Қазақстан • 31 Қазан, 2018

Этносаралық қатынас мәселелері талқыланды

815 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада «Қазақстан және Орталық Азия: этноәлеуметтік үрдістер мен этномәдени диалог» тақырыбында Орталық Азия Ғылыми-сарапшылық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған шараның мақсаты – елдердегі қазіргі заманғы этноәлеуметтік үдерістер туралы пікір алмасып, қоғамдық сананы жаңғырту жағдайында этномәдени диалогтың дамуындағы маңызды трендтерді анықтау.

Этносаралық қатынас мәселелері талқыланды

Кеңес отырысына ҚХА төраға­сының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Леонид Прокопенко, Сыртқы істер министрінің орынбасары Ғалымжан Қойшыбаев және Парламент Мәжілісінің депутаттары, Ғылыми-сарапшылық кеңес пен этномәдени бірлес­тіктердің мүшелері және Қа­зақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Еуропа елдерінің сарапшылары қатысты.

Бүгінгі таңда Орталық Азияда 75 млн адам өмір сүріп жатыр. Әр­түрлі этнос өкілдерінің арасын­да тұрақтылықты сақтау – өзекті мәселе. Осы орайда пленарлық отырыс жұмысын ашқан Леонид Про­копенко әлемдегі және біз­дің өңіріміздегі қарқынды этно­де­мографиялық, этномәдени әрі миг­рациялық процестерге тоқталды. «Қазіргі кезде ең ауқымды қоныс аудару жағдайы байқалуда. 2016 жылдың соңында барша әлемде 65 миллионнан астам адам қақтығыстар мен қудалау салдарынан өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. 2017 жылы олардың саны тағы да 2 миллион адамға артты. Көптеген өңір үшін діни экстремизм өзекті проблемаға айналғаны белгілі. Осы үрдістердің барлығы біздің өңірде тұрақтылықты сақтаудың маңыздылығын тағы да көрсетіп отыр», деді Л.Прокопенко.

Шара барысында «Қоғамдық пікір» зерттеу институтының директоры Ботагөз Рақышева Түркі тілдес елдердің әлеуметтік-мәдени байланысы тұрғысында баяндама оқып, «Түркі барометрі» жобасын таныстырды. Түркі Академиясының бастамасымен «Қоғамдық пікір» ғылыми-зерт­теу институты жүргізген жоба­ның мақсаты – түркі мемле­кет­тері тұрғындарының Түркі кеңесі тарапынан жүргізілетін интеграциялық процестерге қа­тыс­ты көзқарастарын, эко­но­мика­лық, мәдени аспектілерге байланысты ой-пікірлерін бағамдау. 

Жиында Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары, ҚХА-дан сайланған Мәжіліс депу­таты Владимир Божко елді да­мы­тудағы этномәдени үдерістердің маңыздылығына тоқталды. 

«Президент қаулылары мен үндеулерінде қашанда өзінің саяси бағдарына негіз болатын басты мәселені атап өтеді. Бейбітшілік пен келісім, этностық үндестік болмаған жерде экономиканы дамыту, қуатты мемлекет құру, оны нығайту мүмкін емес. Мұны тарихтың өзі дәлелдеп отыр», деді ол.

Сонымен қатар ҚХА төра­ға­сының орынбасары Л.Прокопенко сөз арасында Қазақстанда мемлекеттермен ынтымақтастық құрудағы маңызды іс-шаралардың өтіп жатқанын тілге тиек етті.

«Жуырда «Видергебурт» неміс қоғамының төрағасы, Мәжіліс депутаты Аль­берт Раумен бірге Гер­­мания аг­ротехникалық фору­мын ұйым­дастырдық. Онда Гер­мания агротехника сала­сындағы өнім әзірлеу жаңа тех­но­логиясын таныс­тырды. Екі ел­дің өкілдері ара­сында ауыл ша­руа­шылығына қатысты технологияны енгізу бо­йынша қызықты диалог орнықты. Аграрлық өндіріс – Елбасы Жол­дауының ма­ңыз­ды бөлігі. Осыған байланыс­ты «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы әзірленіп жа­тыр. Оған Ассамблея да атса­лы­сады. Бұл біздің Жолдау мін­дет­­терін орындауға қосатын үле­сі­міз­дің бір бөлігі болмақ», деді ол.

Жиын соңында сарапшылар өңірдегі этномәдени байла­ныс пен келісімнің негізгі тұжы­рым­дамаларын анықтап, қарар қа­былдады. Орталық Азия елдері үшін келісім мен жақындасуға ықпал ететін жалпы жобаларды жасақтады.

Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»