Тарих • 02 Қараша, 2018

Менің ғұмырым Алтай мен атамекен арасын жалғаумен өтті - Қабидаш Қалиасқарұлы

659 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Шетел қазақтарынан шыққан зиялы азамат, филология ғылымдарының докторы, профессор Қабидаш Қалиасқарұлы 1938 жылы Бай-өлке аймағында туған. 1958-1962 жылдары Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында білім алған алғашқы диаспора өкілдерінің бірі. Сонымен қатар Қобда қазақтарының фольклорын жинап, жалпы ғылыми айналымға енгізген тұңғыш ғалым. Қазір Астана қаласында тұратын оқымысты ақсақалмен жолығып, сырттағы этностық қазақтар тарихына қатысты әңгімелескен едік.

Менің ғұмырым Алтай мен атамекен арасын жалғаумен өтті - Қабидаш Қалиасқарұлы

– Моңғол елі Қазақстанмен етене қарым-қатынас орната қоймаған өт­кен ғасырдың 50-жылдары ата­жұртқа келіп институтта білім алыпсыз. Осы мүмкіндік қалай туды?

– 1958 жылы Бай-өлкеде орта мектепті бітірдім. Дәл осы жылы Моңғолияның Білім министрілігі «қазақ тілді кадрларды Қазақстанда дайындау керек» дейтін шешім қабылдап, Алматыдағы жоғары оқу орындарына студенттер жіберетін болды. Осы дүрмекпен келіп қалдық.

– Түсінікті. Алтай-Қобда қазақ­тарына аты мәлім, үлкен ақын Ақыт Үлімжіұлының өмірі мен шығар­машылығын алғаш рет зерттедіңіз. Оған түрткі болған не дүние?

– Алматыға оқуға келген соң кітап дүкеніне барсам тілші-ғалым Сәрсен Аманжоловтың орыс тілінде жазылған «Вопросы истори казахской диалектологий» дейтін еңбегі тұр екен. Соны сатып алып, парақтап қарап отырсам қазақша төрт жол өлең жүр:

«Ашушаң адам ақырғақ,

Зейінсіз адам зекіргек...» деп басталыпты. Осындағы «ақырғақ», «зекіргек» деген сөздерді қара әріппен жазып қо­йып­ты. Төмендегі сілтемесінде мен бұл сөзді «Ақыт Үлімжіоғлы Қарымсақов Ал­тайскийдің шығармасынан алдым» депті. Мынау менің бала кезімде жырын жаттап өскен Ақыт атам емес пе екен деген ой келді. Сөйтсем дәл өзі екен.

– Сәрсен Аманжолов Ақыттың бұл өлеңдерін қайдан алды екен?

– Кітаптың соңында «Ақыттың бұл өлеңдері Ұлттық кітапхананың қол­жаз­балар қорында» деген сілтеме тұрды. Соған қарағанда, осы жерден алған болуы керек. Қорда тұрған атамның кітаптарын көрейін деп ұстазым Мәлік Ғабдуллинге бардым. Қолжазба қорына кірудің өзі қиямет. Мәкең «кіруге рұқсат» дейтін бір жапырақ қағаз жасатып берді. Бардым. Есік көзінде отырған бәкене қызметкер қолымдағы сөмкемді сыпырып алды. Төрде сарыкідір тартқан бірнеше әйел отыр. «Қорда Ақыт Үлімжіоғылы деген­ ақын­ның кітаптары бар екен соны көрейін деп келдім» дедім. Олар құп алды. 

– Қорда Ақыт ақының қан­дай кі­таптары бар екен? 

– Қорда ақынның бес кітабы бар екен. Алғашқысы 1897 жылы жарық көр­ген 44 беттік «Тәржүма» атты дастаны, екіншісі, 1902 басылған «Қисса-и Жиһан-шәһ Тамуз-шаһ угли» кітабы, үшіншісі 1908 жылы басылған «Әхуал-и Қиямәт» туындысы, төртіншісі, 1909 жылы басылған «Минахіб пиран Газиз-ан» атты қиссасы мен «Әбиат Гахидия» ат­ты ғақылиясы. Бұлар­дың бәрі Қазан қа­ласында ағайынды Құсайыновтар бас­паханасында жарық көріпті. Ақынның мұндай мол дүниесі қолдарында тұрса да жергілікті филологтар пәлендей зерттей қоймапты. Әлі де солай. 

– Алматыдан оқу бітіріп елге орал­ған соң халық ара­­сынан Ақыт қажы­ның жыр-мұраларын жинаумен айна­лыс­тыңыз емес пе?

– Оқуымды аяқтап, елге келіп сұрас­тырып көрсем екінің бірі Ақыттың өлең­дерін ағытып қоя береді екен. Тіп­ті қажының өзі оқытқан алғашқы 13 шә­кіртінің көбісінің көзі тірі. Мұзбай, Нұған ақсақалдар кәдімгідей таңды-таңға ұрып Ақаң жырын жырлайды. Ақыттың 35 жыл ғұмыры моңғол жерінде өткен. Осында бала оқытқан. Өзінің шығармасында Моңғолия қазақтарына алғаш рет «Қобда қазақтары» деп атау берген де осы кісі. 

– Ақыт ақынның шығарма­лары­нан басқа да дүниелер жина­дыңыз ба?

– Қобда қазақтарының ауыз әдебиет үлгілерінің барлығын жинадым. Қазір қолымда ешқайда жарық көрмеген бес том дүние тұр. Осыларды жинау­ ісіне оқушыларды пайдаландым. Бесін­ші кластағыларға – ертегі, алтыншы кластағыларға – мақал-мәтел, жетінші-сегізінші кластағыларға – батырлар жырын, жоғары кластағыларға айтыс жина деп бөліп қойдым. Олар жаз­да­ каникулға ауылына кеткенде тапсырма беріп жі­берем, күзде сабақ бас­талғанда қолдарына іліккендерін кө­теріп арсалаңдап жетеді. Артынан ха­­лықтың өзі құлағдар болып, қолдарында сақталған бірлі-жарым дүниелерін әке­ліп беретін болды. Осылардың ішін­де өте көп жиналғаны Ақыт жырлары. Қажының бүкіл дастандарының толық жинағы Қадыр дейтін ақсақалдың қолынан шықты. Жарықтық оны буып-түйіп қойнына тығып жүреді екен. Үтір, нүктесіне дейін көшіріп алдым.

– Жиған-тергендеріңізді жи­нақ етіп­ бастырдыңыз ба?

– Жинаған дүниелерімді іріктеп-сұрыптап, жанрлық та­рауларға бөліп, 1969 жылы «Моңғолия қазақтарының ауыз әдебиеті» дейтін монография бас­тырдым. Келесі 1970 жылы қалған дү­ниелерді «Халық ақындары» деген атпен кітап етіп шығардым. Бірақ бұған Ақыт туындылары енген жоқ. Өйткені ол өз алдына бір кітап болатын болды.

– 1970 жылы жарық көр­­ген жинақ­қа сіз Шәкәрім Құдай­бердіұлының «Қалқаман-Ма­мыр» атты дастанын тұ­тас ен­гіз­діңіз. 

– Ол тұста Шәкәрім қажының шығар­ма­лары шеттетіліп, өзі «ха­лық жауы» ретінде аластатыл­ғанын біздің жақ біле бермейтін. Білетін мен және менімен қарай­лас Қазақстанда оқып, білім ал­ған бірнеше азамат ғана. Олар: «Қабидаш, мынауың басыңа пәле болып жүрмей ме?» деп ескерткен сыңай жасайды. Мен айтамын: «Білетін сендер айтып қоймасаңдар, кім біліп жатыр. Пәле шық­са, сендерден көрем!» деп сес көр­сеткен болам... 

– Бұл жинақты Қазақстанға әкеліп, мүйізі қарағайдай про­фес­сорларға көр­сетпедіңіз бе?

– Кітаптың жиырма шақ­тысын құ­шақтап Алматыға алып келдім. Қазір бәрі дерлік марқұм болып кетті, абыз ақса­қалдар жинақтағы Шәкәрімді көріп құ­­лақтарын қайшылап, осқы­рынып, үркетін болды. Же­текшім Мәлік Ғаб­дуллин: «Иә, Қабидаш қарағым, мұны қалай түсінеміз?» деп қояды. Мен айтамын: «Шәкәрім жау ма, жоқ па, ол біздің ел үшін есеп емес. Бұл моңғолда шыққан кітап. Сондықтан мұны шетелде болып жатқан оқиға деп қараңыздар» дедім. Ағалар бір дүрлігіп алды да, шымға сіңген судай басылып қалды.

– Кандидаттықты Алматы­да қор­ғадыңыз ба?

– Иә. М.Әуезов атындағы Өнер жә­не әдебиет институтының ғылыми кеңе­сінде қорғадым. Кеңес мүшесінің құрамында ақын Әбділда Тәжібаев та бар екен. Бұрын сырттай көргенім бар. Осы кісі сөзін «барлықтарыңыз айтқан пікірге толық қосыламын» деп бастады да оқыс төр жаққа бұрылып: «Сіздер жылы үйде отырасыздар. Жағдайларың жақсы. Ғылыммен айналысуға барлық мүмкіндіктерің бар. Сөйте тұра байқап отырсам, қазақтың Абайдан кейінгі әулие ақыны Ақытты білмейтін көрінесіздер» деп салды. 

Осы жерде алғаш рет Ақыт мәселесі қозғалды. Ғалымдар «ойбай-ау ол кісі ту­ралы материалды қайдан табуға болады» деп бір-бірінен сұрасып жатыр. «Кімге не керек, бәрін мен тауып берейін» дедім. «Ойбай сөйте ғой, айналайын!» деп бәрі шуылдасып қалды. Артынан іздеп, сұраған адам болмады. Әбден бертінде 1992 жылы біздің елге ғалым Тұрсынбек Кәкішев барды. Осы Тұрсекең бұған дейін біз жақта жарық көрген Ақыттың өлеңдерін, қисса-дастандарын жиып-теріп қолтығына қысып алып кетті. 

– Ақыттанудың сыртында сіз моң­­­ғолиялық ақын-жыршы Ақтан Ба­би­ұлының шығармасын алғашқы бо­лып зерттеп, ғылыми баға берген жоқ­сыз ба?

– Ақтан Бабиұлы Моңғолия қа­зақтарының Жамбылы есебіндегі адам. Өте алғыр, сөзге ұрымтал, оқыс суырып айта беретін даңғыл ақын. Кезінде моң­ғол жұрты мойындап, мемлекет басшысы Чойбалсын арқадан қағып, ақынның «Бүркіт» поэмасын «Моңғол әдебиетінің озық туындысы» деп бағалаған. Тіпті шығар­маларын моңғол тіліне аударып жеке кітап етіп таратты. Үзінділері орта мектеп­тің әдеби оқулықтарына енді. 

1963 жылы Алматыдан институт бітіріп барған соң Ақтан ақынмен шығар­машылық байланыс жасайын деген ой келді. Оның бергі жағында Алтай-Қобда қазақтарының ауыз әдебиет үлгісін зерттеу үшін Шыңжаң қазақтары туралы білу керек. Ондағы қазақтар жайлы білетін Ақтаннан басқа адам жоқ. 

Өмірінің соңына таман дүркін-дүркін ауру меңдеп жағдайы онша болмады. Өлеңді араб әрпімен жазады. Оны оқитын адам аз. Содан Ахаңа айттым, сіз өлеңді жазбай-ақ айта беріңіз мен қасыңызға жазып отыратын хатшы қойып берейін. Алдында Алматыда оқығанда Жамбыл ақынның қартайғанда қасында хатшысы болыпты дегенді ес­ті­генім бар, соны істеп жүрген түрім. Қа­зақ әдебиетінен орта мектепте сабақ бе­ремін, соны пайдаланып жоғары класс оқушыларын бір-бірден кезекке қой­дым. Осылай көп дүниесін жазып алып қалдым. 

– Осыларын жеке кітап етіп шыға­рып бере алдыңыз ба?

– Барлық өлеңдерін жинап, таңдама­лысын шығарып бердім. Бірақ Өр Алтайдың атақты биі Қара Оспан туралы керемет дастаны бар еді, соны аймақтық партия комитеті алдыртып тас­тады. Моңғолиядағы қазақ ақындары іші­нен алғаш рет толық жинағы шыққан осы Ақтан. 

– Қабеке, сіздің үйдегі жеңгеміз Роза Аманқызы Бекбосынова бұрын­ғы Талдықорған облысы, Сарқан ауда­ны­­ның тумасы. Екеуіңіз қалай тағ­­дыр қосып жүрсіздер?

– Роза екеуміз институтта бір топта оқыдық. Оқу бітіргеннен кейін жеңгеңді тау-тастың ортасындағы тұйық аралда жатқан ауылыма алдап-сулап апарып алдым. 

– Барғаннан кейін Роза апай моң­ғол­дың азаматтығын алды ма?

– Егер ол кісі моңғолдың азаматтығын алып қойса, мына жақтағы төркініне ке­ліп-кету тоқтайтын болды. Оның бер жағында менің де Алматымен қа­тынасым ауырлайтын көрінді. Сол се­бепті апайың ол елдің азаматтығын қабыл­дамады. Сол дұрыс болды. Сөйтіп менің барлық ғұмырым Алтай мен атамекен арасын жалғаумен өтті. 

– Некелеріңіз Алматыда қиылды ма?

– 1963 жылы 23 ақпан күні Алматы да үйлендік. Неке куәлігін алайық деп­ ЗАГС-ке барсақ сондағы орыс қыз­дар айтады: «Әйеліңіз сіздің фами­лияны алуы керек» деп. Содан жаман тіліммен ойбай салдым: «Бұл не сұмдық біз­дің ауылда келін атасының атын атауы аса ауыр қылмыс саналады. Бүй­тіп қор қылмаңдар, үйренген өздерің аталарыңның атын атай беріңдер!» деп жатып келіп туладым. 

– Жарыңызды байөлкелік ағайын­дар жақсы қабылдаған шығар?

– Розаға шетелге шығатын паспорт бермей басы бүтін алты ай қаңғыдым. Зор­ға дегенде паспорт қолға тиді. «Қа­зақ­станнан әйел әкелемін» деп ауылға ай­тып қойғам. «Қабидаш Қазақстаннан қатын әкелгелі жатыр» деп ағайындар қыстай қырылып қала жаздапты. Роза жеңгең екеумізді кәдуілгі аймақ болып қарсы алды. Ел-жұрт ұлан-асыр той жасады. Содан екі жыл бойы ай­мақ халқы күн аралатпай екеумізді қонаққа шақырады. Танымайтын, өңің түгіл түсіңде көрмеген адамдар күнде таңертең келіп тұрады: «Әй, қарағым, анау алыстан келген келінге үйден дәм таттырайық, жалғыз келді ғой, елін-жерін сағынып жүрген шығар» деп, қиылады. Халық Розаны хан көтерді. 

– 1966 жылы жазушы Сәбит Мұ­қанов Бай-өлкеге барды. Қалай қарсы ал­дыңыздар? 

– Сәбеңнің Бай-өлкеге сапары жайлы моңғолдар жасаған үш сериялы деректі фильм бар. Соның біреуі ба­сы бүтін қазақ 10 жылдық орта мекте­бінде жазушымен кездесуге арналған. Оны ұйымдастырған жеңгең екеуміз. Үлкен плакатқа «Советтік сөзге қаламы көр­меген әсте мұқалып, Мұны жазған кәдімгі Сәбит Мұқанов» деп жазып, іліп тастадық. Өлеңдерін класс са­йын­ жаттаттық. Кез келген оқушы шығар­масынан жұлып алып үзінді оқығанда Сәбең шалқасынан түсе жаздады: Сөз бер­генде: «Айналайындар-ау, мені ол жақтағы қазақ жақсы біле ме десем, сендер олардан да жақсы біледі екенсіңдер» деді. Тебіренгені соншалық, көзіне жас алды. Ертеңінде аймақтық драма театр­да ақын-жазушылармен кездесті. Сонда тағы да осы сөзді айтты. 

 – Өткен ғасырдың 90-жылдары елмен бірге қайын жұртыңыз, Тал­ды­қорғанға көшіп келіп, қазіргі І.Жан­сүгіров атындағы Жетісу мем­­­­лекет­тік университеті ішінен «Қазақ­тану» кафедрасын аштыңыз. Осы оқи­ғамен сөз аяғын түйіндесек?

 – Ол заман ел-жұрттың ұлт болуға деген ынта-ықыласы оянған кез еді ғой. 1994 жылы жоғарыда өзіңіз айтқан университет ішінен «Қазақтану» дейтін кафедра аштым. Әрине ректордың қолдау-көмегімен. Бастықтар қолайыңызға қарай жөндеп алыңыз деп бұрынғы Ленин кабинетін берді. Маңдайшасындағы «Оқы, оқы және оқы» деген ұранды жұ­­лып алып, ескі түркіше, шағатайша, төтеше, латынша, қазіргі кирилл әрпімен бес түрлі стенд жасаттым. Кабинеттің ашылуы болды. Оған облыс әкімдігінен адамдар қатысты. Оқу жүйесін, сағат бөлісін, оқытылатын пәндер тізбесін бәрін өзім жасадым. Кафедра ашылған жылы студенттер қабылдадық. Осы балалар қазақтанудың толық курсын аяқтап 1998 жылы университетті бітірген тұста кафедра да жабылды. 

Әңгімелескен Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше