Жетінші есеп:
Соғым бөлісу жайы
Қазақтың ежелден келе жатқан тұрмыстық-әлеуметтік дәстүрі – қысқы соғым мәдениеті. Кей жағдайда көбінесе жас отбасылар күздікке немесе қыстық соғымға бір қара сойып, ортақ түрде бөлісіп алу оқиғасы көптеп кездеседі. Егер екі немесе төрт отбасы бір қараны бөліссе көп қиындық тумайды, себебі жұп санды отбасылар үшін соғымды жіліктеп, сүйектеп, сұрыптап, теңдей етіп бөліп алу қиын емес. Ал соғым бөлісуші отбасылар саны тақ болса ше? Яғни, үшеу немесе бесеу дегендей. Ұзын сөздің қысқасы, үш отбасы бір соғымды теңдей бөліп алуға келісті делік. Олар ешқандай құрал пайдаланбай, ешкім ренжімейтіндей етіп бір қараның етін қалай тепе-тең бөлісіп алуға болады?
Сегізінші есеп:
Сандық ішіндегі құмырсқа мен шыбын
Ұзындығы a = 5 қарыс, биіктігі b = 3 қарыс, ал ені c = 2 қарыс сандықтың (қораптың) жоғарғы қысқа қыр-бұрышының дәл ортасында құмырсқа отыр. Құмырсқаға қарама-қарсы сандықтың түп қырының дәл ортасында өлген шыбын жатыр. Құмырсқа қандай жолмен жүргенде шыбынға тез жетеді?
Тоғызыншы есеп:
Қалымбеттің қалың төлеуі
Арал өңірінде Қалымбет атты сал жігіт Қасен деген байдың қызына ғашық болып сөз салады. Қасен бай: «Қалымбетке қарсылығым жоқ, қыздың қырық тоғызын әкелсін де батасын алсын. Қырық тоғыздың басы түгел болса, бізден қарсылық болмайды» депті.
Көңілі қызға қатты ауған Қалымбет нағашыларынан қарыз сұрап, өтініш жасайды. Сонда нағашысы: «Нағыз жұртым – нағашым деп келгенде бетің қайтпасын, 49-дың жартысынан асырып берейін» деп 25 жылқы беріпті. Содан өз жұртына келіп қарызға мал сұраса, бақуатты аталас ағайыны: «Нағашыдан кем берсем − туыстығыма сын» деп ол да 25 жылқы береді.
Көңілі алып-ұшып Қалымбет: «Қалыңдығыма 49 аз, 50 болсын берерім» депті. Ер көңіл азаматқа риза болған Қасен: «Мен ризамын. Қызымды да, батамды да бердім. Жылқылардың ішінен 5-уін таңдап ал, мінгізгенім болсын», деп кеңпейілдік жасапты.
Қалыңдығын алып, көңілі өсіп келе жатқан Қалымбетке бір досы жолығып: «Бір тоғызым бар еді қарызға, алтауын таптым, үшеуі жетпей тұр, үш жылқыңды бергің маған» деп қиыла өтініш жасағанда, өз басынан өткен жағдайды жете түсінген Қалымбет досына үш атын беріп жіберіпті.
Жолай нағашысына соққан Қалымбет қарызымнан құтыла берейін деп бір бас жылқы қайтарыпты. Қалған бір атты аталас ағайына беріпті.
Сонымен Қалымбет нағашысы мен ағайынына 24 бастан 48 бас қарыз. Оған досына берген үш басты қоссаңыз, барлығы 51 бас болды. Сонда бір бас жылқы қайдан пайда болды?
«Ұлы Даланың байырғы 100 көне есебі» кітабынан дайындаған
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»