Сайын дала төсіне Астана келіп қонғанда, болашақта ажары мен базары келісетін ғажайып қала төңірегінің біраз жері айтақыр, жалаңаш еді. Тұзды топырақтың соры бетіне шығып, қабара жарылып, айғыз-айғыз болып жататын. Ғұмыр бойы қылтанақ өсіп көрмеген, көсенің иегіндей жылмиған құнарсыз жер, құлазыған дала, таңдайы кепкен топырақ. Дәл осы жерге жайқала жайнап, тамырын жайып әлденеше түрлі ағаш өсіп шығады, көз жетер жердің барлығы иран бақтай құлпырады десең адам сенбейтін еді.
Қалай болғанда да құнарсыз топыраққа әлдене егу ешқашан орындалмайтын қиял ғажайып тәрізді болып көрінетіндігін де жасыруға болмас. Енді міне сол қиындықты ғылым мен білім, адамдардың қисапсыз күш жігері жеңіп, 80 мың гектардан астам алқапта жайқалып ну орман өсіп тұр. Осы игі шаруаның бәрі, қара жерге тал еккен алғашқы қадамнан бастап ну орман бой салып жайқалғанға дейінгі қыруар іс астаналықтардың көз алдында өтті. Образға орап айтатын болсақ, алдымен орманшы қауым, сонан соң тілектес, ниеттес жұрт Астана тарихын мәңгілік өшпес жасыл орманның жасампаз рухымен жазып шықты. Адал еңбектерімен айшықтай көрсетті. Ойға оралған оңды істің бастамашысы, яки авторы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев болатын.
«Орманы бардың – қорғаны бар» деп дана халқымыз бекер айтпаса керек. Осы бір жалғыз ауыз сөздің астарында атан түйеге жүк болатын мағына, мазмұн жатқан жоқ па. Елбасы Н.Назарбаев 1997 жылы «Жасыл белдеу» жобасын жүзеге асыру туралы тапсырма берді. Жобаға күмәнмен қарағандар да болды. Елбасы өзінің бір сөзінде:
– Бір кездері біздің бұл жоспарымызға күмәнмен қарағандар болған еді. Бірақ біз осы орманды болашақ ұрпақ үшін өсіріп, оны Қазақстанның кереметіне айналдырдық. Соның арқасында қалада шаң-тозаң, жел азайды. Орманда арнайы жидек ағаштары отырғызылып, аң-құс пайда болды. Егілген ағаштар елорда тұрғындары мен қонақтарының демалысына қажетті жағдай туғызды. Мұнда веложолдары, кемпингтері бар демалыс аймақтарын орнықтыру жоспарлануда, – деп атап өткен болатын.
Осыған байланысты, Мемлекет басшысы орман шаруашылығы еңбеккерлеріне, ғалымдарға қажырлы еңбектері үшін ризашылық білдіре келіп «Жасыл белдеу» алқабын ұлғайту жұмыстары әлі де жалғасатынын айтқан еді. Бүгінгі таңда елімізде Елбасы Н.Назарбаевтың бастамашылығымен «Жасыл ел» бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда. Бұл өзекті де өміршең, халқымыздың болашағына бағытталған, ұзақ жылдық бағдарлама. Бағдарламаны баянды ету арқылы біз экологиялық апаттардың зардабын жеңіп, табиғатымызды сауықтырамыз, сайып келгенде адамдардың денсаулығын жақсартып, ғұмырын ұзартамыз, экологиялық және экономикалық мәселелерді шешеміз. Сондықтан бұл іске халық шаруашылығының жаңа бір мазмұнды саласы деп қарау керек.
Астананы қысы-жазы гулеп тұратын Сарыарқаның желінен қорғап, таза оттегімен толайым қамтамасыз етіп тұрған бұл жоба бүгінде жалпақ жұрттың мерейлі мақтанышына айналып отыр. Осы орайда, еліміздің бірнеше тұқымбақтары табанды жұмыс істеп, міндеттін мінсіз атқарып келеді. Рас, алғашқы кезде бірқатар қиындықтардың да орын алды. Тұзды соры бетіне шығып, безеріп жатқан иен дала алғашқы көшеттердің кейбірін жақтыра қоймады. Бой салып өсіп, көз қуанышына айналуға тиісті көшеттердің жаңа жерді жерсінбей қурап қалғандары да болды. Сала мамандары топырақ құрамын зерттеп, қисапсыз еңбек етті. Ақыр аяғында Арқаның ақырған аязына төзетін әрі сазды, тұзды жерді жатырқамайтын мықты тұқымдарды сұрыптап ала білді. Осы бір ғылыми ынталы жұмыстың арқасында елорданың айналасы көрген жанның жанарын сүйсіндіретін жақсы бір жаңалыққа – ну орманға айналды.
