Театр • 22 Қазан, 2018

Театр майталманы Маман Байсеркеұлының есімі ұлықталды

1313 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық Өнер академиясында Қазақстанның халық әртісі, көрнекті театр режиссері, педагог-профессор Маман Байсеркеұлы атындағы аудитория ашылып, қабырғасына мемориалды тақта қойылды. Қазақ өнеріне өшпестей із қалдырған ұстаз әрі театр режиссерін еске алуға өнердегі әріптестері, шәкірттері мен өнерсүйер қауым жиналды.

Театр майталманы Маман Байсеркеұлының есімі ұлықталды

Сахна өнерінің теориясына төңкеріс жасаған К.Станиславский «жүйесін» қазақ тілінде ғылыми негіздеген Маман Байсеркеұлының еңбегі тек мұнымен түйінделмейді. Ол қазақ  театрының сахнасында ұлттық классиканы дәріптеді, сол қойылымдары арқылы театрға жаңа тыныс, соны екпін ала келді. Өнердегі  биік  жетістіктерінің бірқатарын атап айтсақ, оның сахналауымен В.С. Вишневскийдің «Оптимистік трагедия», А. Штейннің «Толас», Ян. Соловичтің «Түлен түрткен тіленші», С. Шаймерденовтің «Әнім сен едің», Ғ. Мүсіреповтің «Қазақ солдаты», У.Шекспирдің «Гамлет», тағы басқа спектакльдері көрерменнің ықыласына ие болды. 1966 жылы режиссер В.Вишневскийдің «Оптимистік трагедиясын» қойып, осы спектакль үшін ол Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атағына ие болды. Сонымен қатар, «Түлен түрткен тіленші» атты аударма пьесалар жинағы, «Қолтаңба және қойылым», «Сахна және актер»  ой - толғаулары тек болашақ сахнагерлердің оқу кітабы емес, өнер туралы тереңінен қозғап, танымға қозғау салатын кәсіби биік өремен жазылғандықтан, жалпы оқырман үшін де қызық дүниелер ретінде қабылданғаны рас. 

Аудиторияның ашылу салтанатында  театр өнері факультетінің деканы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аман Құлбаев  талантты режиссер, ұстазы жайлы әсерлі естелік айтты.

«Маман аға  көптеген өңірлерде режиссер болып еңбек етті. Байсеркенов қазақ театры өнерінің тарихында тұңғыш рет бір спектакльді екі кешке бөліп қойып, М. Шолоховтың «Тынық Дон» трилогиясының Т. Әлімқұлов аударған сахналық нұсқасын Жамбыл облысы драма театрының сахнасына шығарды. Оның әрбір қойылымын тек хас шебердің қолынан ғана келетін бірегей туынды деп білемін. Өз шәкірттерін аудитория аясында берілетін біліммен ғана шектемей, олардың айналасына кең қарауына, өзгеше пайыммен қабылдауына, жалпы рухани дамуына əсер ете білген нағыз ұстаз. Зиялыға тән кісілік қасиеті,  біліктілігін биіктетуге ұмтылысы, тосын шешімге бейім режиссерлік қыры ұстазымызды айналасынан даралап тұратын. Осы аудиторияда дәріс алатын өнерлі студенттер үшін де Маман ағамыздың тағылымы мол рухани мұрасы, шығармашылық тәжірибесі үлгі-өнеге бола бермек», ­– деді тебіреніп тұрып.

Маман Байсеркеұлының шәкірті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  «Сахна сөзі» кафедрасының меңгерушісі, профессор Дариға Тұранқұлова да ұстазын сағынышпен еске алды. «Мені өнерге баулыған, азамат, тұлға болып қалыптасуыма игі әсерін тигізген ұстазым – Маман аға еді. Әлі есімде, «Дариға, қазақ тілі, қазақ сөзі қайда кетіп барады? Ана тіліміздің сахнада қалай айтылып жүргенін естисің бе – өліп барады ғой. Ана тілімізді қалай да сақтап қалуымыз керек!» деп ұлт тілінің тағдырына алаңдағаны ұлы ұстаздың азаматтығы ғана емес, көрегендігі мен кемеңгерлігі еді. Сахна тіліне нәр беретін ана тілінің қасиетін жас актерлер мен актрисалар біліп, жан-жүрегімен түйсініп өсуі тиіс.

«Көркем дүниенің тілі бай болғанда оның  мәні  ешқашан жадыдан өшпейді» деп үйретті ұстазымыз. Өзі де сахнада қазақ елінің зиялы  ерлерінің тұлғаларын, салиқалы сұлу мінезі мен болмысын әдемі сомдай білді. Ұстаздың соңында қалған рухани мұрасы өміршең қалпын сақтап тұрғанда оның жарқын  бейнесі де мәңгі бізбен бірге», – деп сахна саңлағын  ұмытпай, аудитория ашып, тақта қойып ұлықтаған Академия басшылығына алғысын білдірді.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