Аударма • 17 Қазан, 2018

Ауаны жаппай ластау көрінісі

531 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кейінгі он жылдықта АҚШ пен Еуропа көмірқышқыл газын шығаруды азайту бойынша бірқатар маңызды қадам жасады. Мұндай әрекет климаттың өзгеруімен күрестегі жақсы үдерістің белгісі саналуда. 

Ауаны жаппай ластау көрінісі

Брэд ПЛАМБЕР, «Нью-Йорк Таймс»

Бірақ сауда нарығына назар аударғанда, мұндай қадамдардың әсері керемет емес екеніне көз жетеді. Көптеген дамыған мемлекеттер өздеріндегі көмірқышқыл газын шығару көлемін шетелден тауар әкелу арқылы азайтты. Болат, цемент секілді өнімдерді ішкі нарықта шығарудың орнына Қытайдың зауыттарынан тасыды. 

Мәселен, Ұлыбритания парниктік газ бөлу көлемін 1990 жылға қарағанда 2015 жылы үш есеге азайтты. Алайда, Лон­дон­дағы биік ғимараттар мен көлік­терді жасауда қолданылатын импорт­талған темірлерді есепке алсақ, Ұлыбританияның кө­мірқыш­қыл газын тұтыну көлемі айтар­лықтай артады. Өйткені шетелден әкелінген темірді қорыту кезінде ауаға көп мөлшерде парниктік газ бөлінеді.

«Бұл – үлкен мәселе. Егер мемлекет климат жылынуына қарсы күресін шетелде көмірқышқыл газын шығаруға үлес қосу арқылы жүргізетін болса, бізде ешқандай алға жылжу болмайды», дейді зерттеуші ғалым Али Хасанбейги. Ол – Global Efficiency Intelligence консалтингтік фирмасының төрағасы. 

Доктор А.Хасанбейги сауда арқылы жаһандық көмірқыш­қыл газын шығару жөніндегі жаңа ғылыми жұмыстың авторы. Зерттеуде әлемдегі жалпы парниктік газ шығарылымының 25 пайызы жоғарыда айтылған тәсіл арқылы жасалатыны айтылады. Ғылыми жұмыста мұны «көмірқышқыл тесігі» деп атайды. Себебі мемлекеттер өздері импорттап отырған тауарды өндіру барысында қаншалықты парниктік газ бөлінгеніне мән бермейді. 
Былтыр күзде Калифорниядағы заң шығарушылар болатты сатып алушылар үшін «төмен көмірқышқыл газы» стандартын енгізді. Қоршаған ортаны қорғаушылар мұны климат жөніндегі саясаттағы жаңашыл қадам деп есептейді. 

Тағы бір зерттеуде мәселенің мәніне тереңірек үңіліп көру үшін бұған дейінгі зерттеуге сүйене отырып, жаһандық саудадағы көмірқышқыл газының үлесін анықтауға талпыныс жасалды. Онда ойыншық пен кеңсе құралдарынан әйнек пен алюминийге дейінгі 15 000 саладағы сауда айналымы сараптамадан өткен. 

Таңданудың реті жоқ, әлемдегі көмірқышқыл диоксидін ең көп шығаратын Қытай шартараптың басты өнім өндірушісіне айналып отыр. 2015 жылы Қытай зауыттарынан бөлінген парниктік газ мөлшерінің 13 пайызы басқа елдер үшін өнім шығарудан пайда болған. Ауаны ластаушы тағы бір мемлекет Үндістанда бұл көрсеткіш 20 пайызға жеткен. 

Зерттеушілердің сөзіне сүйенсек, АҚШ әлемдегі ең көп «көмірқышқыл газын шығаратын өнімдерді тұтынушы» елге айналған. Егер америкалықтар тұтынатын, импортталған бүкіл киімдер мен басқа тауарларды, қолданатын көліктерді шығару барысында ауаның ластану көлемін есептесек, елдегі көмірқышқыл диоксидін тұтыну мөлшері 14 пайызға артады. 

1995 және 2015 жылдар аралығында Жапония мен Гер­мания секілді дамыған елдер парниктік газ бөлу мөлшерін азайтты. Алайда, олар тауарды Қытайдан алатындықтан, ондағы өндіріс кезіндегі ауаның ластану көлемі 2-3 есеге артып кеткен. 

Париж келісіміне сәйкес, мемлекеттер шекарасы аумағында бөлінетін көмірқышқыл газына жауапты. Сарапшылар мұның қаншалықты әділ екенін әлі күнге талқылап келеді. Қытай мен Үндістанды бай мемлекеттер тұтынатын тауарды өндіру барысында көмірқышқыл газын көп шығарғаны үшін айыптау қаншалықты әділ? Сондай-ақ олар осындай зауыттардан, ондағы жұмыс күшінен пайда көріп отырғаны туралы не айтамыз?
Цемент және болат индус­трияларының шетелге кетуі лас­тану ережесі қатаң сақталмай­тын елдердегі көмірқышқыл газын көп бөлетін зауыттар­дың көбеюіне әкеліп соғады. Мұның бір шешімі ретінде әлем елдерінің бәрі ортақ келісім жасауы керек. 

Алайда, шынайы өмірде мұ­ның орындалуы екіталай. Фран­ция пре­зиденті Эммануэль Мак­рон секілді саясаткерлердің Еуро­паға импортталатын өнімдер­ге көмір­қыш­қыл салығын салу жөніндегі бас­тамасы лайықты қолдау тапқан жоқ. 

«Жер климаты» фирмасының төрағасы Крис Эриксонның ай­туын­ша, елдер арасындағы ашық­тық алғашқы қадам болар еді. Оның фирмасы әлемдегі компа­ниялардың қоршаған ортаға әсерін азайтуға көмектеседі. К.Эрик­сонның компаниясы қолда бар түр­лі бетон қоспаларының зерттеу базасын жасақтаған. Бұл архитек­тор­ларға парниктік газды аз шығаратын материалдар табуға көмектеседі. 

Өз кезегінде мұндай қадам кө­мір­қышқыл газы шығарылымын азайтуға септігін тигізеді. «Компа­ния­лар мұны мойындамаса да, өзгерістің болатынын бәрі сезеді», дейді К.Эриксон. 

© 2018 The New York Times News Service

Мақаланы аударған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»