Әлем әдебиетінде күнделік тұрмыстық жазба ғана емес, көркем әдебиетке айналғалы қашшан! Бұл не? Бұл Ю.Тнянов айта беретін «Тұрмыстық жазбалар уақыт өте келе әдеби айналымға түседі. Әдебиет дүниесіне айналады» – деген пікірінің растығы! Күнделік әлем әдебиетінде дәстүрге айналғалы қашшан! Бізде ше? Абай күнделігі – қара сөздері болар. Шоқан күнделігі – ғылыми есепті жазылған дүниелері шығар. ХХ ғасыр басында күнделік әп-әжептәуір төбе көрсетіп, буынын бекітіп үлгерген. Өкініші – бүкіл жазу-сызуын КГБ жендеттері тәркілеп алып кеткен де біржолата жоғалған. Қалғаны болса әлі күнге жарыққа шығып бұқараланған жоқ. Кеңес әдебиеті Алаш әдебиетімен ерегісе, күресе жүріп жетілсе – көп ежіктеудің ішінде күнделік те жүрген. Кеңес дәуірінде тіршілік кешкен ақын-жазушыларымызда күнделік бірсыпыра бар. Оған да КГБ залалын тигізген. «Үзбей күнделік жүргізетін едім. 1937-38 жылдары басымыздан қорқып, өртеп тастадық... Жұлым-жұлым жұрнағы ғана жүр осында...». Екеуара әңгімеде Мәриям Хакімжанова апайдың айтқан әңгімесі. Мұхтар Әуезов «Басымнан қанша қуғын-сүргін өткізсем де үш кісінің хатын аман сақтап келемін» депті қанаттасы Бейсембай Кенжебайұлына. « – Үшеуі де ерекше ақылды кісілер еді». Кімдер олар? Жүсіпбек Аймауытов, Смағұл Садуақасов, Көлбай Төгісов! Өз күнделігін, өз естелік, эпистолярлық жазбаларын сақтай алмаған ұлы жазушы қазақ әдебиетінің үш тұлғасының үш хатын сақтау арқылы қаншама ерлік жасап отыр десеңізші?
Дамымаған елдерде әдебиет пен өнерге дүркін-дүркін зобалаң туып тұрады. Өнерге туған зобалаң алдымен күнделік секілді дүниелерге туады екен дә... Неге олай? Өйткені күнделік – тұлғаның жан сыры. Азаматтық дүниетанымы, жазушылық құпиясы, адами ынты-зары, өзі өмір сүрген қоғам туралы ащы запыран-зары... Осыған қарап күнделікті тұрмыстың ақиқатшыл жазбасы, әдебиеттің ақиқатшыл жанры десек ше?!
Күнделік – мемуардың ішкі жанры. Күнделік көпшіл бұқаралық жанр. Ол тұрмыстық жазбалардан бас алады. Уақыт өте келе әдебиетке айналу жолы да әралуан. Бұл процесс түрлі жолмен жүреді әсте. Айталық, орыс жазушысы Д.Н.Гранин ауа райын бақылайтын бір синоптиктің күнделігін тауып алып, таңырқағаны бар. Өмір бойы бір қызметте істеген. Өмір бойы күнделік жүргізген. Қайран қалған жазушы ақыры 50 жылдық күнделік жазбаларын арқау етіп хикаят жазды... Соғысқа қатысқан Петр Вершигора, қазақ батыры Бауыржан Момышұлы бес жылдық жаһандық соғыста жүріп, қойын кітабына әлденелерді түсіріп отыруды ұмытпаған. Кейін сол күнделік жазбаларды пайдаланып қызықты көркем очерк, табысты мемуар туындатты. Екеуі де өмірде де, (Кеңес Одағының Батыры) өнерде де ерлік жасаған, екі есе ерлік жасаған азаматтар ретінде бағаланады.
Күнделік жазбалардың тарихына кетсек, ұлан-ғайыр байтақ жатқан әңгіме. Ол әзірге тарих білетін эллиндік дәуірде де болған. Плутархтың «Дастарқан басындағы әңгімелері» күнделік емей, немене?!
Сағат күнделігіне: «Мен бүл күндерді ұмытқан күні ұлт намысы деген ұғымды ұмытатын шығармын. Ал оны ұмытқан жерде барыңнан да жоғың пайдалы шығар.
Мына оқиға бізді оятып кетті. 22.12.1986 ж.», – деп жазыпты. Үлкен сөз!
Енді, міне, кезек көрнекті әдебиет сыншысы Сағат Әшімбаевқа келіп жетті. Көзі тірісінде Сағат ағамыздың «Сын мұраты» (1974 ж), «Талантқа тағзым» (1982), «Парасатқа құштарлық» (1985 ж.) аталатын үш кітабы ғана жарық көрді. «Шындыққа сүйіспеншілік» кітабын бастап, үстел үстіне қолжазбадай қалдырып, жарық дүниеге қол бұлғап кете барды. Өкінішті. Әдебиеттің көркем жанрына қарағанда әдеби сын өлімсектеу келетін әдет болатын. Сағат ағамыз өмірден өткелі де бірсыпыра уақыт. Артында кітапқа жинақталып үлгергені бар, қолжазба күйінде қалғаны бар, әдеби мұрасы өткіншілік күй кешіп отырған жоқ. Қайта өміршеңдік танытып дүркін-дүркін бір кітап, екі том, таңдамалы сипатында жарық көріп келеді. Қайта Сәкең сынына іліккен, ілікпеген бірсыпыра ақын-жазушыларымыз ұмытылып қалып қойды. Бүгінгі уақыт – көркемөнерге қатал қарайтын, жаңаша елейтін, ешкімнің көңіліне қарамайтын жаңа талаптың уақыты. Осы уақыт аралығында ХХ ғасыр басындағы Алаш аяулылары, тарихтағы өз орын-орындарына қайыра тұра қалды. Ол әдебиеттегі жаспен алған, ерте жазылғанымен қадірленген, қызмет мансабы арқылы мақталып-мадақталып келген көп-көп қаламгерді тарих төрінен ығыстырып-ығыстырып жіберді. Тіпті кейбірін «келместің кемесіне мінгізіп» қоя берді... Өмірде жоғы өз алдына, өнерде де ештеңе бітірмеген болып саналып отыр. Аты, шығармасының аты айтыла қалса әдебиет тарихында дерек ретінде аталар. Ал әдеби айналымда жоқ. Классик жазушыларымыздың өзін түйе шайқаған дауылдай шайқап-шайқап алды уақыт-тарих. Міне, осындай дауылды алмасулар, дүрбелеңді шайқаулар жүріп өтіп жатқан қатыгез уақытты Сағат Әшімбаев сынды дүниелерінің іріктеліп-сұрыпталып қайыра жарық көріп жатуы бізді сүйсіндіреді. Сүйсініп отырып, жаңа жүздесудің («Армысыз, Сағат аға?» атап арнайы мақала жазғанымды еске алып отырмын.) сырына үңілеміз.
Қазақ қоғамы бір формациядан бір формацияға өтіп, жаңаша түлеп жатқан бүгінгі күні Сағат Әшімбаев еңбектерінің қайта жариялануға жарап жатуының өзі көп мәселені аңғартады. Демек, С.Әшімбаев XX ғасырдың әдебиет сыншылары, тіпті философтары көтерілген биікке көтеріле білгені!
Иә, сөйтіп Сағат Әшімбаев еңбектері «Ақиқатқа іңкәрлік», «Сын сымбаты» дегендей атпен қайта жарық көріп келеді. Оған қуанамыз. Қайтара оқып, шынымызды айтып, шынайы мақала да жазамыз. Алайда сол еңбектер қайта басылып жүрген кітаптарынан сыншы күнделігін көре алмаймыз. Аңтарылып, сыншы жары психолог жазушы Шәрбану Бейсенованың жүзіне қараймыз. Қаншама қатал тағдыр кешіп келе жатса да мойымаған қайсар жеңгеміз әдеби ортамен санасатынын, әліптің артын бағатынын айтады. Әдебиетте мода деген де пәле бар. Бір ақын, не жазушыны кейінгі ұрпақ жақсы көріп қалса, оны кезінде сынаған сыншыны ілгектеп әуреге түседі. Сын қай уақытта, қандай жағдайда, қалай айтылды? Оған мән беріп жатқан ешкім жоқ. Кітап оқымайтын заманда әділетті сынның өзі кейде осылай теріс қабылданатыны болады. Жалпы, өзіне айтылған сынды орынды қабылдаған қалам иесін кездестіру қиын. Ауызбен желдей есіп жүруге құмар, көркемдік құндылықтың баршасын ауыз әдебиетіне айналдырып қабылдайтын қазақ жағдайында бұл тіпті қиын. Не амал? Амал, қаламгердің өзінен шықса керек әсте. Оны қалай түсінеміз? Әділін айтып, ағайынға жақпаған әдебиет сыншысы өзімен-өзі сырласып, өзімен-өзі мұңдасып, күнделік жазбас па?! Әйтпесе, Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов секілді ашылып хат жазыспас бірімен?! (Ол жабық хаттарды ашатын да уақыт жетті.) Сағат жағдайында бұл – өзі жүргізген күнделік жазбалар еді... Ақыры, айтып жүріп, өтініп жүріп Шәрбану Бейсенованы жары Сағат ағамыздың күнделігін кітап формасында жариялауға көндірдік. Білек сыбанып кірісіп, әр әрпінің бүгіліс-түгілісін жазып қарап, баспаға қырағылықпен дайындаған Дүйсен батырға, Д.Мүсірәліұлына өз басым қатты риза болдым.
Бірімізге аға, бірімізге ұстаз Сағат Әшімбаев күнделігі не гәп айтады?
Бәріміздің де күнделігіміз – оқыған кітаптар жайында алған әсерлерден, кітаптан үзінділерден тұрады. Сол сияқты көрнекті әдебиет сыншысының күнделігі ең алдымен оқыған кітаптарынан алынған үзінділерден бас құрайды екен. Олай болуы заңды. «Оқымаса ой тоқырайды...». Ұдайы оқу – кісіні білімге жетелейді. Тап осы жерде кітап оқуды жүйеге түсіріп алған кісі ұтылмайды. Мейлі ақын бол, мейлі жазушы бол. Сағаттың кітап оқуы – жүйелі оқу. Сіңіріп оқу. Оқығанын айтар ойының арқауына айналдырып салалы ой айта білу – Сағат сыншының бір артықшылығы. Оймақтай ойлы үзікті жазылар шалқар мақалаға тамызық етіп тастап жіберу де Сәкең қолынан келген іс! Кейде әлденеше озық үзік жазылар тұтас мақалаға ұйытқы қызметін де атқара алады. Көрдіңіз бе, Сәкең кітапты оқу үшін, білімді көріну үшін ғана оқымайды, білімін ұштау үшін, сыншы ретінде талғам қалыптастыру, сыншы райында ой сабақтау үшін оқиды. Оқиды, оқу арқылы дүниетаным қалыптайды. Міне, мәселе қайда?! Осыдан шығарып айтсақ, дарынды Сағаттың орынды талдауға құрылған ойлы мақалалары, ұлы Абайға сүйеніп айтар философиялық ойлары, хас суреткер Ғабит Мүсіреповтен үзеңгілесіндей терезесі тең отырып сырласып айтар толғақты мәселелері (азаматтық формуласы. т.б.), толымды ойлары – дарын озықтығымен бірге оқудың да жебеуімен. Дарын мен білімнің тең-таразылас түсуі талантты жан-жақты ашады екен. Ондай білімді дарын өз уақытына ғана қызмет етумен шектеліп қалмайтын, алғы күндерге кететін, келер ұрпақтарға жететін жетелі ой, салалы сын еңбегін қалдырады екен. Сағат Әшімбаев күнделігінен біздің бір түйгеніміз міне, осы жайт!
