Мұқағалидың өзіне ғана тән қайталанбас бейнесін бедерлеуге деген шынайы ұмтылыс суретшіге шабыт берген. Мұның ақынның алғашқы типтік портреттерінің жарыққа шығуына да септігін тигізгені анық. Мына портреттердегі бес түрлі Мұқағали бейнесі ақын көңіл күйін сан қырынан танытардай. Оның адам ретінде және ақын ретіндегі образы қоршаған орта арқылы сипатталады. Қылқалам иесі «Ақын деген табиғат қой, қысы, күзі, жазы бар» деп Мұқағалидың өзі айтқандай, ақын жанының сан тарау ырғақтарын, ішкі бұлқынысын, жүрек толғанысын, әп-сәтте құбылатын көңіл күйін тап басуға талпынады.
Жан баласын жатсынбай жан сырын жайып салатын ақеділ аңғалдық, сәл жалғандық сезілсе қара аспандай бұлттанатын найзағай тектес өр мінез, жасқа да, кәріге де құшағын бірдей ашатын қарапайым қасиет, сәбидей пәк алғаусыз көңіл тазалығы, айнымас азаматтық болмыс – біздің ойымыздағы Мұқағали тұлғасы. Суретші ақын бойындағы дәл осы қасиеттерді айнытпай кейіптеуге күш салған.
– Жасымнан Мұқағалиды жата-жастана оқыдым. Оның әлеміне өлеңі арқылы бойладым. Мұқағали өлеңдеріндегі көптеген кейіпкерлерді бейнеледім.
Қулары қырдың қызыл түлкісі дер,
Момыны біздің үйдің кірпіші дер.
Мәңгілікке өзіммен ала кеткен,
Менің нәзік жанымды кім түсінер, – деп ақын өзі жырға қосқандай, оның ішкі әлемін, салқар сағынышын, асау шабыттың тынымсыз тоғысқан тасқындарын өз дәрежесінде түсіне алмаған да шығармыз. Десе де портреттік бейнелер арқылы көрерменді Мұқағали әлеміне бойлатуды мұрат тұттым, – дейді Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Нұрболат Ысқақов.
Мұқағали өз күнделігінде: «Мені адамның өзі, сыртқы сүлдері емес, мінез-құлқы, қатынасы, ойы мен психологиясы қызықтырады. Оларды түсінуге тырысамын. Адамдарды түсіне отырып, олардың да мені түсінгенін қалаймын» деп жазыпты. Біз ақынның жан дүниесін өмірінің өзегіне айналған өлеңдерінен танығандай боламыз. Көңіл көгімізде сақталып қалған сағыныш сезімдері, ақын дидарын ашатын мұндай бейнелер жанарға жасырынған мәңгілік жұмбақ әлемге жетелейтіндей көрінеді де тұрады.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