Руханият • 01 Қараша, 2018

«Қазақтанудың» қарышты қадамы

1037 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Биыл Ассамблеяның көктемгі сессия­сында ұсынылып, Елбасының, қа­ты­су­шылардың тарапынан қызу қолдау тап­қан «Қазақтану» жобасы жазда, маусым айының 25-і күні халыққа жол тарт­ты. Ақмола облысының Бурабай ауданында, қасиетті Абылай хан алаңында, «Еге­мен Қазақстан» жазғандай, «Қазақ­та­ну­дың қазығы қағылып», тұсауы ке­сілді.

«Қазақтанудың» қарышты қадамы

Жобаны жұртшылыққа таныстырған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төраға­сы­ның орынбасары Л.Прокопенко бұл жобаның «Рухани жаңғыру» бағдарла­ма­сы аясында, қазақ мәдениетін, тарихын, философиясын, сондай-ақ қазақ хал­қының құндылықтарын насихаттауға бағытталғанын атап көрсетті. Тарихқа шолу жасай отырып, қазақ халқының ұлт­тық құндылықтарына айналған қайы­рым­дылық, кеңдік, қонақжайлылық, сенім мен достық сияқты қасиеттерді дә­ріптеу арқылы жастардың бойына елге деген сүйіспеншілікті дарыту екеніне назар аудартты. 

Бұдан кейін сөз алған шешендер де жобаның басты мақсаты – ұлттық құндылықтарымыз негізінде халық бірлігін одан әрі нығайту және елдегі тұрақтылықты сақтау мәселесіне ден қойып, тіпті жобаның тұсауын кескен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл берген батада да сол ой айшықталды:

Қызмет етіп халқыңа.

Үйретіп, дәстүр-салтыңа.

«Қазақтану», өмір сүр,

Сыйлы болып жалпыға!

«Қазақтану» жобасының бір ерек­ше­лігі – ол лекторийге қатысатын ғалымдар мен жазушылар, қоғам қайраткерлері, этносаралық қатынас саласының сарап­шылары, медиаторлар облыс орта­лы­ғынан қайтпай, өңірдегі шағын қала­ларға, елді мекендерге, білім ордаларына, кәсіпорындар мен мекемелерге барып, жоба мақсатын түсіндіретіні.

Бұл мақсат Ақмола облысында «Қа­зақстанның қасиетті географиясы», «Жидебайдың жұлдызды даласы», «Шығыстың рухани керуені», «Қазақ тілінің ұлттық корпусы», «Ақмола облы­сының тарихи топонимикасы», «Рухани жаңғыру шеңберіндегі Қазақтану мә­се­лесі», «Қазақстантану және қазақ­та­ну: ұғымдардың арақатынасы», т.б. та­қы­рыптар бойынша сөйленген сөздерде тереңінен қамтылды. Бір қуанарлығы – халықтың жоба мақсатын түсініп, қабылдағаны, шешендер сөзіне өз өмір­лерінен мысал қосып, ақпаратты байыта түскендері. Яғни, бұл – халық арасынан осы бағытты дәріптейтін еріктілер пулын жасақтау мүмкіндігінің көрсеткіші.

*  *  *

Жобаның ат басын тірейтін келесі өңірі Қызылорда облысы екендігін есті­генде «қазақылықтың қаймағы тұнған жердің халқына «Қазақтану» бойынша не үйретесіздер?» деушілер де табылды. 

Бұл жерде жоба атауына үстірт қа­раушылықты байқауға болады. «Қазақ­танудың» бір ерекшелігі – оның үйрете жүріп, үйренетін форматында. Яғни, қазақтың тарихы мен дәстүрлерін, гу­манитарлық және адамгершілік қағи­даттарын дәріптей отырып, ұшқыр заман ағымының салдарынан ұмытылып бара жатқан сол қадір-қасиеттерімізді жаһанданған жастарға үйрету. Кеңес дәуірінде туған өзіміз де кітаптан оқып қана білетін салт-дәстүрлерімізді тірілтіп, көріп, үйрену, оның философиясын түсіну. Бұл туралы «Айқын» газетінің бас редакторы Н.Жүсіп: «Қазақтану» деген сөзді тереңіне бойлап оқысақ, екі мағына шығады, бірі «қазақты тану», екіншісі – өзіміздің қазақтануымыз», – деп жақсы айтты. 

