Қазақстан • 16 Қараша, 2018

Жастар жылынан не күтесіз? Сауалдамадаға қатысқандар пікірі

1043 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Жастар жылынан не күтесіз? Сауалдамадаға қатысқандар пікірі

Ұрпақ сабақтастығы үзілуге шақ тұр

Жастар жылының аясында атқарылуға тиіс үлкен жұмыстың бірі – ауыл жастарын жұмыспен қамтуды жолға қою. Мұны арнайы бағдарлама етіп қабылдаса нұр үстіне нұр болар еді. Өзім білетін жағдай бойынша айтсам, қазір ауылдық өңірдегі мәдениет саласының дамуы өз деңгейінде емес. Мен арнайы білімді маман, жұмыс күшіне қатысты айтып отырмын. Қызметкерлердің дені қартайған. Саладағы ұрпақ сабақтастығы үзілуге шақ тұр. Алдыңғы буынның ізін басар жастар қалаға кеткен. 

Өзім осыдан 2 жыл бұрын Астанадағы жалақы­сы жақсы жұмысымды тастап ауылға оралдым. Ел іші алтын бесік қой, адам несібесін аймақта жүріп те табатыны анық. Бірақ, қазіргі жастардың ауыл­да да, қалада да алдынан шығатын басты про­блемасы баспана болса керек. Әлгінде айтқан­дай, ауылға қызметке келетін жастарды қолдау бағытындағы арнайы бағдарлама болса, сонда баспана, жұмыс, жалақыға қатысты ынталандыру жағы нақты белгіленсе. «Дипломмен ауылға!» деген бағдарлама бар. Осы жобада қамтылатын мамандықтарды көбейтсе. «Ел іші – өнер кеніші» дегендей, ауылда талантты ұрпақ өсіп жатыр. Ал ынтасы зор, талантты баланы баулитын кәсіби маман болмаса, дәстүр қалай сабақтаспақ? 

Жалпы, өз басым Елбасы бұл бастаманы жариялай отырып, бізге мүмкіндігімізді көрсетуге, болашаққа деген сенімімізді нығайтуға жол нұсқады деп ойлаймын. Сол сенім үдесінен шыға білейік.

Жарқын БАРАҚБАЙ,

Қаракемер балалар театрының директоры

Алматы облысы, 

Еңбекшіқазақ ауданы

Өнер адамдарын қолдау – көкейкесті мәселе

«Жастар» жылының жариялануы біз сияқты өнерпаз жастардың қуанышын еселеп отыр. Өйткені өнер адамының халық пен мемлекеттен басқа арқасүйері жоқ. Бізді өсіретін де, өшіретін де – тыңдармандарымыз. Әншілердің өнерге адал болудан басқа мақсаты болмайды. Сол себептен де біздің әлеуметтік жағдайымыз басқа сала мамандарына қарағанда, өзгешелеу болып жатады. Қазір мәдениет саласындағы табысы ең төмен мамандық иесінің бірі біз болсақ керек. Өзім қатарлы жастардың ең көп тапқаны 80-100 мың теңгенің айналасы. Осыдан барып әншілердің өнерін саудалап, той қуалап кетуіне мәжбүрлік туады. Осы тұста өнер адамдарын, әсіресе жастарды қолдау­дың тетігін қайта бір қарау керек сияқты. Жалақының аздығынан бөлек, баспанасыздықтың да зардабын тартып жүрген жайымыз бар.

Әрине, нағыз өнер иесін халықтың махаббаты өсіреді. Тырбанып, талаптанып, өнерімізді шыңдаудан бөлек, әлеуметтік жағдайымызды да өз бетімізше оңалтуға тырысып келеміз. Бірақ, біз осындай тұрмыстық проблемамен бас қатырып жүрген кезеңде өнерпаздың алтын уақыты өтіп жатыр. Өнерді, үздік, озық өнерді туғызып, ел назарына ұсынатын шақты өткізіп алу талант үшін де, өнер үшінде кешірілмейтін күнә. Осы тұрғыдан алғанда біз мемлекеттің қолдауына мұқтажбыз. Шүкір, қазір барлық тараптан қолдау бар, қамқорлық бар. Өнерпаздың бәрін жарылқап тастау мүмкін де емес шығар. Алайда, жастарға қатысты бұл талап бірінші орындалуы керек сияқты. 

Елбасы 2019 жылды жастарға бәсі­ре ретінде атағанда өз басым бүкіл мәселеміз шешілетін сәт жақын­дағандай қуандым. Ұзағынан болғай.

