Қонақтар «СарыарқаАвтоПром» зауытында болғанда Алматы облысының әкімі А.Баталовқа Талдықорғандағы балалар үйі үшін «Peugeot 301» машинасының кілті табыс етілді. Алматы облысының әкімі қостанайлық зауытта құрастырылып жатқан автобустар мен жүк машиналарына қызығушылық білдірді.
– Біз жүрдек машиналарды шетелдерге шығарып жатырмыз. Биыл 11 мың машинаны сапқа қоямыз, келесі жылы бұл көрсеткіш екі есе көбейетін болады. Кәсіпорында бір мың адам жұмыс істейді, орташа жалақысы − 125 мың теңге. Алдағы уақытта жалақыны өсіру ойда бар. Экспорт көлемі биыл 7 пайызға артты, – деді «Аллюр» компаниялар тобы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев.
Екіжақты кездесуде Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Қостанай облысы мен Алматы облысының арасындағы экономикалық байланыс нығая түскенін атап өтті. Мысалы, өткен жылы Алматы облысына Қостанай өңірінен жіберілген өнімдер құны 9 миллиард теңгеден асқан. Бұл бұрнағы жылмен салыстырғанда 14 пайызға көп. Сондай-ақ жетісулық бизнес өкілдерінің Қостанайға артқан өнімі де осы шамалас болады.
А.Мұхамбетов ынтымақтасып отырған екі облыс та шекаралық өңір екенін атап айтты. Алматы облысы Қытаймен, Қостанай Ресеймен шектеседі. Мұның өзі екі облыстың да нарығын кеңейте түседі. Бұл қос облыстың меморандум бойынша инвестиция салуына қолайлылық туғызады. Архимед Бегежанұлы Ресейге инвестиция салатын алматылық кәсіпкерлерге Қостанайда өздерінің өкілдігін ашуына ұсыныс жасады. Тобыл-Торғай өңірінің жетісулықтарға ұсынары да жеткілікті.
– Біз өзімізде құрастырылып жатқан машиналар мен тракторлар, комбайндар мен басқа да ауылшаруашылығы техникаларын бере аламыз. Осы жылы Рудный қаласында қуатты заманауи цемент зауыты іске қосылады, сіздерге Қытаймен шекарадағы жаңадан салынып жатқан Нұркент қаласының құрылысы үшін оның өнімін арттыруға әбден болады, – деді А.Мұхамбетов. Сонымен қатар Жетісудың әсем табиғатын көруге, көрікті жерлерін аралап, демалуға қостанайлықтардың ынталы екені айтылды.
Ал Алматы облысының әкімі А.Баталов өзінің өскен жері − Қостанай облысының көркейгенін көріп қуанғанын жасырмады. Жетісулық делегация Қостанай қаласындағы мемлекет-жекеменшік әріптестігімен салынған құрылыстар, тұрғын үйлер және қаланы көркейту жұмыстарынан озық тәжірибе де алуды ұйғарды. Әрине, ірі мегаполис − Алматы қаласы тұрған облысты Қостанай өңірімен салыстыруға болмайды. Оларда 6 индустриялық аймақ бар, ал Қостанайда біреуі енді салынып жатыр. Бірақ А.Баталов инвестиция тарту жөнінен Қостанай облысының алға кеткенін мойындады. Қостанайдағы индустриялық аймақтың инвесторлар үшін соншалықты қолайлы етіп салынып жатқанына жоғары баға берді.
Жетісулық әріптестер қостанайлық инвесторларға жер телімін беруге уәде етті. Талдықорған қаласында «Баян сұлу» кондитер фабрикасының сауда павильоны салынатын болады. Демек, «Баян сұлудың» сапалы өнімі Қазақстанның оңтүстік, шығыс аймақтарына шығарылуы үшін мол мүмкіндік туады.
– «Баян сұлу» кондитер фабрикасы үшін қантты да өзіміздегі зауыттан береміз. Жетісулықтар қант қызылшасының алқаптарын кеңейтіп, өнімділік үшін де заманауи технологияларды пайдаланып жатыр. Қызылша алқаптарындағы жұмыстарға Қостанайда құрастырылған «Беларусь» тракторын пайдаланатын боламыз, – деді А.Баталов.
Қос облыстың әкімдері ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Онда көрсетілген негізгі жұ-мыс бағыттарын нақтылай түсу үшін екі облыс әкімдерінің орынбасарларына тапсырма берілді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