Жеңіл атлетика • 05 Қараша, 2018

Жеке рекорд жетістік емес

1396 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әлем спортында «Спорт падишасы» атанып кеткен жеңіл атлетиканың алар орны ерекше. Өйткені желменен жарысқа түскен спортшылардың өнері кім-кімді болсын таңдандырмай, тамсандырмай қоймайтыны анық. 

Жеке рекорд жетістік емес

Қазіргі таңда жеңіл атлетикадан АҚШ, Ямайка және Кения спортшыларының аты аспандап тұр. Дегенмен спорттың бұл түрінен қазақ спортшылары да қара жаяу емес. КСРО дәуірінде бірқатар жерлесіміз Олимпия ойындарында жеңістің биік тұғырына көтерілгенін көзіқарақты жанкүйер ұмыта қоймаған болар. Мысалы 1952 жылы Хельсинкиде және 1956 жылы Мельбурнда өткен дүбірлі додада жерлесіміз Владимир Сухарев 4х100 метрлік эстафеталық сайыста күміс медаль еншіледі. 

Ал 1960 жылы Ғұсман Қосанов Рим Олимпиадасында қазақ спортшы­ларының арасында тұңғыш жүлдегер атанып, күміс медальға ие болды. Ғұсман Қосановты айтқан кезде Әмин Тұяқов ағамызды ұмыт қал­дыру мүмкін емес. Екеуі қазақ жеңіл атлеттері арасында алғаш КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебе­рі нормативін орындап шықты. Тәуел­сіздік жылдары қазақ жеңіл атлетика­сының көшін алға сүйреген спортшы­лардың қатарында Ольга Шишигина мен Ольга Рыпакованы айтуға болады. Қос Ольга Олимпиаданың ең биік тұғырына көтеріліп, Көк бай­рағымызды көкте желбіретті.

Қазіргі таңда Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында ең көп медаль дәл осы спорт түрінен сарапқа салынады. Атап айтсақ, Олимпиада мен әлем чемпионатында жеңіл атлетика спортынан 47 медаль үлестіріледі. Тек 2017 жыл өткен әлем біріншілігінде 48 медаль сарапқа салынса, келесі жылы Дохада өтетін байрақты бәсекеде медаль саны тағы біреуге артпақ. 

Сөз басында бұл спорт түрінен АҚШ, Ямайка, Кенияның аты озып тұр дедік қой. Сөзіміз жалаң болмас үшін соңғы үш Олимпиада мен үш әлем чемпионатындағы нәтижелеріне тоқталсақ та жеткілікті шығар. 

Бейжің Олимпиадасы (2008 жыл) – 1. АҚШ – 23 медаль (7+9+7), Ре­сей – 18 (6+5+7), 3. Кения – 14 (6+4+4).

Лондон Олимпиадасы (2012 жыл) – 1. АҚШ – 28 медаль (9+12+7), 2. Ре­сей – 14 (6+3+5), 3. Ямайка – 12 (4+4+4).

Рио Олимпиадасы (2016 жыл) – АҚШ – 32 медаль (13+10+9), 2. Кения – 13 (6+6+1), 3. Ямайка – 11 (6+3+2).

Әлем чемпионаты (Ресей, 2013 жыл) – АҚШ – 25 медаль (7+13+5), 2. Ресей – 12 (6+2+4), 3. Ямайка – 10 (6+2+2).

Әлем чемпионаты (Қытай, 2015 жыл) – Кения – 16 медаль (7+6+3), 2. Ямайка – 12 (7+2+3), 3. АҚШ – 18 (6+6+6).

Әлем чемпионаты (Англия, 2017 жыл) – АҚШ – 30 медаль (10+11+9), 2. Кения – 11 (5+2+4), 3. ОАР – 6 (3+1+2).

Енді қазақстандық жеңілат­лет­тердің әлемдік аренадағы жүлделер санын есептеп көрсек.

Бейжің Олимпиадасы (2008 жыл) – 1 күміс.

Лондон Олимпиадасы (2012 жыл) – 1 алтын.

Рио Олимпиадасы (2016 жыл) – 1 қола.

Әлем чемпионаты (Ресей, 2013 жыл) – 0 медаль.

Әлем чемпионаты (Қытай, 2015 жыл) – 1 қола.

Әлем чемпионаты (Англия, 2017 жыл) – 1 қола. 

Қазақстандық жеңілатлеттер арасында ерлерге қарағанда қыздардың нәтижесі көңіл қуантарлық. Өйткені  қыздарымыз бірнеше жылдан бері ішкі біріншілікте мұрты бұзылмай келе жатқан рекордтарды жаңартып, халықаралық ареналарда топ жарып жүр. Атап айтар болсақ, үш қарғып секіру бойынша 33 жастағы Ольга Рыпакова соңғы үш Олимпия ойындарының үш медалін (алтын (2012 ж), күміс (2008 ж), қола (2016 ж)) иеленсе, 2015 және 2017 жылғы әлем біріншілігінде қола жүлдеге қол жеткізіп жүр. Мұнан бөлек, Азия ойындарының төрт алтыны бар. Ел қоржынына орғып та, қарғып та секіріп медаль салып жүрген Рыпакованың жеңіл атлетикаға сіңірген еңбегі орасан. Ольга Рыпакова үш қарғып секіру бойынша 2010 жылы Хорватияда өткен құрлықтық турнирде 15.25 метрге секіріп, өз рекордын ғана емес Азия құрлығының рекордын орнатқан болатын. Арада 8 жыл өтсе де, Азия құрлығынан отандасымыздың рекордын жаңартатын спортшы табылмай тұр. Рыпакова әлем рекордын орнатқан украиналық Инесса Кравецтен 25 см кем секірген.

Сондай-ақ қазақстандық жеңіл­атлет қыздардың арасында қысқа қашық­тыққа жүгіретін Ольга Сафро­нова (100 м) мен Виктория Зябки­наның (200 м) нәтижелерін ауыз толтырып айтуға болады. Былтыр Үндістанда өткен Азия чемпионатында Сафронова 100 метрге жүгіру бойынша бір күміс, бір қола медаль алса, Зябкина 100 және 200 метр қашықтықта құрлық чемпионы атанды. Ал эстафеталық сында Виктория Зябкина, Рима Кашафутдинова, Мерджен Ишанкулиева және Ольга Сафронова төрттігі қарсыластарын шаң қаптырып, мәреге бірінші болып жеткен. Джакартадағы Азия ойындарында Виктория Зябкина, Элина Михина, Светлана Голендова және Ольга Сафронова төрттігі қолаға қол жеткізді. Жеке нәтиже бойынша екі спортшы да 2016 жылғы ел біріншілігінде Қазақстан рекордын орнатқан. Сафронова 100 метрді 11,9 секундта, Зябкина 200 метрге 22,66 секундта жүгіріп өткен. 

Ерлер арасында 22 жастағы Ми­хаил Литвиннің нәтижесі мамандар көңілінен шығып жүр. Ол биылғы Азия ойындарында эстафеталық жарыста қола жүлде алса, жаз айында Алматыда өткен ел чемпионатында 400 метр қашықтықты 45,50 секундта жүгіріп, Қазақстанның жаңа рекордын орнатты. 
Жеңіл атлетика спорты көп медаль жиынтығы сарапқа салына­тын­дығымен ғана емес, әлем бойынша ең көп рекорд тіркелетіндігімен де жанкүйерлердің назарын өзіне аударады. Әр Олимпиада немесе әлем біріншілігі кезінде қай спортшы рекорд жаңартады екен деп елеңдеп отыратынымыз белгілі. Әдетте әр жарыс кезінде спортшылардың же­ңісін және жеңілісінен ғана хабар­дар болып отырғанымызбен олар­дың қандай нәтиже тіркегенін ұмыт қалдырып жатамыз. Жеңіл атлетикада нәтиже көрсетіп жүрген қазақ­стандық спортшылардың және олардың әлемдегі қарсыластарының рекорд кестесін ұсынамыз.

Р.S. Міне бүгінгі жеңіл атлетика спортының жай-күйі осындай. Кес­телердегі нәтижеге қарап-ақ қазақ жеңіл атлетикасының жағдайын білуге болады. Сондай-ақ чемпиондық атаққа қол жеткізу үшін спортшыларымызға біраз тер төгіп, әлі де еңбек етуге тура келетінін бағамдай беруге болады. 

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»