Н.Назарбаев өз баяндамасында тарихтан мысал келтіре отырып, бәсекелес күштердің келіспеуі әлемді бірте-бірте соғысқа алып келетінін, терроризмге жол беретінін жеткізді. Шындығында АҚШ, Ресей, Қытай және Еуропа одағының мемлекеттері арасындағы саяси тартыс экономикаға нұқсан келтіріп жатыр. Бәсекеде жеңімпаз болмайды. Әлбетте, аталған мемлекеттерге оның салдары болатыны сөзсіз. Сондықтан мемлекет басындағы саясаткерлердің ымыраға келуі кемел келешекке бастайды.
Н.Назарбаевтың баяндамасынан көп уақыт өтпей АҚШ президенті Дональд Трамптың Ресеймен КСРО кезінде қол қойылған қарусыздану келісімінен бас тартатынын жариялауы қауіптің күшейе түскенінің дәлелі. АҚШ пен Ресей әскерлерінің оқу жаттығу жиындарын жиі өткізуі де бекер емес.
Жаһандық ойыншылар арасындағы бәсекелестік терроризмнің артуына да себеп. Украина, Сирия, Таяу Шығыс, Йемен, Иран сияқты мемлекеттерде терроризмнің өрши түсуі, әр елдің шешімді өз стратегиясы шеңберінде іздеуі, террор топтары туралы ақпараттың түрлі болуы әлемдегі қауіпсіздікке нұқсан келтіріп отыр. ДАИШ құрылғанда бас ауыртпаған Еуропа елдері террористік әрекеттер өзіне келгенше мәселенің маңыздылығын түсінбеген еді.
Бірінші Дүниежүзілік соғыстан кейін құрылған Біріккен Ұлттар Ұйымы күн тәртібіндегі мәселелерді шешуде әлі де шарасыз. Мұның себебі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелерінің қарар қабылдаудағы еркіндігі. Әлемде бейбітшілік орнату үшін БҰҰ-на мүше елдердің құқығы тең болуы шарт. Сирияда, Украинада мыңдаған адамның өмірін жалмаған соғыстың соңы жоқ. Дегенмен үлкен күштердің бұл мәселелерді шешпестен, өзара тартысуы аталмыш проблемаларды одан әрі ушықтырып, жаңа ұрпақтың үмітін сөндіреді.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың 19 қазанында Брюссельде 51 мемлекет пен үкімет басшыларын жинаған Азия-Еуропа саммитінен бұрын «Еурактивтің» бас редакторы Грегорий Готевке берген сұхбатында жаһандануға бастар мүмкіндіктермен бөлісті.
Қазақстан Президентінің бастамасымен құрылған Еуразия Экономика кеңесі, Жібек жолы экономикалық белдеуі мен Еуропа одағы жобаларының «Үлкен Еуразия» деген атпен бірыңғай интеграция жобасы аясында бірлесуге мүмкіндік бар екенін айтты. Бұл серіктестік құру үшін айтылған алғашқы ой. Үлкен Еуразия мәдениеті деп сипатталатын ұсыныс негізінде зерттеу жасап, әрекет ету, конференциялар өткізу мүше мемлекеттердің пайдалы болмақ.
Жаһандық бәсекелестік дамымаған мемлекеттердің кедейлене түсуіне әкеп соғады. Қытай ұсынған Жаңа Жібек жолы жобасы, Ресей ұсынған Еуразиялық экономикалық одақ, Еуропа кеңесінің жобалары сынды ұсыныстардың мақсаты –өмір сүру деңгейін арттыру, даму, демократия мен адам құқықтарының сақталуы. Бұл үш жобаның да көздегенінің бір. Еуропа-Азия мемлекеттерінің серіктестігі барысында уақытты да, мүмкіндікті де тиімді пайдалану маңызға ие. Жаңа Жібек жолы жобасы аясында Қазақстанның орталыққа айналуы көптеген салаларды дамытуға мүмкіндік береді.
Қытай соңғы жылдары технологиялық инвестиция мен технология өндіру тұрғысында ілгеріледі. Алайда шығарған тауарларды сату үшін нарық қажет. Еуропа одағының мемлекеттері бұл тұрғыда тиімді. Яғни, Еуроодақ пен Қытай арасындағы байланыс екі тарап үшін де ұтымды болады. Мемлекеттер арасындағы экономикалық серіктестік уақыт өте мәдени әріптестікке ұласпақ. Осылайша, Азия-Еуропа арасындағы экономиканың ілгерілеуі сияқты Еуразия мәдениеті де алға басады.
Қазақстан Орталық Азия мемлекеттерінің дағдарысын шешуші көшбасшы ретінде танылды. 2017 жылы наурызда Астанада Орталық Азия кеңесінің алғашқы жиыны өтіп, өңірдегі серіктестік мәселелері талқыланды. Шекара туралы түйін тарқап, өзара бәсекелестік серіктестікке ұласты. Бұл қадам Қытайдың Жібек жолы жобасын Орталық Азияның басқа елдерінің пайдалануына мүмкіндік береді. Азиядағы проблемалардың шешім табуы Еуропамен экономикалық және саяси серіктестік құруға мүмкіндік береді. Сондықтан Қазақстан ұсынған сыртқы саясат стратегиясы Еуразия құрлығына тыныштық, бейбітшілік пен жандану алып келмек.
Н.Назарбаев айтқандай, бүгін және келешекте адамзатты сақтаудың жалғыз жолы – әлем мемлекеттері мен көшбасшыларының келіссөз жүргізуі. Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан халықаралық диалогты жақсарту үшін тер төгіп келеді. Түркия мен Ресей кейінгі жылдары бұл мәселеде Қазақстанмен ынтымақтаса жұмыс істеп келеді. Осылайша барлық әлемді жұмылдыруға ниеттіміз. Жаһандағы мәселелер қарумен емес келіссөздермен шешіледі.
Салих ЙЫЛМАЗ,
Профессор, доктор, Анкара Йылдырым Баязит Университеті Ресей зерттеу институтының басшысы, саясаткер
Мақаланы аударған Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»