Саясат • 22 Қазан, 2018

Теңіз туризмін дамытуда түйткіл көп - Асылбек Смағұлов

398 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биылғы тамыз айында болып өткен Каспий саммитінде Президент Н.Назарбаев еліміздің туризмін дамытатын теңізіміз бар, ол Түркияның Анталиясынан кем емес дей келе, осы саланы бірлесіп өркендетуді ұсынды.  

Теңіз туризмін дамытуда түйткіл көп - Асылбек Смағұлов

 Айтылған тапсырма Каспий теңізін туристік мақсатта қолдануға көп күш салып, инфрақұрылым мен қызмет көрсету сапасын жақсартуды қажет етеді. 

 Бүгінгі таңда Маңғыстау облысының жағалау аймағы – 900 шақырым. Оның басым бөлігін туристік аймақ, яғни суға түсу, қайықтармен серуендеу, әуесқойлықпен балық аулау үшін пайдалануға болатын жер құрайды. Қолданыстағы заңға сәйкес шекара қызметі жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдардың келісілген ұсынымдарына сай, жыл сайын екі мильге дейінгі арақашықтықта тұлғалардың демалыс, туризм және спорт мақсатында пайдаланатын шағын көлемді кеме­лерінің жүзуі үшін Каспий теңізінің жағалау учаскелерінің тізбесін белгілеп, режімдік шектеулердің қолданысын тоқтатады.

2018 жылғы шілде айында депу­таттардың Маңғыстау өңіріне сапары кезінде сайлаушылар аталған саланы дамытуға кедергі келтіріп отырған бірқатар мәселелерді көтерді. Соның қатарында теңізге серуендеуге шығатын туристер тізімін мемлекеттік органмен келісу процедурасы біршама ұзаққа созылып кететіні айтылды. Осыған байланысты біз шағын көлемді кемелері бар азаматтарға белгіленген учаскелерде міндетті рұқсаттамалар алу рәсімдерінің сатыларын қысқартып, жеңілдету үшін оны Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы беруді ұсынамыз. 

Сондай-ақ теңіздегі фаунаның дамуына кедергі келтіретін құқық бұзу­шылықтардың алдын алу үшін нор­мативтік-құқықтық актілерді жетіл­діру керек. Мәселен, турист атын жамылып, заңсыз браконьерлікпен айналысатын азаматтардың деректер базасын жасау арқылы олардың теңізге қайтадан шығуына рұқсат бермеген дұрыс. Бұған қоса «Байда» типіндегі кішігі­рім кемелерді тіркеуге, коммерциялық шағын кеме қозғалтқыштарының жалпы қуатын шектеуге тыйым салуды қолға алу керек.

«Қазақстан Республикасының мем­лекеттік шекарасы туралы» заңға сәйкес қазақстандық шағын көлемді кемелердің теңізге шығуы мен қайта оралуын есепке алуды реттеу үшін пристаньдар мен айлақтарды керекті жабдықтармен жарақ­тандырған жөн. 

Каспий теңізінің қазақстандық акваториясында төтенше жағдайлардың жаппай алдын алу үшін тиісті уәкілетті органдарға барлық суда жүзе алатын техникаларды тіркеп, олардың сипаттамасын ескеріп, жүзу шамасын тексеруді ұсынған дұрыс.

Алдыңғы қатарлы шетелдік тәжі­рибені зерттей келе, Каспийдің жаға­сын абаттандырумен туристік инф­рақұрылымды жақсарту жөнінде арнайы бағдарлама жасалғаны да дұрыс болар еді. 

Асылбек СМАҒҰЛОВ,

Мәжіліс депутаты