Әлем • 29 Қазан, 2018

Журналист Жамал Хашоггидің өлімі халықаралық жанжалға ұласты

522 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Журналист Жамал Хашоггидің Сауд Арабиясының Ыстанбұлдағы бас консулдығында өлтірілуі саяси дау-жанжалға ұласты.

Журналист Жамал Хашоггидің өлімі халықаралық жанжалға ұласты

Қазіргі уақытта Ыстанбұл прокура­тура­сының террор және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бюросы сауд дип­ломатиялық миссиясының 38 қыз­мет­керінен жауап алып болды. 

Интернеттегі ашық дереккөздерге қарағанда, Сауд Арабиясының азаматы Жамал Хашогги соңғы уақытта Амери­каны паналап, Washington Post басылымында жеке баған жүргізіп келген. Ал оның «Твиттердегі» оқырмандарының саны 1,6 млн жазылушыдан асып кеткен. 

Елде реформа өткізуді мақсат еткен «әл-Уатан» қозғалысының белсенді мүшесі Жамал Хашогги әлдебір құжат­тарын рәсімдеу үшін 2 қазан күні Сауд Арабиясының бас консулдығына кіреді. Содан ізім-қайым жоғалады.

Істі тергеуге алған Түркияның ішкі іс­тер министрлігі бейнебақылау камераларындағы жазбаларды талдай келе, журналистің консулдық ғима­ратынан қайта шықпағандығын анық­таған. Осы сәттерде дипмиссияда Сауд Арабия­сынан келген 15 адамдық делегация болған. Бұл адамдар Ыстанбұлға екі ұшақпен келген екен. Сол күні арасында корольдіктің ресми өкілдері бар делегация Ыстанбұлдан із жасырған. 

Осынау сәйкестіктерге қарамастан, Эр-Рияд алғашқыда Хашоггидің дип­ло­матиялық миссия ғимаратында өлті­ріл­гендігін жоққа шығарып бақты. Істі тергей бастаған Түркияның ішкі істер министрлігі мен прокуратурасы консул­дық ғимаратына кіру туралы шешім қа­был­дады. Ал бұл қылмыстық істі Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған өз бақылауына алды. 

Іс насырға шапқаннан кейін тек 19 қа­зан күні ғана журналистің өлті­рілген­дігі туралы ақпарат жарияланды. 

Бұл оқиға Түркия, АҚШ, Еуропа, жалпы халықаралық қоғамдастықтың өре түрегелуіне себепші болды. Алдымен Р.Ердоған Ыстанбұлдағы шулы оқиғаға байла­нысты Сауд Арабиясының басшы­лығынан журналистің консулдық ғима­ратынан шыққандығына нақты дәлел талап етті. Істің ақ-қарасы анық­тала бас­таған тұста араб әмірлері бұл оқи­ғаны әлдебір күштер Түркия мен Сауд Арабиясының арасына от жағып, екі елдің қарым-қатынасын ушықтыра түсу үшін қолданып отыр деп айыптады. Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманның бұл сөздерін Түркияның Анадолы агенттігі таратты.      

SPA агенттігінің апта соңындағы хабарла­масына қарағанда, Сауд Арабия­сы­ның бас прокуроры Сууд Муджеб­тің айтуынша, журналист Жамал Хашогги­дің өліміне күдіктілердің әре­кеті жос­парлы сипатта жүзеге асқан. Про­курор Түркия-Сауд Арабиясы бірлес­кен жұмыс тобы тергеу амалдарының алғаш­қы қорытындылары бойынша осын­дай тоқтамға келгендігін айтқан. 

Ал өткен бейсенбі күні Еуропарламент журналист Жамал Хашоггидің өліміне байланысты халықаралық тергеу жүр­гізіліп және оның қазасына кінәлі­лер анықталған жағдайда сауд шенеу­нік­теріне қатысты санкция салуды көз­дей­тін қарар қабылдады. Қарардың жоба­сын Еуропарламенттің жеті саяси тобы бірлесіп жасап шыққан. Аталған құжат­ты 325 депутат қолдап дауыс берген болса, бір ғана депутат қарсы болған.

Ал АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Эр-Риядтан журналист Жамал Хашоггидің өлімінің нақты се­беп­терін анықтауды талап етті. Сондай-ақ бұл істің бетін ашуға Сауд Арабиясы қанша жауапкершілік таныт­қанымен, оқиғаның мән-жайы анық­тал­майынша АҚШ тарапы қанағаттанбайтындығын жеткізді. Оған қоса, АҚШ нақты санкциялар қолдана отырып, журналистің өліміне қатысы бар Сауд Арабиясы азаматтарының визаларын жойып, жаңа виза бермеуге бекінгендігін айтты. 

Washington Post газетінің хабар­ла­масына қарағанда, АҚШ-тың Орта­лық барлау басқармасының директоры Джина Хаспел Анкараға арнайы ба­рып, жур­налистің өліміне байланысты жа­зыл­ғ­ан аудио таспалармен танысқан. Бұл де­ре­к­терді болашақта Сауд Арабия­сына қан­дай да бір қысым көрсету үшін қолданбақ. 

Түркияның TRT телеарнасының хабар­лауынша, Дубайда орналасқан Al Arabiya телеарнасына сұхбат берген Сауд Ара­бия­сының әділет министрі Уалид бен Мұхам­мед ас-Самани тергеу­дің қан­шаға созыла­тын­дығын айтпаса да, король­діктің сот орынд­ары тәуелсіз екендігін мәлімдеген. 

Ал Анадолы агенттігінің хабар­ла­уын­ша, Сауд Арабиясының сұранысымен тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман телефон арқылы Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанмен байланысқа шығып, екі ел басшылары оқиғаны жан-жақты тергеуге байланысты пікір алмасқан. 

Қалай десек те, Жамал Хашоггидің өлімі қатардағы қылмыстың санатынан шығып кетті. Ол халықаралық саяси реңк алып, әлем назарын аудартып отыр.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»