Жиында сөз алған Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Словакия Орталық Еуропадағы Қазақстанның маңызды серіктестерінің бірі екенін айта келіп, екі елді байланыстыратын ортақ салаларға тоқталып өтті.
– Экономиканың индустриялық-аграрлық бағыты, дамыған адами капиталы, тиімді географиялық орналасу секілді ұқсастықтары бар. Биыл біз екі елдің арасында дипломатиялық қатынастарды орнатудың 25 жылдығын атап өтудеміз. Қазақстан мен Словакия арасындағы достық пен серіктестіктің осы мерзімінде сенімді саяси диалог қалыптасып, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасалды, – деді Б.Сағынтаев.
Бұл тұрғыда Үкімет басшысы сауда-экономикалық саладағы байланыстарда жақсы қарқын байқалып жатқандығын жеткізді. Бүгінде Қазақстанда словакиялық капиталдың қатысуымен 60-тан астам кәсіпорын тіркелген.
− Біз алдағы уақытта да сауда-экономикалық және инвестициялық қатынастарды кеңейтуге мүдделіміз. Ол үшін барлық жағдай бар. Бүгінде Қазақстан тиімді бизнес жүргізуде жаңа мүмкіндіктер мен ауқымды әлеуеті бар мемлекетке айналды. Біздің ЕАЭО мүшесі екенімізді білесіздер, бұл ретте 180 миллион адамды қамтып тұрған үлкен нарық бар, – деді Бақытжан Сағынтаев. Сонымен қатар Үкімет басшысы бірлескен жұмыстарды жүргізуге қос тараптың да іскер топтары қызығушылық танытып отырғандығын атап өтті.
Өз кезегінде Словакия Премьер-министрі Петер Пеллегрини екі ел арасындағы өзара экономикалық қатынастарды дамытуға мүдделі екендіктерін жеткізді. Сондай-ақ ол словакиялық кәсіпкерлерге Қазақстанда қолайлы жағдай жасалғанын айтты.
− Экономикалық байланыстарды талқылаған кезде Қазақстан Словакия үшін Орталық Азия өңірінде басымдыққа ие екенін атап өткен жөн. Ынтымақтастықты нығайтуда балама энергетика, автомобиль өнеркәсібі, машина жасау, суды тазарту технологиясы, азық-түлік өнімдерін өндіру секілді салалар қарқынмен дамып келеді, – деді П.Пеллегрини.
Екі ел арасындағы сыртқы сауда айналымы 2018 жылдың 8 айында 13,9 пайызға өсіп, 33,5 млн АҚШ долларын құрап отыр.
Бизнес-форумда «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Марат Бірімжан шетелдік инвесторларды тартудағы еліміздің басым тұстарына тоқталды.
− Қазақстанға келген инвесторлардың назарында болуға тиіс жайттар бар. Біріншіден, еліміз – өте ыңғайлы стратегиялық локацияда орналасқан. Әлемдегі ірі экономикалық держава саналатын Қытай мен Ресейдің аралығында орналасқанбыз. Бізге инвестор болғысы келетін ел Қытай мен Ресейдің, Еуразиялық экономикалық қауымдастық елдерінде жоқ нарыққа кіре алады. Қазақстан тек 18 млн адамы бар нарық емес. Қазақстан – 500 млн тұтынушысы бар нарық. 180 млн-дық нарық – Еуразиялық ынтымақтастық аясындағы елдер, 50 млн халық шоғырланған Қазақстанның оңтүстігіндегі көршілес Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, т.б. елдер бар, сонымен қатар шығысында Қытайдың батысындағы 300 млн адамдық нарық бар. Міне, бұл – өте ауқымды нарық. Бізде тауарлар, қызметтер және адамдар кеден салығынсыз әрекет етіп, инвесторлар өз тауарын еркін сата алады, – деді.
Оның айтуынша, Қазақстан Қытай – Батыс Еуропа транзитінен мол табыс табады. Сонымен қатар спикер кез келген шетелдік инвестор тауарын еліміз арқылы тез жеткізе алатынын айтты.
− Қазақстан арқылы өтетін транзит арзан. Елдегі көлік инфрақұрылымын дамытуға арналған «Нұрлы жол» ұлттық бағдарламасы аясында мемлекеттік және шетелдік инвестицияның көлемі – 6 трлн теңге, шамамен 18 млрд доллар. Бұл инфрақұрылым арқылы Батыс Қытай мен Батыс Еуропа арасы жалғасады. 10 мың шақырым жолдың 3 мың шақырымы Қазақстан аумағы арқылы өтеді десек, бұл көрсеткіш жалпы алғанда қаншалықты маңызға ие екенін бағамдаймыз. Осы жол арқылы Қытайдан Еуропаға тауар 10-12 күнде жетеді, ал теңіз арқылы 45 күнде барады. Әрине теңіз жолы арқылы арзан. Дегенмен, мәселе 10-12 күнде бірнеше есе артық көлемде тауар жеткізуде екенін назарға алған жөн, деді М.Бірімжан. Ол Қазақстанның бизнес бастауға қолайлы елдердің рейтингінде 190 елдің ішінде 28-ші орында тұрғанын да атап өтті.
Екі ел арасындағы іскерлік кеңесте словакиялық «Coloseo EAS» компаниясының бас директоры Ян Дженка Қазақстан нарығындағы жобаларымен таныстырды. Сонымен қатар форум аясында инвестиция тарту, көлік-транзит, ІТ-технологиялар және инновациялар, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен салалары бойынша екі ел арасындағы екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланады. Бизнес форумның қорытындысы бойынша инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»