлімінде ғалымдар цифрлық технологияларды тиімді пайдалану жолдары, цифрлық модельдеу әдістері мен газ қоспаларында кинетикалық ауысу сипаттамасының ерекшеліктері, биология және медицинадағы кері әрекеттерді сәйкестендіру тәсілдері, жоғары білім берудегі педагогикалық өлшемдер тәжірибесіне қатысты пікірлерімен бөлісті.
Ғалымдар сонымен қатар цифрландырудың артықшылықтарын пайдалану мүмкіндіктерін, жоғары оқу орындарының оқу үрдісіне IT-технологияларды енгізуде отандық және шетелдік тәжірибені жинақтау, білім беру ұйымдарының қызметкерлерінің сапасын арттыру және жетілдіру мәселелеріне қатысты да көкейтесті жайттарды қарастырды. Бүгінде цифрландырудың әлеуеті зор. Осы тұрғыдан алғанда онлайн-курстар, тренингтер және білім алудың инновациялық әдістері жоғары сұранысқа ие.
Қазіргі уақытта тиісті зерттеулер аталған университеттегі Білім беруді және білім беру технологияларын ақпараттандыру мәселелері халықаралық ғылыми зертханасы мен «Информатика және білім беруді ақпараттандыру» кафедрасында жүзеге асуда.
Екі күнге созылған халықаралық конференция сессиясы отандық және шетелдік ғалымдар үшін білімді цифрландыру жағдайындағы көптеген маңызды тәжірибелермен бөлісуге мүмкіндік берді.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