Бүгінде елордадан бастау алатын жасыл белдеу Бурабайға дейін бет алған. Сөз арасында айта кетейік, бұл жобаның аясында ағаштың 60-тан астам түрі өсірілуде. Кәдімгі көз үйренген ақбалтыр қайың, мәңгі жасыл қарағай, шыршаңыздан бастап, қарақат пен жидек, жұдырықтай алма мен қызара бөрткен, дәмі тіл үйіретін шиеге дейін жайқалып өсіп тұр. Астана қаласының маңындағы 100 мың гектар алқапта 2020 жылға дейін жайқалған жасыл белдеу құру жөніндегі жоспар әуел бастағы көрікті ойға сай көп көрім жүзеге асырылуда. Ғалымдардың ғылыми ізденісі мен орманшы қауымның оралымды істерінің арқасында игілігі мол жасыл алқаптың көлемі 85 мың гектардан асып отыр. Қазіргі күні орман ішіндегі аң-құстың санын көбейту жүзеге асырылуда. Жайқалған жасыл орман болған соң, қойнауында ұшып-қонатын, жыртылып айырылатын аң-құсы болмаса несі сән. Сол себепті, жасанды жасыл орманның қойнауын кәдімгі табиғи орманның нақ өзі сияқты өсімдік пен жануарлар әлеміне мелдектете толтыру мәселесі мықтап қолға алынған. Айналдырған жеті жылдың ішінде инкубация арқылы жұмыртқадан он мыңға жуық жабайы құс шығарылып, оның сегіз мыңы еркіндікке жіберілді. Қазіргі күні ну орманның іші дала әнін салған құсқа толы.
Облыстық табиғи ресурстарды және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Руслан Әубәкіровтің айтуына қарағанда, облыстағы мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 405,4 мың гектар жерді құрайды. Облыстың алты ауданы мен екі қаласында 13 орман шаруашылығы жұмыс істеуде.
– Мемлекеттік орман қоры аумағында өткен жылы 1305 гектар алқапта ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілді. Соның ішінде 825 гектар алқап облыс қаражаты есебінен, 89 гектар әрқилы мекемелердің ақылы қызмет көрсетуі және 391 гектар орман пайдаланушылар қаражаты есебінен іске асырылды. Ағаш отырғызу жұмыстарына орман шаруашылығы мекемелерінің тұқымбақтары өсірген көшеттердің 6,9 миллион данасы жұмсалды, – дейді Руслан Әубәкіров.
Қазір облыс ормандары мен елорданың іргесіндегі жасыл белдеуді қосу бойынша жұмыстың екінші кезеңі жүзеге асырылуда. Басқарма мамандары тарапынан 1000 гектар жер телімі зерттеліп, оның 746,8 гектары жарамды деп танылды. Үстіміздегі жылы «Астана-Щучье» автожолының бойындағы 747 гектар алқапқа қазіргі замандағы агротехникалық талаптарды мүлтіксіз сақтай отырып, ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары жүргізілді. Елбасы Н.Назарбаев Астананың іргесіндегі жасыл желегі жайқалған, бой салып өсіп қалған орманды әуеден бақылап көрген соң:
– Ендігі міндет – осы орманды Бурабай орманына қосу. Қазір Астананың «жасыл аймағындағы» орман Шортанды ауданына дейін 100 шақырымға жетті. Одан кейін тағы шамамен 100 шақырым бар. Келесі жылы орман Бурабайға жетеді, – деген болатын.
Айтақыр ащы топыраққа жайқалтып жасыл орман өсірген, табиғаттың сараң мінезімен күресте айрықша табандылық танытқан, шын мәнінде қаптаған көшет біткенді маңдайтерімен суарып өсірген орманшылардың еңбегі бағаланбай қалған жоқ. Осы жолы Елбасы Астананың орманы орманшылардың, ғалымдардың және қарапайым жұмысшылардың ерен еңбегінің арқасында мүмкін болғандығын атап айтқан болатын.
– Орман өсіруге қандай еңбек керек екенін көріп тұрсыздар, жер жыртып, оны тыңайтып, суару қажет. Мұнда 83 мың гектарға ағаш отырғызылды. Жыл сайын 5 мың гектар жерге ағаш отырғызып, оны күтіп орманға айналдырып келеді. Ол Бурабай ұлттық паркінің көлемімен тең. Біз мұнда екінші Бурабай жасадық, – деп атап өткен болатын Елбасы.
Мемлекет басшысының тапсырмасына орай үздіксіз көгалдандыру жұмыстары Көкшетаудың айналасында да қолға алынуда. Үстіміздегі жылдың өзінде облыс орталығы маңында 500 гектар алқапқа ағаш көшеттері отырғызылған. Келер жылы бұл көрсеткішті 1 мың гектардан асыру көзделуде.
Ел қамын жеген, келешектің көкжиегін көбейтуді бағамдаған бастама баянды. Астана мен Бурабайдың арасындағы қалың орманның жігі қалмай жымдаса жалғасатын кезі де алыс емес.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы