Келушілер алдымен қазақтың ұлттық киімі мен қолөнерінің, суретшілер шығармасының көрмесін тамашалады. Аты айтып тұрғандай, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін насихаттауға арналған республикалық лекторийдің мақсаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасын және «Қазақтану» жобасын іске асыру аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің бағыттарын талқылау, өңірлік деңгейде ҚХА-ның практикалық міндеттерін белгілеу болатын. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, «lituanica» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Виталий Тварионас, облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев, ғалымдар мен қоғамдық бірлестіктер, ұйымдар, зиялы қауым өкілдері қатысты. Осы лекторийде елдің елдігін, халықтың бірлігін нығайтатын, келер ұрпаққа мұра етіп қалдыратын екі мәселе талқыланды. Оның бірі – «Қазақтану» жобасы төңірегінде айтылған мәселелер.
– «Қазақтану» жобасының мақсаты – қазақ этнографиясын тану, халқымыздың дәстүрі, әдебиеті, мәдениеті, философиясы туралы еліміздегі түрлі этностарға терең ақпараттар беру болып табылады. Оның сыртында бұл жобаның этносаралық қарым-қатынастар, көші-қон мәселесі, қазақ дәстүрлерін сақтау, оны жаңғырту секілді ішкі бағыттары да толып жатыр. Лекторийде көші-қон, этносаралық мәселелерді қамтыдық. Адамдарға халықтық дәстүрлеріміздің түп-тамырынан қол үзіп қалмауымызды түсіндірдік. Осындай мәселелер Қазақстанды отаным дейтін адамдардың барлығын ойлантуы тиіс, – деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев.
Лекторийге екінші арқау болған тақырып «Дәстүрлі қазақ қоғамындағы медиация» атты мәселе еді. Медиация да халқымыздың бір құндылығы деп айтуға болады. Кейде бір ауылды бір ақсақалдың билеуі, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, әркімнің өз орны болуы тиіс деген сияқты даланың жазылмаған заңдарының ізі көмескіленгендей болады.
Шараға жиналғандар Рудный, Лисаков қалалары және Қарабалық аудандарында болып, тұрғындармен кездесті.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай