Аймақтар • 02 Қараша, 2018

Жұмысшының ақысы желінбеуі керек

463 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бірер жылдай бұрын Солтүстік Қазақстандағы «Тайынша» жы­лу ме­кемесінің ұжымы жұмысқа шығудан бас тартты. Оларды от­ба­сын асырап, нәпақасын айырып отырған бірден-бір табыс көзінің айлап кешіктірілуі қатты ашындырған болатын.

Жұмысшының ақысы желінбеуі керек

Маңдайы терге малшынып жүріп тапқан табанақыларына ұзақ уақыт бойы қолдары жетпе­ген жұмысшылар кейін бұл қар­сылықты өздерінің құқықтарын белсенді қорғаудың соңғы мүм­кіндігі деп біліп, амалдың жоқтығынан осындай қадамға баруға мәжбүр болған еді. Кейін жүргізілген тексеру барысын­да анықталғандай, мекеме құрыл­ғалы дені дұрыс басшыға жарымапты. Бір басшы сотталып кетсе, енді бірі мекемені шығынға бел­шесінен батырып, тайып тұрған. 

Қарапайым адамдар үшін зей­нет­ақысын, жәрдемақысын, адал еңбекақысын толық әрі мер­зімінде тө­леу – басты міндет­тердің бірі еке­ні сөзсіз. Елбасы Жол­дауын­да атап өтілгендей, бұдан былай лауазымды тұлға­лар­дың жеке тиімділігі және қызметке лайықтылығы қа­зақ­стандықтардың әл-ауқатының өсу өлшемімен бағаланатын болады. Президенттің төменгі еңбек­ақыны көтеру туралы айтқа­ны жер-жерде қолдауға ие бол­ғаны бүгінде еңбектің шешу­ші ұлттық факторына айнал­ғанын, әлеуметтік жаңғырту саясатының не­гізін шынайы еңбек құ­рай­тынын, халықтың тұрмыс сапасын айқындайтын бірінші ке­зек­тегі мәселелерді кейінге ысы­руға болмайтынын көрсетсе керек. 

Алайда, еңбек инспек­ция­сының да, прокуратураның да ес­кертулеріне қарамастан, жұмыс­­шы­лардың еңбекақысын мезгі­лімен өтеуді ойламайтын кәсіпорындар өңірде әлі де болса кез­деседі.

 Мәселен, «Богби», «Тран­савто» сынды екі ірі фирма 43 шаруашылыққа тиесілі бір мил­­лион гектар алқапқа астық өсіріп, 10 мыңға жуық ауыл тұр­ғын­дарының пайларын ие­ленгенімен, ішінара ғана есеп айы­рысқан. 

Ал 2011 жылдан бері жалақы, дивиденд төлеуді мүл­дем доғар­ған. Ақыры жергі­лікті құры­лым­дар лажсыздан банк­рот­қа ұшы­рап, әлі күнге дейін соттың табал­дырығын тоздырумен жүр. Сол сияқты Жамбыл ауданына қарас­ты Қайранкөл элеваторы­ның жал­ақы қарызы да әлі өтелген жоқ.

Жергілікті билік органдары­ның белсенді іс-қимылы, қа­жыр­лы қайраты мен табанды талабы­ның арқасында биылғы жыл өңір эконо­микасындағы негізгі салалардың өсімімен қорытын­дыланбақ. Еңбекақы төлеу жайы да тұрақты. Бір еңбек­кердің орташа айлық жалақысы 107670 теңгеге жетіп, өткен жылға қара­ғанда 7,7 пайызға көбейген. Қар­жы және сақтандыру қызмет­кер­лерінің еңбекақысы –198721, құрылыста– 138107, өнеркәсіпте 108142 теңгені құраған. Орташа еңбекақы көле­мі бойынша Петро­павл қаласы (128513 теңге) мен Қызылжар ауданы (102405 теңге) көш бастаса, Мамлют (84552 теңге), Ақжар аудан­дарын­дағы ахуал (83260 теңге) көңіл көншітпейді. 

Осы орайда, жекеменшік кәсіпорындар басшыларының жалақыны көбейту жөнін­дегі бастамаға қолдаулары құптар­лық. Олардың қатарында «Киров атындағы зауыт» АҚ-ы да бар. Мұнда еңбек ететін адамдардың айлық жалақысы ішкі резерв есебінен 145 752 теңгеге ұлғайған. Темір жол, мұнай-газ кешендері мен радиоэлектроника, сандық теледидар құрал-жабдықтарын шығаратын кәсіпорын заманауи технологиялар әдісімен жұмыс істейді. Маркетинг және сату департаментінің жетекшісі Мәди Бектеновтің айтуынша, былтыр 4,1 миллиард теңгенің бұйымы өндірілсе, жыл аяғына дейін оны 4,6 миллиард теңгеге жеткізу белгіленген. Озық жобаларды игеруге 2,2 миллиард теңге инвестиция тартылған. «Зенченко және К» компаниясында орташа еңбекақы 100 мың теңгені құрайды. Ко­мандиттік серіктестігінің директоры Геннадий Зенченко осы тақырыптағы сұрағымызға:

– Шаруашылығымыз көп сала­лы. Егіншілікпен де, мал өсіру­мен де, қалдықсыз өңдеу­мен де, бау-бақшамен де шұғылда­на­мыз. Әйтпесе, тынымсыз еңбек пен орасан шығынды қажет ете­тін агроөнеркәсіпте табыс­тың тай­қа­занын қайнату қиын. Үде­ме­лі индустриялық-иннова­ция­лық жо­ба­лар негізінде толық ав­то­мат­тандырылған сүт зауыты іс­ке қосылды. Күніне 80 тоннаға жуық сүт өңделіп, Ресейге де жө­нел­­тіледі. Бидай бітік шығып, гек­­тарынан 25 центнер өнім жинал­ды. Әлеуметтік, мәдени ны­сан­дар толық жұмыс істейді. 700-ге жуық адам жұмыспен қам­­т­ы­л­­ған. Ал осынша адам сапа­лы жұ­мыс істеуі, жұмысқа жауап­кер­­ші­­лікпен қарауы үшін оларға дұ­рыс жағдай жасалуы керек. Біз­дің мақ­сатымыз осы, – деп жауап берді.

«Тайынша-Астық» агрофир­масы­ның басшысы Ана­то­лий Ра­фальский қазан айынан бастап 100 жұ­мысшының жала­қы­сын 60 мың теңгеге, яғни, 2 0 пайызға өсі­­ру туралы ше­шім қабылдап отыр. Мұнда да егін­шілік қар­қын­­­­ды дамып, цифр­лан­дыру жүйе­­­сі кеңі­нен енгізіл­ген. Астық өн­­­ді­рісін әр­тарап­тан­дыру жақсы жол­­ға қо­йыл­ған. Егін­шілік мәде­ние­­тін жетіл­діру­дің нәтижесінде ре­корд­­тық өнім алынды. Ма­шина-трак­тор паркі түгелдей жаңар­­тыл­ды. Ет­ті ба­ғыт­тағы бор­да­қылау алаң­дары Зеленый Гай, Вишневка ел­ді ме­кен­дерінде пайдалануға берілді. 

– Кәсіби біліктілігі жоғары еңбек адамын құрметтеу, беде­­лін көтеру, материалдық жағы­нан ынталандыру шаралары ұжым­дық шарт­та айқын белгілен­ген. Ең­­бек­­ақы­ның ке­шік­тіріліп төле­нуі сияқ­ты келең­сіз жайттар біз­де болған емес, – дейді А.Рафальский.

Биыл «Шағала», «Дайын­дық», «Мәмбетов және К» секілді серіктестіктердің басшылары да әріптестеріне қолдау көр­се­тіп, жалақыны өсіруге міндет­теме қабылдап отырғанын айта кетейік. 

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы