Білім • 13 Қараша, 2018

«Абай болмаса, «Мирас» болмас еді...»

395 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік жылдарынан бұрын ана тіліміз есіктен қарап қалған, асыл дініміз аяқасты болған, ұлттық өнерге ешкім мойын бұрмаған Қостанайдың халі нешік еді? Ал қазір қалай? Бұрын қазағы екі пайыздан аспайтын Рудный қаласындағы бүгінгі 3 қазақ орта мектебі ана тіліміздің кесілген дарағының көктегенін елестетер еді. 

«Абай болмаса, «Мирас» болмас еді...»

Облыс өңіріндегі аудандар мен қалалардағы, ірі елді мекендердегі ме­шіттер имандылық сәулесін төгеді. Қазақтың театр өнерінің дарабоздарын берген Қостанай жерінде 2000 жылы Қазақ драма театры отауын көтерді. Облыстық филармониядағы «Ақ же­лең» ұлт-аспаптар ансамблі, қазақ ұлт-аспаптар оркестрі, Қостанай қаласындағы «Мирас» ұлт-аспаптар ансамблі қазақтың ән-биін шет жерге дейін танытып жүрген өнер ұжымына айналды. Міне, санамалаған осы істің бәрінің басында әу баста «ұлтымның өнері – өмірім» деген патриот адамдар жүрді. Соның бірі дәулескер күйші, өнерпаз Абай Әмірханов еді. Ол 90-жылдары Қостанай қалалық мәдениет басқармасы жанынан «Мирас» ансамблін құрды. Өнер ұжымы осы күнге дейін сахнадан түскен жоқ, Абай Ғазизұлының талантты шәкірттерінің бірі Берік Оразалин игі істі лайықты жалғастырып келеді. Облыс орталығындағы өтіп жататын мәдени шараларда ансамбльдің әнші-күйшілерін тыңдаған көрерменнің көңілі желпініп сала береді. 

Абай Ғазизұлы ұлттық өнерді насихаттауда мұнымен шектеліп қалмады. Ол түркі тілдес жастардың басын біріктіріп, «Орал мұңы» ха­лық­аралық фестиваль-байқауын ұйымдастырушылардың бірі болған еді. Екі жылда бір рет Баш­құртстанның астанасы Уфа қаласында өтетін бұл өнер жарысына Қырғызстан, Түрік­менстан, Қазақстан, Ресейдің Алтай Республикасы, Чешенстан, Дағыстан, Хакасия, Тува, Татарстан, Башқұртстан республикалары және басқа елдерден ұлттық өнер майталмандары жиналып, думанды қыз­дыратын. Абайдың «Мирасы» сол өнер бәйгесінен жүлделі оралатын. Абай Қостанайда кәсіби музыка мамандарын даярлауда көп тер төкті. Қостанай мемлекеттік педа­гогикалық институтындағы өнер фа­культетін басқара жүріп шәкірттер тәрбиеледі. Кейінірек Астана қаласына қызмет ауыстырып, онда «Сарыарқа» ансамбліне жетекшілік етті. Астана қалалық филармониясын басқарды. Амал не, өнерпаз небәрі 47 жасында өмірден озды.

Талай дарынды берген Торғайда туған Абайдың өнерін сол өңірде білмейтін жан жоқ шығар. Жастайынан домбыраның құлағында ойнаған күйшінің талантын үлкен-кіші құрметтеді. Жақында Қостанай қаласында өткен «Ғасырлар пернесі» облыстық фестивалі Абай Әмірхановты еске алуға арналды. Оған облыстың Жангелдин, Амангелді, Федоров, Алтынсарин аудандары мен Арқалық қаласынан келген жеті өнер ұжымы қатысты.

– Қайсыбір жылы облыстық мәде­ниет сарайын ашар кезде оған ат қою керек болды. Сол кезде қалалық әкімдіктегілер: «Мирас» ансамблі ең бірінші осы ғимаратта құрылған еді. Ендеше, мәдениет сарайының да аты «Мирас» болсын» деп, біздің ансамбльдің атын қойған. Егер Абай болмаса, «Мирас» болмас еді. «Мирас» болмаса, өнер отауына ондай ат қойылмас па еді, бәлкім. Бүгін талантты өнерпаздың аруағы бір аунап түскен шығар. Бүгінгі кешті ұйымдастырып отырған облыстық филармония мен қалалық мәдениет бөліміне, «Мирас» мәдениет үйіне алғысым шексіз, – дейді белгілі композитор Қалибек Деріпсалдин.

Фестивальда оркестрлер орындаған қазақ композиторларының күйлері, клас­сикалық шығармалар жүрек те­бі­рентті. Сондай-ақ халықаралық бай­қаулардың жүлдегерлері Манапбек Қадыров, Азамат Мұқатов, Күнсұлу Жақаева, Қыдырбек Қиысқан, Ботагөз Дүбірбаева, Байдос Қожасағиев, Нұрсұл­тан Қасым секілді әншілер көрерменін ән құдіретіне бөледі. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