Бауыржан ақынның ұлт болмысын, қазақы қасиетін айғақтайтын айшықты өлең-жырлар жазуда айрықша талантымен танылған әріптестерінің алдыңғы сапында жүргенін айту парыз. Ал ақынның өзге шайырлардан өзгешілігін айқындап тұрған ой-пікірінің, толғам-түйінінің жаңалығы, сөзді түрлендіріп қолданудағы тың тәсілі, ұйқас, ырғақ, теңеу сынды өлеңнің сынын келтіріп, сыр-сипатын айғақтайтын бірегей белгілерінің бәрі төрт аяғын тең басқан жорғадай келісімді болуы. Ақын поэзиясының бағасын асырып тұрған осы қасиеттері. Бауыржан өз өлеңдерінде ұлттық мінез, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, таза қазақы қалпымызды әспеттеп жазудан жаңылған емес. Оның әр сөзінен қазақтың иісі шығып тұратыны да шындық.
Алапат арынды ақынның салған жерден жүректерді жаулаған, өрттей лаулаған жалынды жырлары қолыңа түскен бетте жалт қаратып, көз жаздырмай оқи беруіңе мәжбүрлейтін тартымдылық қасиетімен де ерекшеленіп тұр. Сырлы сөзімен жүрегіңді қозғайтын өлең-жырларының жып-жылы шуағына шомылып, әрі-сәрі қиялға беріліп, көңіліңді аңсаған арман-тілегін әлдилей жөнелетіні де ғажап.
Бауыржанның өлең-жырлары тұнып тұрған таза қазақы ұғым, түйсік, таным, тәлім сынды ерекше сипатымен құнды. Мысалы «Киіз үй», «Алаша», «Білте шам», «Домбыра», «Тайқазан», «Әжемнің ұршығы», «Балқаймақ», «Бәйге», «Көк жусан», «Күрең жол», т.б. сияқты өлеңдерінің атауларына қарап оларды этнографиялық тақырыптағы өлеңдер екен деп ойлайсың. Солай екені де рас және мұндай мазмұндағы жырларды барша қазақ ақындары жазған. Алайда Бауыржанда тақырыбы ұқсас болғанымен түйіні өзгеше. Ой-сезімі қатар өрілген өлеңдерден ақынның жүрек толқынысын, көңіл айнасына түскен өмір-тіршілік көріністерінің суретін көресің. Айдың киіз үйге иегін сүйеп тұрып, таң атып, күннің аспанға көтерілгенін көрген оның қиялы көкке өрлеп, әжесінің асыл бейнесі, туған жерінің жазиралы жайлауы, өзен-көлдері, орман-тоғайлары елестеп, өзін алыста қалған ауылында жүргендей сезінетін Бауыржан ақынның білте шамды жанына жарық берген, білімнің шырағын жаққан киесі санаса сенесің. Сондай-ақ білте шамның жарығымен оқыған эпостық жырлардың кейіпкерлерімен кездесіп, танысып-табысып, балалық дәуреніңді соларға еліктеп өткізгенің есіңе түсіп сол Қобыланды, Алпамыс, Ер Тарғын, Ертөстік, Қамбар сынды батыр-бағландармен, Гүлбаршын, Құртқа, Қыз Жібек, Баян сұлу, Күн астындағы Күнекей сынды арулармен жүздесіп, Кендебайдың Керғұласын, Тайбурылды, Байшұбарды, Тарланбозды мініп, бәйгеге шапқандай сезінесің. Иә, терезеден күлімсіреп Ай қарап тұрған түндерде қара шалдарға – аталарына батырлардың көзсіз ерлігі, ессіз ғашықтардың сүйіспеншілігі хақындағы балалық қиялыңды тербеген хикаяларды оқып берген кездерді ойыңа оралтып, сағындыратын да Бауыржан ақынның өлең-жырлары.
Ескілікті еске түсіретін тағы бір өлеңге тоқтала кетейін. Ақын «күнге ұшып кеткен» әжесінің төр үйде тұрған ұршығын көргенде көңілі толқып:
...Кетсең де алыс Күнге ұшып,
Кетпейсің естен, ендеше.
Өзің боп мені жүр құшып
Сен тоқып берген кеудеше...
