Спорт • 15 Қараша, 2018

Мықтылармен бәсекелесе алмадық

594 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жақында Дохада спорттық гимнастикадан әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. 10 күнге созылған бәсеке барысында 80-нен аса мемлекеттен келген 550 үміткер 14 жүлде жиынтығын сарапқа салды. Жарыс қорытындысы бойынша 17 елдің спортшыларына медаль бұйырды. Ең өкініштісі, жеңіс тұғырына көтерілгендер қатарында Қазақстанның бірде-бір өкілі жоқ. 

Мықтылармен бәсекелесе алмадық

Кезінде спорттық гимнас­тика Қазақстанда өте жақсы қарқынмен дамығанын көзі қарақты көрермендер ұмыта қойған жоқ. Дәл осы спорт түрін серік еткен жерлестеріміздің түрлі дүбірлі додада талантымен оқшауланғаны да есімізде. Жалғыз Нелли Ким ерлігінің өзі неге тұрады?! Монреаль мен Мәскеуде алауы тұтанған Олимпия ойындарында 5 алтын және 1 күміс медальды олжалаған отандасымыз 1974-1979 жылдар аралығында Варна, Страсбург және Ворт-Фордта өткен әлем чемпионаттарында 5 алтын, 4 күміс және 2 қола жүл­дені иеленіп, мерейімізді өсірді. Шымкенттік сұлудың есімі еркін және қол тіреп жаса­латын жаттығуларында 10 ұпай­ды еншілеген жер жа­­һандағы тұңғыш гимнасшы ретінде спорттық шежіреге алтын әріптермен жазылды. 

Сексенінші жылдардың аяғы мен тоқсаныншы жылдардың басында Валерий Люкиннің даңқы дүркіреді. Ақтөбе қа­ла­сының тумасы Сеул Олим­пиа­дасында екі алтын мен екі күмісті қанжығасына байласа, дүниежүзілік додаларда екі мәр­те топ жарып, бір рет екінші орынға табан тіреді. 

Алматының қос өрені – Юрий Цапенко мен Владимир Но­виковтің да атағы шартарапқа тарады.  Цапенко – 1964 жылғы Токио Олимпиадасының екі дүркін жүлдегері. Новиков – 1988 жылғы Сеул Олимпиадасының жеңімпазы, әлемнің екі дүркін чемпионы. Біздің елге Қиыр Шығыстан қоныс аударған Наталья Ильенко дүниежүзілік додада бірнеше рет алтыннан алқа тағынды. Басқа да байрақты бәсекелерде жеңіс тұғырына көтерілді. КСРО дәуірінде Қазақстанның гимнасшылары осындай орасан зор табыстарға қол жеткізген еді.  

Тоқсаныншы жылдардың басындағы еліміздегі эконо­микалық дағдарыс спорт саласына да кері әсерін тигізді. Сол бір аумалы-төкпелі заманда майталман мамандардың дені шетелге кетті. Атап айтсақ, Владимир Уфимцев, Валерий Люкин, Юрий Алексеев, Павел Садовский, Константин Бродецкий – АҚШ-қа, Алик Якимиди – Грекияға, На­талья Ильенко мен Александр Ширяев Англияға аттанды. Валерий Люкиндей дара тұл­ға­ның томағасын сыпырып, ба­ғын ашқан қазақ бапкері Едіге Жаров әуелі Францияға, одан кейін Канадаға қоныс аударды. Тағы басқалары іргедегі Ре­сейді таңдады. Соның салдарынан спорттық гимнастикадағы нәти­жеміз күрт төмендеді. 

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдегі табысымыз көңіл көншітерлік емес. Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарын айтпағанда, қатардағы халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілудің өзі мұңға айналды. 1997 жылы Лозаннада Сергей Федорченко қол тіреп жасайтын жаттығуда әлем чемпионы атанып, 2000 жылғы Сидней Олимпиадасында бесінші орынға жайғасты. Әлем кубогі және Азия ойындарында жүлделі орындарды олжалап, Ізгі ниет ойындарында топ жарды. Алексей Дмитриенко «брусья» жаттығуы бойынша әлем кубогін иеленді. Одан кейін Ернар Ерімбетовтің асығы алшысынан түсті. Қазақ гимнасшысы әлем кубогі жолындағы жарыстарда бірнеше мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Дүниежүзілік Уни­вер­сиадада екі алтын мен бір күмісті қанжығасына байлады. Құрлықтық бәсекелерде талай мәрте топ жарды. 2003 жылғы әлем чемпионатында төртінші орын алса, 2004 жылғы Афины Олимпиадасында сегізінші са­тыға табан тіреді. Одан кейін санаулы ғана сайыпқырандарымыз әлем кубогінің кезеңдік сайыстарында жүлделі орындарды иеленгенімен, олардың ешқайсысы төрткүл дүниенің теңдессіздері бас қосқан додада жеңіс тұғырына көтеріле алған жоқ. Сол бір жаман үрдіс бүгінге дейін жалғасуда. 

Былтыр Канаданың Мон­реаль қаласында өткен әлем чемпионатының жекелеген са­йысында Қытай мен Жапония спортшыларының қарқыны өте күшті болды. Айтулы қос команданың мүшелері үш алтыннан олжалады. Ұлыбритания, Грекия, Хорватия, АҚШ, Ресей және Германияның өкілдері бір-бір реттен жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Жүлде алғандар қатарында Израиль, Украина, Нидерланды, Канада, Оңтүстік Корея, Швейцария және Бельгияның спортшылары бар. Ал қазақстандықтар арасынан ең үздік көрсеткішке Милад Карими қол жеткізді. Ол еркін жаттығуды 9-орынмен қорытындылаған еді. 

Биыл Дохада ұйымдас­ты­рылған дүниежүзілік додада АҚШ пен Қытайдың асығы алшысынан түсті. Қос мемлекеттің әнұраны Парсы шығанағында төрт реттен шырқалды. Ресей екі алтын алса, Бельгия, Грекия, Нидерланды және Солтүстік Кореяның өкілдері бір мәрте топ жарды. Сонымен қатар Жапония, Канада, Бразилия, Ұлыбритания, Украина, Германия, Италия, Мексика, Тайпей және Филиппин құрамасының қоржынында кемінде бір жүлде бар.   

Катарға сапар шеккен Қа­зақ­стан құрама командасы мүшелері арасынан жалғыз Нариман Құр­банов финалдық сайыста күш сынасу құрметіне ие бол­ды. «Атта» жасалатын жат­ты­­ғу­да ол 13,400 ұпай жинады. Жа­­рыс қорытындысы бойын­ша қытайлық Сяо Жотэн, ұлы­бри­таниялық Макс Уитлок, тайпейлік Ли Чи Кай және аме­рикалық Сэм Микулактан қалып қойып, бесінші орынға табан тіреді. Міне, жерлестеріміздің ең үздік нәтижесі осы. Өкінішке қарай, өзге гимнасшыларымыз мықтылармен күш сынасуға жарамады...

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»