Қазақстан • 01 Қараша, 2018

Мәжілісте үшжылдық бюджет мақұлданды

392 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Палата Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2019-2021 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасына қолдау білдірді.

Мәжілісте үшжылдық бюджет мақұлданды

Мәжілісте сондай-ақ еліміздің басты қаржылық құжаты – үшжылдық бюджет депутаттар тарапынан мақұлданды. Бұл маңызды құжаттар талқыланған отырысқа Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев бастаған Үкімет мүшелері, Ұлттық банк төрағасы, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрайымы және өзге де құзырлы орындардың басшылары түгел қатысты. Депутаттар, сондай-ақ «Кинематография туралы» заң жобасын да екінші оқылымда мақұлдады.

Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферт мөлшері 2019 жылы – 2 450 млрд теңге, 2020 жылы – 2 300 млрд теңге, ал 2021 жылы 2 000 млрд теңге сомасында бел­гіленген. «Қазақстан Республикасының Ұлт­тық қорынан 2019-2021 жылдарға арнал­ған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасындағы бұл өзгерістер жөнінде депутаттарға Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндап берді. 

– 2019-2021 жылдарға белгіленген Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің көлемі Ұлттық қордағы қаражаттың тиісті қар­жы жылының соңына ІЖӨ-нің болжам­ды мәнінен 30 пайыз мөлшерінде төмен­демейтін қалдық бойынша шарттың орындалуын қамтамасыз етеді, – деді министр. 

Аталған ұсынысты қосымша баяндамашы, депутат Аманжан Жамалов Мәжіліс ко­митеттерінің оң бағалағандығын атап өтті. 

Ал «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы бойынша екі министр мен Ұлттық банк төрағасы баяндама жасады. Құжат Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы негізінде және Бюджет кодексіне сәйкес еліміздің 2019-2021 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сай әзірленген. 

Алдымен мінбеге шыққан Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов еліміздің 2019-2023 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына тоқталып өтті. 

– Болжам 2017 жылғы ішкі жалпы өнімнің есептік статистикалық деректері мен экономика салаларының осы жылдың 7 айының қорытындылары және әлемдік тауар нарығы жағдайы негізінде жасалды. 2019 жылы мұнай бағасы Әлемдік қаржы ұйымдарының консенсус-болжамы бір баррельге 66,7 АҚШ долларын құрайды. Осыны ескере отырып, базалық сценарийде мұнайдың бағасы 60 АҚШ доллары есебімен алынды, – деді Т.Сүлейменов. 

Оның айтуынша ішкі жалпы өнімнің нақты өсуі бүгінгі қарқынмен 2019 жылы – 3,9 пайызға, ал 2023 жылы – 4,6 пайызға дейін жетуі мүмкін. 

2019-2021 жылдарға арналған респуб­ликалық бюджет шығыстарының басым­дық­тары 2019-2023 жылдарға арналған әлеу­меттік-экономикалық даму болжамына сәй­кес келеді. Бұл – аграрлық секторды, индус­трия­ландыру мен шағын және орта бизнесті, экономиканы цифрландыру, көлік инфра­құрылымын және әлеуметтік саланы дамыту.

Мәселен, бюджет жобасында жаңар­тылған білім беру мазмұны бойынша педа­го­гикалық шеберлік біліктілігі үшін білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне қосымша ақы төлеуге, ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге, жергілікті маңызы бар жолдарды дамытуға, кибер қауіп-қатеріне қарсы іс-қимылға арналған шығыстар көзделген.

– Республикалық бюджет жобасы бюджет тапшылығын 2019 жылы ішкі жалпы өнімге 1,5 пайыздан 2021 жылы 1,3 пайызға дейін төмендету есебінен борыш­ты қауіпсіз деңгейде ұстап тұру мінде­тін іске асыруды қамтамасыз етеді. Әлеу­мет­­тік блоктің шығыстары 2025 жылға дейін­гі Даму стратегиясының жаңа адам капи­та­лын құрудың жүйелі реформа­­сына толы­ғымен байланысты және үшжыл­дық ке­зеңде 15,7 трлн теңгені құрайды. Пре­зи­дент­тің Жолдауын іске асыру үшін әлеумет­тік блоктің шығыстары 107,0 млрд теңгеге ұлғайтылды, ол 2019 жылдың 1 қаңтары­нан бастап ең төменгі жалақы мөл­шерін 42 500 теңгеге дейін көтерумен, үш жыл­да мектептерді салу үшін 50 млрд теңге­ге ұлғай­тумен, сондай-ақ мектеп пси­хо­лог­тері­нің жұмысын күшейту қажет­тілігімен байла­нысты, – деді өз баяндамасында Қаржы министрі Ә.Смайылов. 

Өз кезегінде Ұлттық банк төрағасы 

Данияр Ақы­шев та республикалық бюджет­тегі өзгеріс­­тердің параметрлері Үкімет және Ұлт­тық банктің бірлесіп әзірлеген және келісіл­ген макроэкономикалық болжамдарына негіз­делгендігін атап өтті. 

– Ұлттық банк шекарасы, дәлізі немесе басқа да бағдары жоқ өзгермелі айырбас бағамы саясатын жалғастырады. Ва­люта бағамы негізінен еліміздегі тө­лем ба­лансы жағдайына байланысты, яғни ше­тел валютасының елімізге түсімі мен жы­лыстауының теңгерімі әсерінен қалыпта­сатынына сенімдіміз. Бұл сыртқы күйзе­лістерді азайтуға және экономикамыздың бә­секеге қабілеттілік көрсеткіштерін дереу түзетуге мүмкіндік береді, – деп ойын сабақтады Д.Ақышев.

Заң жобасын талқылаулардан соң өз ойын білдірген Мәжіліс Төрағасы: 

– Ең бастысы, бұл заң жобасында Ел­басымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы Жолдауында айтылған барлық тапсырмаларды қаржыландыруға нақты қадам жасалынды. Ендігі басты міндет – осы бөлінген әрбір тиынды дұрыс пайдалану. Бұл – еліміздің тұрақты дамуына ықпал етіп, әрбір отбасының, әрбір шаңырақтың өмір сапасын жақсартуға жаңа серпін беретін болады, – деді.

Н.Нығматулин атап өткендей, Мәжіліс аталған тапсырмаларды заңнамалық тұрғы­дан қамтамасыз ету жұмыстарын одан әрі жалғастыратын болады. 

Осы орайда басты қаржылық құжат бо­йын­ша Мәжіліске келген Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев та бюджетті мақұл­даған депутаттарға алғысын білдіре кетті. 

– Биылғы бюджеттің орны ерекше. Өйт­кені ол негізінен осы жылғы қазан айында Ел­басының Қазақстан халқына Жол­дауын­дағы тапсырмаларды нақты орындауға бағыт­талған. Алдағы уақытта Елбасы тапсыр­­маларының барлығы толығымен орын­далады деп сіздерді сендіргім келеді. Бүгін бюд­жет жобасын талқылау барысында де­пу­тат­тар айтқан ескертулер мен ұсыныстар Үкі­­метте жеке қаралып, біздің жұмысы­мызда ескерілетін болады, – деді Б.Сағынтаев. 

Жалпы отырыстан соң журналистерге жоғарыда аталған заң жобалары бойынша түсінік берген Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов көпшіліктің көкейіндегі кү­дік­ті дөп басып, отандық кәсіпкерлерге қарата пікір білдірді. 

– Елдегі бизнесмендерге, ірі және шағын сауда желілеріне үндеу жасағым келеді, яғни еңбекақы өскеннен кейін, олар бірден өнім бағасын өсірумен жарыспауы керек. Жалпы алғанда, экономика өсті, алайда жан басына шаққандағы кірістер тежеліп қалды. Экономика өсіміне халықтың нақты табысы лайықты болуы үшін біз бұл көрсеткіштерді сәйкестендіріп жатырмыз. Бұл тұрғыда бизнестің әлеуметтік жауапкершілік таныт­қаны өте маңызды. Осы процесс аясында олар өз тауарларының құнын негізсіз өсірмеуі қажет, сондай-ақ көрсетілетін қызметтерге, тарифтерге бағаны негізсіз арт­тырмауы керек. Шын мәнінде бұл мәселе Үкімет­тің бақылауында тұр. Күн сайын әлеу­мет­тік маңызы бар тауарлар бағасының өзгеруі­не қатысты ведомстволардың, облыс әкім­дерінің есептері тыңдалады, – деді министр.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»