Қазақстан • 29 Қазан, 2018

Балық шаруашылығы туралы бағдарлама керек

1466 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ел экономикасы мен адам­дардың тұрмыс сапасын арттырып, бизнестің тұрақты көзі болатын саланың бірі – ба­лық шаруашылығы. Біздің елі­міз балық қо­рына бай, Кас­пий теңізін қос­пағанның өзінде су тоған­да­рының жалпы ауданы 5 млн гектар шамасында.

Балық шаруашылығы туралы бағдарлама керек

Бұл жерлерде балық өсіру мен балық аулауды қарқынды дамытуға қолайлы жағдайлар бар. Кеңес Одағы тұсында республикада арнайы балық шаруашылығы министрлігі құрылып, жүйелі мемлекеттік саясат қалыптасқан болатын. Балық аулау мен балық өнімдері өндірісінің жалпы көлемі кей жылдары 111 мың тоннадан асты. Мыңдаған адамдар осы салада тұрақты жұмыспен қамтылып, табысты еңбек етті.

Қазір балық шаруашы­лы­ғының осы мүмкіндігі толық пайдаланылмауда. Өткен ға­сырдың 90-шы жылдарынан бастап экономиканың же­тек­ші саласы болған балық ша­руа­шылығына жете көңіл бөлінбегендіктен құлдырауға ұшырады және әлі де осы жағдайдан шыға алмауда. Мұның негізгі себебі балық дү­ниесін қорғау, өсімін молай­ту және пайдалану жөнін­дегі мемлекеттік саясатты бел­гі­лейтін бағдарламаның болмауы деп есептейміз. Балық шаруашылығын дамытудың 2004-2006 жылдарға арналған бағдарламасы саланың қалып­тасуына белгілі бір дең­гейде қозғау салғанымен, жалға­сын таппады. 2007-2015 жыл­дар­ға жоспарланған балық ша­руашылығын дамытудың тұжы­рымдамасы да толық іске ас­пай, Үкімет қаулысымен мер­зімінен бұрын күші жойылды.

Балық шаруашылығын мем­­лекеттік басқару функция­ларын жүзеге асыруда тұрақ­ты­лық жоқ. Осы салаға жауап­ты мемлекеттік орган ретінде 2003 жылы құрылған Балық ша­руашылығы комитеті бірнеше рет бір министрліктен екінші министрлікке ауыс­тырылды, қайта-қайта құры­лымдық өзгерістерге ұшырады, соңында мүлдем таратылып жіберілді. Тәжірибелі, білімді мамандар корпусы жоғалды. Салаға керек мамандарды дайындайтын мамандандырылған арнаулы оқу орындары жабылып қалды. Осының себебінен өзіндік ерекшелігі көп балық саласына қажет мамандар жетіспейді.

Нормативтік құқықтық ак­тілерді дайындау мен қа­был­дауға байланысты да түйінді мәселелер бар. Балықтарды пайдалану орындары мен мерзімдерін белгілеу кезінде су айдындарының және олар орналасқан жерлердің табиғи ерекшеліктері ескерілмейді. Бұл балық шаруашылығы су айдындарын бассейндік принциппен топтастыру кезінде су бөліністері бөлек өзендерді бірге қосуға себеп болуда. Ресей Федерациясымен шекаралас Қиғаш өзені – Еділ өзенінің саласы. Бірақ оны Жайық – Каспий бассейніне қосқан. Екі өзеннің ерекшеліктерін есепке алмау негізсіз шектеулер мен балық аулаушылар үшін қолайсыз жағдай туғызып отыр.

Қолданыстағы заңнама­ға сәйкес балықты алып қою ли­­­­­миті ағымдағы жылдың 15 ақ­па­­нынан келесі жыл­дың 15 ақ­па­нына дейінгі ке­зеңге, бір жыл­ға беріледі. Ли­­мит жыл сайын­ қаралып бе­кітілетіндіктен балық биз­несіндегі кәсіпкерлер ұзақ мер­зімді жоспар құрып, инвес­тиция салуға құлықты емес. Сонымен бірге уақыттың ты­ғыздығынан лимит бөлу туралы нормативтік акт көп жағдайда мерзімінен кешігіп шығады. Бұл балықшылардың көктемгі маусымда бір айға дейін мерзімдерін жоғалтып, зиянға ұшыратады, лимит те толық игерілмейді.

Балық қорын қорғау пәр­менді және тиімді іс-шаралар кешенін қажет етеді. Балық өсімін молайту, пайдалану, заңсыз балық аулаудың алдын алу, су объектілерін, ба­лық шаруашылық мелиорация­лау жұмыстарын толық қар­жыландыру қажет.

Соңғы жылдары Кіші Арал теңізінің қалпына келуіне байланысты балық шаруашылығы жақсы қарқынмен дамуда. Бірақ Көкарал су тоспасының балық өткізбейтін құрылғы мен балық өрлейтін жолдарының болмауы жыл сайын бірнеше мың тонна балықтың қырылуына әкеліп соқтыруда.

Осыған қатысты Үкіметке бірқатар ұсыныс жасап отырмыз. Атап айтар болсақ, балық шаруашылығын дамыту, ба­лықтың түрлерін сақтап кө­бейту және балық қорын ұтым­ды пайдалануды тиімді іске асыру үшін арнайы салалық бағдарлама қабылдау керек. Тағы бір өзекті мәселе – балық шаруашылығына жауапты дербес орталық мемлекеттік орган құру. Балық шаруашылығына қатысты нормативтік құқық­тық базаны жетілдіру де кө­кейкесті. Сонымен қатар, ба­лық өңдеуші кәсіпорындарға, балық өсірумен айналысатын шаруашылықтарға мемлекеттік қолдау көрсету де назардан тыс қалмаса екен деген тілек бар. 

Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ, 

Сенат депутаты