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы болып өтті. Желтоқсан қозғалысы. Желтоқсан трагедиясы. (Тарихшылар әлі тиянағына жеткен жоқ. Билік Желтоқсанды айтқызбай әлек. Ой, тоба-ай?!) Сағат күнделігіне: «Мен бүл күндерді ұмытқан күні ұлт намысы деген ұғымды ұмытатын шығармын. Ал оны ұмытқан жерде барыңнан да жоғың пайдалы шығар.
Мына оқиға бізді оятып кетті. 22.12.1986 ж.», – деп жазыпты. Үлкен сөз! Жанталасып алаңда жүріп жатқан Желтоқсан оқиғасын түсіртіп, оны тықтырып қоятын, ақырып теңдік сұрап алаңға шыққан жастарымызды кінәлап, тіпті күнәлап күйелеш қағазға қол қоюға тұра-тұра ұмтылған мансапқор ағаларын сақтандырып, жанын шүберекке түйіп шыр-пыры шығып жүрген Сағатты білеміз. Білетін болсақ Сағатты сондай салиқалылыққа бастаған осы күнделігіндегі тілдей тіліп түсер өткір сөзге мұрындық болатын ішкі жан дүниесіндегі арпалыс та! Сағат аға ол ленталарды билік басындағы бір азаматқа сеніп берген еді. Әлі күнге не Сағатқа, не Сағат сүйген халқына қайтпай тұрғанын қараңызшы ол ленталардың. Сағатқа іле-шала «Парыз бен Қарыз» жүйелі телехабарын жасатқан да осы сезім деп ойлаймын! Бұрын да ұлтын шынайы сүйіспеншілікпен сүйетін Сағат аға Желтоқсан оқиғасынан кейін тіпті ұлтшылдық ұлы сезіміне берілді-ау деп ойлаймын. Дүрбелеңді сол бір қиын күндері тағы да былай деп жазды: «Тайпалық тар сезімнен, рулық улы сезімнен арылуымыз керек те ұлттық ұлы сезімді алға қоюымыз керек».
Мұны шығармашылық өзгеріс деп қарамағанда қайтеміз?! Шығармашылық өзгеріс – шығарма иесінің дүниетанымына байланысты. Желтоқсан оқиғасына дейінгі Сағат, кейінгі Сағат әрі өзара бірлікте, әрі кілт өзгерген, бір тұлғада тартысқан екі адамның кейпі. Күнделігі арқылы бақылағанда көз жетер бір мәселе міне, осы. Сағат табиғатында романтик болатын. Романтик бола тұра өзін-өзі талдап, Желтоқсан оқиғасынан кейін әрі күйреп, әрі ширап, жаңа сипат, тың мазмұнға ие болған бүтін бітімді АЗАМАТ!
Күнделік мамандыққа әбден қатысты. Сағат сыншы. Күнделіктің дені оқыған кітабына қызығып бір-екі ауыз тілегін айту, кемшілігіне қызынып пікір айтуы ол тағы бар.
Күнделік – жазатын шығарманың эскизі.
Күнделік – қаламгердің жан азабы, адами рахаты, қуанышы, наласы...
«Я раздвоился.» А.Блок. Сағат та қаншама рет өзімен-өзі күресіп, өзімен-өзі айтысып, жеңіп-жеңіліп жүрді екен?
Бәріне куә – күнделік!
Бірімізге аға, бірімізге ұстаз – Сағат Әшімбаевтың күнделігі тұңғыш рет оқырманға жол тартты. Ұрыспай, жекімей, өтірік сөзге ермей, күнделіктегі шындыққа сеніп оқуларыңызды өтінер едік. Жай оқу аз болады, талдап оқу жөн. Сонда сыншы философ болып қалыптасып үлгерген, ұлтын жанындай сүйген азамат, жалындап келіп, жалындап жүріп, лапылдап өртеніп кете барған романтик жанды түсінесіздер!
Құлбек ЕРГӨБЕК,
филология ғылымдарының
докторы, профессор