Өз басым 11 бала тәрбиелеп отырған анамын. Түсінікті болу үшін айта кетейін, алтауы өзімдікі, бес перзентті асырап алдым. Осы арада түйткілді бір жай, бауырына басқан балалардың он сегіз жасқа толғаннан кейінгі тағдыры. Мәселен, екі қызым бүгінде он сегізден асты. Кәмелеттік жастан асқан соң мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек тоқтатылады. Әрине, өмір бойы оларды ешкім асырамайтыны анық. Бірақ, мені ана ретінде осы балаларымның болашағы қатты толғандырады. Әлі өз қолдары өз ауыздарына жете қойған жоқ.
Біреуі заңгер, екіншісі шаштараз мамандығын игеру үшін білім алуда. Осы арада биылғы Жолдауда ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру үміт отымызды лаулатып отыр. Әсіресе, еңбек жолын жаңа бастаған, қолтығынан демейтін жанашыры аз осындай балалар таршылық көрмей, қатарға қосылып кетеді ғой. Күнкөріс деңгейі шынын айту керек, көп дүниеге әсер етеді. Кейде шаңырақ та содан шайқалады. Осы салада жұмыс істегеннен кейін баланың жетім қалу жайы неліктен орын алып отыр деген сауалға сан мәрте жауап іздедік. Себеп өте көп.
Мысалы, жалақының жетімсіздігі, жұмыстың болмауы, пәтерге қол жетпеу, балаларын бақшаға орналастыра алмауы. Осындай салдарлар шаңырақтың шайқалуына себепші. Биыл біздің облыста шаңырақ көтерген жастардың тең жартысы ажырасып кеткен деген де дерек жоғарыдағы жағдайлардың кері әсерінен орын алған.
Биыл Есіл ауданындағы балалар үйі жабылды. Осы жерде екі айдай жұмыс істеп, сексен баланы асырап алғысы келгендерге табыс еттік. Бұл арадағы жауапкершілік жүгі орасан зор. Балалармен ғана емес, болашақ ата-аналармен де үлкен жұмыс атқарылды. Ең бастысы, жетімді жебеймін деген жанашыр жандар көп екен. Соған қуандық. Бұл мысал біздің қоғамның ізгілігін көрсетеді. Жетімнің жаны нәзік қой, сәл нәрсеге өкпелеп қалуы мүмкін. Уызға жарымаған бала болғандықтан, шыны ұстағандай абай болу керек. Міне, осы мәселені ата-аналарға әбден ұғындыруға тырыстық.
Өзім мектепте психология пәнінен сабақ бердім. Сондықтан бір перзентке зар болған ата-ананың да, жалғаннан жақсылық іздеген жетімнің жайын да жақсы білемін деп айта аламын. Бар балаға білім беретін мұғалім еңбегін бағалау, оларды көлденең шаруаға жекпеу туралы да тамаша айтылған. Өйткені олар болашақтың бағбаны ғой. Байыптап қарасаңыз, Жолдаудағы айтылған мәселелердің бәрі бір-бірімен сабақтасып жатқан дүниелер. Ендігісі Елбасымыз айтып отырған, елдің көкейінде жүрген ортақ міндетті жүзеге асырсақ, қоғамның кемдігі бүтінделіп, алға басқан қадамымыз нық бола түсер еді.
Құралай ЖҰМАБЕКОВА,
«Ана үйі» қоғамдық қорының
«Жанұя» бала асырап алуды қолдау
Ақмола орталығының өңірлік өкілі
Ақмола облысы,
Есіл ауданы