Биыл екі ғасырлық тарихи меже­сіне шыққан Қызылорданың соң­ғы жыл­дары ерекше көркейіп, түле­гені бір­­ден байқалады. Мұны Ассам­блея Төр­аға­сы­ның орынбасары Л.Проко­пенко өз сө­зінде атап көрсетіп, өлкеде Қазақ­стан­ның үшінші жаңғыруы, «Руха­ни жаң­ғыру» бағдарламасы және Прези­дент­тің Бес әлеуметтік бастамасын іске асы­руда үлгі болып отырған істерді сана­­малап өтті. Олардың ішінде «Ұлы Да­ла елі» та­рихи-танымдық экспедиция­сы, «Ру­хани жаңғыру» бағдарламасын іске асы­ру мақсатында өткізілетін Қайы­рым­­герлер мен меценаттардың форумы да бар.

Студенттер сарайында өткен жалпы отырыс алдында қазақтың көне бұйымдары мен олардың жаңғыртыл­ған түрлері, қолөнер шеберлерінің, зергерлердің бұйымдары қойылған көрме жұрт назарын ерекше аудартты. Ал ғалымдар мен жазушылар Құл­бек Ергөбек, Мырзагелді Кемел, Сәби Аңсат, Нұртөре Жү­сіп, Берік Әбді­ға­лиұлының Сыр елі халқына, әсіресе жастарға арнаған мағы­налы, терең ойлы сөздерін аудитория ұйып тыңдағанда, бұл жақта «сөздің жетім» емес екеніне көз жеткіздік.

Осы сапар барысында бір тобы­мыз­ға Қорқыт ата мемориалдық-архитек­туралық кешенін көру бұйырды. Құпиясы мол тұлғаға арналған кешеннің салыну ерекшелігі, авторлары Б.Ыбыраев, С.Иса­таевтың қиялының ұшқырлығы таңғалдырады. Ойыма өзім жақында ғана жариялаған ұлт ұстазы Ахмет Байтұр­сынұлы дүниеге келген үйдің жүдеу-жадау жайы оралды. Былтыр Ақтө­бе облысының Ойыл ауданында болып, Шығанақ Берсиев атамыздың кесе­несін көргенде де көңілім алай-дүлей болған. Асқақтаған ескерткішке, оның абаттандырылған алқабына қарап тұрып, «Топырағында туған ұлыларын ұлық­тауда өңір басшылары Қырымбек Көшер­баевтан үлгі алуы керек қой!» деп ойлағаным рас. 

Қызылорда облыстық ассамблеясы 41 іс-шара («Қазақстанның 100 жаңа есі­мі» жобасы бойынша – 3; «Туған жер» – 22; «Қазақстанның қасиетті жер­лері» – 8; «Жаңа гуманитарлық білім. Қа­зақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» – 5; «Латын әліпбиіне көшу» – 3) өткізген екен. Қата­рымызға қосылған Сәби Аңсат, Айтжан Оразбақов, Сәулет Сахиев сияқты зерттеуші ғалымдардың әлеуеттері олар­дың «Қазақтану» жобасын да табыспен жүргізе алатынына сенім ұялатты. 

*  *  *

Қостанай жақ туралы айтылса, оның елді асырап отырған егіні мен адамдарының орыс тілді екендігі қатар айтылады және солай екені рас. 

«Көп қорқытады, терең батырады» деген сөз тегіннен айтылмаған. Тың игеру, бірнеше қаласының «Бүкілодақтық комсомол құрылысы», «Жастар қаласы» деп жариялануы облысқа одақтың түкпір-түкпірінен өзге ұлт өкілдерінің ағылып келіп, орнығуына жол ашты. Кеңестік дәуірде мұндағы қазақ халқы­ның саны мүлде азайып кетуіне себепші болған да солар.

Тәуелсіздік жылдары жағдай өте баяу да болса, түзеле бастады. Деген­мен, пайыздық тұрғыдан алғанда тұрғын­да­ры­ның ширегіне әзер жетіп отырған, ең әсем көшесі Лениннің атымен аталған қалалар әлі де бар. Оларды түзетуге санасы жаңғырмай, сол баяғы кеңестік, «аға халықтық» психологияны ұстаушы топтар кедергі келтіруде. Сондықтан «Қазақтану» тап осындай жерлерге керек жоба. 

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төр­аға­сының орынбасары Виталий Ионо Тварионас бастап Қостанайға келген топтағы қоғам қайраткерлерінің, ғалым­дар мен этносаралық қатынастар бойын­ша сарапшылардың мақсаты соған сәй­кес-ті. Ол – «Қазақтану» жобасы аясын­да Қазақстан этностарына қазақ хал­қы­ның салт-дәстүрлері, мәдениеті, әдебиеті, философиясы туралы терең ақпарат беру, оларды жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін қалыптастырудың, оның қызмет етуінің және одан әрі жетілдірудің біріктіруші негіздерінің бірі ретінде маңызын түсіндіру. Және олар осы мақсатты іске асыру үшін еліміздің түкпір-түкпірінен шақырылды.

Ілияс Омаров атындағы қазақ театрында басталған республикалық лекторийде облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша жасалып жатқан игі қадамдардан хабардар етті. Жасыратыны жоқ, түрлі этностық топтардың өкілдеріне қазақ халқының тарихы, дәстүрлері, мәдениеті, әдебиеті мен өнері, тілі мен діні, философиясы мен тұрмыс-салтын тануына бағытталған жұмыстардың ауқымы қуантты. 

Топтарға бөлініп жұмыс істеген кезде әкім орынбасарының сөздеріне дәлелдер алдымыздан шығып отырды. Жергілікті факторлар ғалымдарға жаңа ой салып, іскер, кәсіпкер адамдарға идея айтқызып, шығармашыл адамдарға шабыт сыйлады. Ғалымдар: астаналық Ж.Артықбаев «Қазақтану» бойынша ата-бабалар дәуірінен келген дәстүрлерге сүйенетін оқу-әдістемелік құрал дайындау керектігін ұсынса, павлодарлық С.Бастеміровтің мемлекет тарихындағы жеті ата құбылысына байланысты танымдық әңгімелері ешкімді бейжай қалдырмады. Қызылжардан келген К.Смайылова әлемдік сын-қатерлерге біздегідей этносаралық бірлігі мықты ел ғана төтеп беретінін қадап айтты. Шығысқазақстандық Г.Пуссеп пен жезқазғандық Д.Чумакова сан ұлтқа пана болған қазақ халқына жыр жолдарын арнады. 

Рудный мен Лисаков қалаларына, Қарабалық ауданына барған топ мүше­лері аудиторияның зиялы әңгі­меге сусап қалғандығын байқап, дәріс­те­ріне бар ғылыми-сарапшылық әлеует­терін салды. Қатысушылардың белсен­діліктерінен, сұрақтарды көп қоюынан тыңдаушылардың жаңа жобаға деген қызығушылығы, ал ассамблеяның жергі­лікті ұйымдары іс-шараларға мұқият дайындалғаны байқалды.

«Қазақтану» жобасы шеңберінде өткен Аналар кеңесінің кеңейтілген оты­ры­сында облыстық Аналар кеңесінің төра­йымы Шушаник Вагановна Сарки­сян «өмірде жеткен әр жетістігім қазақ хал­қының қолдауының арқасында» деп ағынан жарылса, қоғамдық кеңестің төрайымы, облыстық ассамблея мүшесі Александра Суслова сөзін «64 жасымның 62 жылы қазақ жерінде өтті. Мен бұл далаға тамырымды тереңге жіберген жан­мын» деп бастады. Әрі қарай орыс ті­лінде Доспамбет пен Қазтуғанның жыр­ларын оқи отырып, осы заманға иіп әкеп айт­қан ойларын отырғандар ұйып тыңдады. 

Этносаралық татулық пен бірліктің құндылығын өз тәжірибесі арқылы баяндап, қоғам санасына әсер етіп жүрген мұндай жандарды облыстан «Қазақтану» жобасын дәріптейтін пулға тартуға болар еді. Олар Қостанайды қазақтандыру ісіне ғана емес, тұтастай алғанда, Мемлекет басшысының Стра­те­гиялық бағдарламаларын іске асыру­дағы Ассамблеяның рөлін көп­шілік­ке жеткізуге, «Рухани жаңғы­ру» бағ­дарламасының бағыттарын түсіндіруге лайықты үлес қосары сөзсіз. 

Камал ӘЛПЕЙІСОВА, 

жазушы, филология ғылымдарының кандидат