Әжесі тоқып берген кеудешенің тәнін ғана емес жанын жылытып жүргенін жырлағанда өрнектеуінде үлкен сыр жатыр. Ата мен әжені, әке мен шешені қадірлеудің қазақы қалпын айта отырып, сол қасиеттің бүгінгі ұрпаққа жұғысты болуын меңзеп отыр. Сондай-ақ осы бір өлеңнің екінші астары барын да аңғарасың:
...Ұршық қой мына Уақыт
Жіп қылып бәрін иірген...
Бауыржан ақын адам мен заман тағдыры Уақыт деген ұлы ұғымның уысында екендігін ескертіп, оны күйбең тіршілікке алданып, бекер өткізбеу жайында әңгіме қозғап отыр.
Осы жерде бір өзгеше ойдың ұштығы шығып тұр. Оқырмандар тарапынан ақыннан қазіргі уақыттың жыры таусылып қалғандай өткен заманның сырына үңіле беруінің себебін сұрауы ықтимал ғой. Менің ойымша оның жауабы: өткеннің киелі өнегесін бүгінгі өмір-тіршілікке сабақтастыра жалғастыру яғни бұл күндері қоғамға қозғау салып, қызу талқыланып жатқан ұлттың жаңғыру мақсатын көздеген көкейкесті мәселенің бастауы десем дөп болар. Бұл ақынның әдеби тәсілді қолданудағы бір қыры. Оның өзі тапқан оңтайлы екінші қырының да мәнісі мәнді. Өткен өмір – балалық шақтың мөлдір тұнық сезімдері арқылы ой толғап, өлең өрнектеу шынайы шындықты айтып, адамдардың жан дүниесін жасандыруға, ұлттық рухын көтеруге өте қажетті, шарапатты шара.
Қазақтың тұрмыс-тіршілігінің суреттерін өлең-жырларының арқауына айналдырған ақын ұлт өмірінің сол бір өзгеше таным-түсінігінің тамырын тереңнен қопарып, жаңаша парасатты ой сараптауға шебер шендестірген. Мысалы «Бәйге» деген өлеңде суырыла шапқан сәйгүлік аттардың қашан сөре сызығын аттағанға дейінгі делебесін қоздырған жарысын қызықтай әрі келістіре жыр кестелеген ақынның тапқырлығы түйінінде. Мына өлең жолдарын оқысаңыз біздің пікірімізге қосыла кетеріңіз кәміл.
...Көңіл емес бәйгесіз
Қазақтардың көңілі:
Өмір емес бәйгесіз
Қазақтардың өмірі – дей келе:
...Оқтай зулап кетеді,
Аянбайды шапқанда.
Өмір жарыс екенін
Түсінгендей аттар да.
Әрі қарапайым, әрі қазыналы қағида.
Ел аралап, жер шалған ақын атамекеннің таңғажайып табиғатына – сұлулығына сұқтанып, тірі адамдай тілдесіп, тылсым сырын түсініп жүрегінен жыр ұшыруға сондай құштар. Ол жапан даланың дидарын тамашалай жүріп те талай – ойға батып өлең өрнектеген. Бір жолы қатар жатқан екі көл – Тұздыкөл мен Тұщыкөлді көріп, дертке дауа суына шомылып, дәру алғанын сағынышпен есіне алып, оны өлеңге көшіріпті. Алайда ақынның айтар ойы, ақтарған сырының астары әріде жатыр.
...Екі көл боп көріндің,
Беу, табиғат, күштісің!
Сездіргендей өмірдің
Ащысын мен тұщысын...
Қарапайым мысалмен-ақ адам өмірінің терең сырын шерткен шайырдың ақындық шеберлігін анық аңғарасың.
Әлбетте, туған жер туралы жүрегі егіліп-төгіліп жыр жазбаған ақын жоқ. Таптаурын тақырып. Алайда нағыз ақындар атамекенге арнауларын өзгеше арна тауып жазуға ұмтылған. Бауыржан да осындай бағдар ұстанған. Ол өзінің кіндік қаны тамған, тал бесігін тербеткен алтын ұя ауылын, өсіп-өнген өңірін: Арқатты, Абыралыны, Қарауылтөбені, Жидебайды, Шыңғыстауды, Семейді, Ертісті есіне алса болды «кеудесінен жібек жыры тарқатыла» жөнеледі. Ауылын есіне алған сәтте тіпті түтінінің иісін сағынатыны бар.
