Аймақтар • 16 Қараша, 2018

Жетісу туризм орталығына айналады

1775 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Талдықорған қаласында «ZhetisuTravel» халықаралық туристік форумы өтті. Еліміздің барлық аймағы мен Қытай, Испания мемлекеттерінен арнайы өкілдер қатысқан жиын Елбасы Жолдауындағы міндеттерді және цифрландыру бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылды.

Жетісу туризм орталығына айналады

Форум аясында Алматы об­лы­­­сын­­дағы туризмді дамыту мақ­са­тында ашылған Zhetisu Travel ор­та­лығының тұсаукесері жасалып, ұлт­тық тағамдардың «Той қазан» VI фестивалі де келушілер назарына ұсынылды. 

– Мемлекет басшысы жақында жарияланған Жолдауында сырттан келетін және ішкі туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлуді және салалық мемлекеттік бағдарлама қабылдауды тапсырған болатын. Осы ретте мем­лекеттік бағдарлама жобасына Ала­көл жағалауы, Іле Алатауының тау кластері, Шарын шатқалы сияқты об­лыстың ірі туристік рекреациялық аумақтарын дамыту бағытындағы ұсыныстар енгізіліп, жоспарлары әзірленіп жатыр, – деді форумда сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов.

Сондай-ақ халықаралық шараға арнайы келген Қытай Халық Рес­публикасы Мәдениет және туризм министрлігінің Орталық Азиядағы өкілі Ван Шулинь Жетісу өңірінің туристік тартымдылығы әлемнің назарын аударып отыр­ғанын,  өз жерлестерінің де жыл сайын мұнда келіп демалуға ынталы екенін айт­са,­ Қазақстан Туристік қа­уым­дас­ты­­ғының атқарушы директоры, қа­­зақ­стандық қонақүйлер мен мей­­рамханалар қауымдас­ты­ғы­ның­ пре­зиденті Рашида Шай­ке­но­ва отан­дық туризмнің әлеуеті мен­ қыз­мет көрсету саласындағы мәсе­лелерді сөз етті.

– Халықаралық туризм на­рығында бәсекеге қабілетті болу үшін біз ең алдымен бұл салада бай­ тарихымызды, мәдениетіміз бен салтымызды көрсете білуіміз ке­рек, – деді Рашида Шайкенова өз сөзінде.

Мұнан бөлек маман саланы ци­фр­­­­ландырудың мүмкіндіктеріне тоқ­тал­ды. Оның айтуынша, бүгінде отандық туристік нысандардың тек 17 пайызы ғана өз қызметтерін жар­намалау мен сату арнасы ре­тінде интернет пен әлеуметтік же­ліні пайдаланып отырған көрінеді. 

Жалпы, туристік әлеуетті арттыру бағытындағы халықаралық шараның Талдықорғанда өткізілуі тегін емес. Қазір облыс туризмнің табыстылығы жөнінен еліміз бойынша алғашқы орында.  Қазіргі уақытта Алматы облысына келетін туристер қатары маусым са­йын көбейіп келеді, дерек бо­йынша ол лек жылына 20-30 пайызға көбею үстінде екен. Мысалға, осы жылы Жетісудың әсем табиғатын тамашалап, жағажай аумағындағы демалыс орындарына келген туристер саны 2 млн адамға жеткен. Ал есеп бойынша Алматы облысына туризмнің дамуынан түскен қаржы 10 млрд теңге шамасында болмақ.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы