Тарих • 13 Қараша, 2018

Жарияланбаған автономияның ақыры

593 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ және «Ел» продюсерлік орталығы бірлесіп түсірген «Алаш туы астында» атты деректі фильмінің арнайы көрсетілімі ұйымдастырылды. 

Жарияланбаған автономияның ақыры

Өткен ғасыр басында алашшыл ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Алаш туы астында, күн сөнгенше сөнбейміз!» дейтін жалынды жырын тақырып етіп алған туындының бас кеңесшісі танымал ғалым Мәмбет Қойгелді болса, фильм режиссері – Ерген Тоқмұрзин. Ал деректі шығарманың сценарий авторы және оқиғалар тізбегіне жан бітіріп, өткен тарихты тәпсірлеп жеткізуші журналист – Болат Мүрсәлім. 

Тарихи, саяси, әлеуметтік құндылықтардың ара жігін аша түсу үшін фильмді түсірушілер Алаш қайрат­керлерінің ізі қалған Семейдегі «Алаш қаласы» аумағында, Мәскеудегі Кремль, Санкт-Петер­бург­тегі Дума отырыстары өткен Таврия сарайын­да, Смоль­ныйда, қазақ зиялылары көптеп білім алған Петербор және Қазан университеттерінде, Уфа­дағы Мемлекеттік мәжіліс өткен бұрынғы «Сібір» қонақүйінде түсіру жұмыстарын жүргізіпті. 

Барлығы 52 минуттан тұратын деректі фильм: «Оян, қазақ!», «Жарияланбаған автономия» және «Қатерлі өткел» атты үш бөлімнен құралған. Әр бөлімнің өзіндік жүгі бар. Фильм авторлары «Алаш қайраткерлері неге тәуелсіздікті емес, автономияны таңдады? Алаш әскері қалай құрылды? Алаш автономиясы құрылды ма, жоқ па?» деген сияқты сұрақтарға жауап іздейді. Соңғы «Қатерлі өткел» бөлімінде Алаш қайраткерлерінің қазақ шекарасын шегендеуі, Голощекин қырғыны, сталиндік репрессия сияқты оқиғалар назарға алынады. 

Сөз аяғын алаштанушы ғалым М.Қойгелдінің «Алаш идеясы – тәуелсіздік мыңжылдықтар бойы жасай беретін болса, онда ең соңғы қазақ өлгенше бірге болатын мәңгілік идея» деген пайымымен түйіндегенді жөн көрдік.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»