Ауылдың сыртына шағын, қыр асса болды қарсы алатын тобылғысай, сәмбі тал, майқараған, көк жусан, көкорай шалғын ақынды шабыттандырып, ойына өлең жолдарын оралта кетеді:
...Күлім қағып ақ әжем,
Күбі ыстаған тобылғы...
Бабам өрген қамшының
Сабы болған тобылғы...
Немесе:
...Алтын шашы жайылып,
Күміс суға шайылып,
Түнгі аспанда талықсып,
Жалаңаш Ай толықсып,
Шомылғанын өзенде,
Талай көрген сәмбі тал...
Арда қазақтың атам заманнан бергі арманы өз басының бостандығы, елінің еркіндігі еді ғой. Ұлан даланың бүгінгі ұрпағын тәуелсіздік таңы атып, сол көксеген атамұратына жеткізді. Ендеше ел-жұртының көл-көсір қуанышын азамат ақын қалайша өлең-жырларына арқау етпесін. Бауыржан ақынның мына бір өлеңі Тәуелсіздік тойына шашылған жыр-шашу.
...Мың тоғыз жүз тоқсан бір –
Бабама болған арман жыр,
Басыма бақыт қонған жыл,
Қазақтың көкте жұлдызы
Жарқырап тұрып жанған жыл.
...Шаттыққа кеудем толған жыл
Өз тізгінін өз елім
Қолына берік алған жыл.
...Іргесі бүтін, Тәуелсіз
Қазақстан болған жыл!..
Бодандықтың бұғауынан құтылып, бостандықтың көк туы желбіреген еркін еліміздің қуанышын төгілте жырлаған ақынның асыл сөздерін Алаш жұртының Тәуелсіздікке айтқан тәубесі деп қабылдаймыз. Қазіргі кездегі басымыздан өткеріп жатқан қоғамдық-әлеуметтік сілкіністердің самалы мен салқыны азамат ақынды толғантпауы мүлдем мүмкін емес. Уақытпен үндесе, замандастырымен тілдесе отырып, ой толғап, жыр кестелеген ақынның жүрекжарды жырларының оқырмандарын ойлантып-толғантар ақиқаты да, көркемдігі де керемет.
Айтқандай, ақын қазақ сөзінің қадір-қасиетін көздің қарашығына балап, өлеңдерінің өріміне қисынын тауып, қиыстыра өрнектеудің шынайы шебері. Мына бір сөз тіркестері мен теңеулер тізбегі осы пікіріміздің дәлелі: «Шашылған жұлдыздардың арасында, Ай-асық алшы түсіп, туды оңынан», «Ақбоз үйдің түрілген түндігінен, Жұлдыз күліп қарайды, Ай сығалап», «Ағаштар бір-біріне бас изесер, Сырласып таудың бипаз самалымен», «Күн-сәбиді өмірге әкелмек боп, Көзін ілмей Түн-ана толғатады», «Демін ішке тартып дүлей бір боран, Бұталардың бұғып жатыр түбінде», «Кемпірқосақ та керілді, Садағындай боп сақтардың», «Таң атты жасыл шалғынның, Көзінен жасын парлатып»... Тізбелесек таусылар емес. Осы мысалдардан-ақ ақынның сөз зергері екендігі байқалар. Иә, осылай. Тасбұлақтай тасқынды, арғымақтай арынды, моншақтай мөлдір, көктемдей көгілдір, жақұттай жарқылдаған өлең-жырларды оңашада оқи отырып өзіңнен-өзің ойланасың, толғанасың, елжірейсің, егілесің, бір керемет сезімге кенелесің. Мазмұны мен мақсаты сөзінің астарынан аңғарылатын текті өлеңдердің өзегі де, өрнегі де, түр түрегі де айрықша айшықты. Жазылуы жаңаша, өзгеше өріске шыққан шуақты да қуатты өлеңдерінің жаратылысы бөлекше.
Жалпы Бауыржан Жақыптың айтулы ақындығына азды-кем тоқталдық. Бұл оның өнерінің бір қыры ғана. Шығармашылық жолын түгел қамтыр болсақ, оның тарихи тақырып пен жаңа заман өмірі қосамжарлана қанат қаққан поэма- дастандары мен балладалары хақында арнайы мақала жазар едік. Сондай-ақ ғылым жолындағы оқымыстының ерен еңбегін таратып айтуға да болар еді. Оның бәрі келешекке аманат.
Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты