Қазақстан • 01 Қараша, 2018

Мал шаруашылығын дамытудың әлеуеті зор

684 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда экспортқа бағдарланған заманауи мал шаруашылығын дамытуға көмектесу мақсатында «Kazbeef Ltd» компаниясы және «Iteca» халықаралық көрме компаниясының ұйымдастыруымен «Қазақстандағы мал шаруашылығының келешегі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Мал шаруашылығын дамытудың әлеуеті зор

Қазақстандағы мал шаруашылығының бүгінгі жай-күйі туралы талқылаған мамандар әлемдік трендтер, республикадағы азық-түлік секторының даму келешегі туралы пікірлерін ортаға салып, шетелдік компаниялардың агротехнологиялық жетістіктерді қалай пайдаланатындығы және қазақстандық аграрийлердің шетелдік нарыққа шығуына қатысты мәселелермен бөлісті.

«KazBeef Ltd.» компаниясының директоры Бейбіт Ерубаев еліміздің мал шаруашылығы әлеуетінің мұнай өндірісінен кем түспейтін дәрежеде дами алатындығына қатысушылардың назарын аударды. Ол үшін білім трансфері, инвестициялар мен заманауи технологияларды қолдану  жеткілікті. Қазақстан тарихы жағынан да, географиялық мүмкіндіктерімен де шаруашылықты дамытуда әлемдік көшбасшы деңгейіне көтерілуге мүмкіндігі зор. Жаңа технологияларды игеруде өзара тәжірибе алмасу, инфрақұрылымдық, ветеринария, санэпидемиология саласына қатысты тәуекелдер кешенді түрде шешімін табуы қажет.

Дөңгелек үстел барысында қазақстандық және халықаралық компаниялар өкілдері пікір алмасты.  Нидерландтан келген ғалымдар өз тәжірибелерін ортаға салды. Осылайша сала мамандары мал шаруашылығы саласындағы әлемдік трендтермен бөлісіп, Қазақстандағы аграрлық азық-түлік нарығының мәселелерін, оның ішінде отандық ет-сүт секторын дамытуға арналған инновациялық био және агротехнологияларды қолдану арқылы саланың әлеуетін арттырудағы мүмкіндіктерді қарастырды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын төмендету, энергия көздерін үнемдеу мақсатында «жасыл» технологияларды пайдалану, қалдықтарды биогазсыз қайта өңдеу өндірісінің маңыздылығы туралы пікір алмасты.

Дөңгелек сүтел барысында қозғалған тағы бір маңызды мәселе мал шаруашылығын жүргізудің озық әдістерін пайдалануға байланысты жасанды жолмен ұрықтандыру, жануарлардың саулығына мониторинг жүргізу, мал басын электрондық есепке алу, егістікке жерсерік арқылы сараптама жасауға қатысты тәжірибелерімен бөліскен мамандар ынтымақтастық аясын кеңітіп, өзара келісімшарттар арқылы саланың дамуына ықпал ететін болады.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