Бейбіт МҰСАЕВ, 

Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филорманияның әншісі, «Мен – қазақпын-2017» байқауының бас жүлдегері

Инфрақұрылым түзелсе деймін

Жастар жылынан күтеріміз көп. Көптеген жоба­лар­дың жүзеге асары анық. Сол жобалар бір жылдық қана болмай, еліміздің одан кейінгі уақыттағы игілігіне айналса деген тілегім бар. Қазір ауыл шаруашылығына көптеген мамандар жетіспейді, бірақ жастар аз барады. Себебі олардың ауылда тұрғысы келмейді. Маман болмаса ауыл шаруашылығы көтерілмейді. Елбасы бұл саланы экономиканың драйверіне балаған болатын. Жастар жаппай ауылға бару үшін оларға алдымен жағдай жасалуы тиіс. Мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана салынса, ауыз су, көгілдір отынмен қамтылған инфрақұрылым түзелсе деймін. Оқу бітірген жастардың ауылға баруға тартыншақтайтынын мен түсінемін. Жағдай болмаса жастар да қалаға тығыла түседі. Жастар жылы ауылды көтеруге аттаныс бас­талса, қанекей.

Абай ДҮЙСЕКОВ,

Қостанай индустриялық-педагогикалық колледжі директорының жастар ісі жөніндегі орынбасары

Қостанай облысы

Ұсыныстар ұлы істерге бастайды

Мемлекет басшысы ел бола­шағы – жастарды ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Мен өзім жастар саясаты саласында қызмет атқаратындықтан Елбасының жас­тарға айтатын ой-пікірлері мен талап-тілектерін айрықша ден қо­йып қабылдаймын.

Біз өмір сүріп жатқан уақыт – бейқамдық пен шабандықты кешір­мейтін кезең. Бүгін жасалуы тиіс дүниені ертеңгі күнге ығыс­тырған адам көштің соңында қалары анық. Осыны ескерген Елбасы жас­тарды белсенді болуға, барлық іске жауапкершілікпен қарауға, батыл әрекеттер жасауға үндеп отыр. Келер жылдың «Жас­тар жылы» ретінде жариялануы жас буынның рухын көтереді, жігерін жаниды. Бәсекеге қабілетті ел болудың дау тудырмас негізі – алдымен, сол елдің жастарын соған лайықты тұрғыда тәрбиелеу. Ендеше, жастардың жа­лындап жанатын, білек сыбанатын, биік белестерді бағындыруға ұмтылатын шағы туды.

Осы орайда, көңіл төріндегі көрікті ойларды шындыққа айналдыру мақсатында барлық санаттағы жастарды қамтитын төмендегідей әлеуметтік мазмұндағы шараларды атқару қажет деп есептеймін. 

Алғашқы кезекте, еңбек нары­ғындағы сұранысты ескере отырып, кәсіби бағдар беру жұмыстарын ширату, тиісінше, ЖОО түлектері­нің толыққанды жұмыспен қамтылуын қамтама­сыз ету. Бұл ретте оқу орындарын «Серпін» жобасы бо­йынша тәмамдаған (алғашқы лек 2019 жылы бітіреді) жастарға ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Барлық жерлерде жастарға жан-жақты қолдау көрсету мақсатында коворкинг-орталықтар ашылуы керек. 

Биыл жастар ресурстық орта­лығы жанынан ашылған «Good Zone» коворкинг-орталығы жас­тардың ерекше ықыласпен бас қосатын алаңына айналды. Осындай заман талабына сай коворкинг-орталықтарды аудандар мен қалаларда ашу өз нәтижесін берері сөзсіз.

Екіншіден, аудан әкімдерінің ауыл жастарының кәсіпкерлігін дамытуға арналған гранттарының саны мен сомасын кезең-кезеңімен ұлғайту. Ауыл мәртебесін арт­тыру­­дың тың тәсілі ретінде келесі жылы Ұлы­тау ауданында ауыл жас­тары­ның халықаралық форумы өт­кізіл­мекші. Ол ТМД елдерінің 2020 жылға дейінгі халықаралық әріптестігі Стратегиясы аясында ұйымдастырылатын болады. 

Үшіншіден, Жолдауда тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыру жайы аталып өтілді. Оның басты құралы – Елбасы бастамашысы болған «7-20-25» бағдарламасы. Демек, біздің міндетіміз – екінші деңгейлі банктермен бірге, облыс­тың жас тұрғындарын атал­ған бағ­дар­ламаның тетіктері туралы кең көлемде хабардар ету. 

Төртіншіден, денешынықтыру және спорт, білім басқармасымен тізе қоса отырып, облыс өңірлерінің спорт ғимараттарымен және қол­да­ныс­тағы ғимараттардың заманауи құрал-жабдықтармен қамта­масыз етілу жағдайына талдау жасау – кезек күттірмейтін міндет. Оның нәтижесі бойынша нақты ұсы­ныстар түзілетін болады. Қазір­гі таңда аулалардағы спорт алаң­дарының саны мен сапасын ұлғайту, аула клубтары желісін одан әрі кеңей­те түсу қажеттілігі белең алып отыр. Мәсе­лен, өңірлерде пай­да­лануға берілуі жоспарланған тұр­ғын үйлерден аула клубтары үшін мекен-жай бөлу (аумағы – 60-100 шаршы метр) мүмкіндіктері бар.

 Ақжол ҚҰРМАНСЕЙІТ,

Қарағанды облыстық жастар ресурсы орталығының директоры

ҚАРАҒАНДЫ