Қысқаша айтқанда, өткен сессияның келесі нәтижелерін атап өткім келеді.
Біріншіден, Ұйымның басты құжаттары – Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа, ҰҚШҰ Жарғысына, Процедура ережелері мен жарғылық органдардың ережелеріне, сондай-ақ Ұйымымыздың мәртебесі туралы келісімге ҰҚШҰ-ның бірнеше бағыттағы қызметін жаңартқан өзгертулер енгізілді.
Екіншіден, халықаралық ынтымақтастықтың іс-жүзіндегі құралдары іске қосылды. Ол − халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға үлес қосуға және ҰҚШҰ-ның ашық және бейбітшіліксүйгіш ұйым ретіндегі имиджін нығайтуға мүмкіндік беретін ҰҚШҰ-ның байқаушы және серіктес мәртебесі.
Үшіншіден, ҰҚШҰ дағдарысқа қарсы әрекет ету орталығы сияқты ұжымдық жүйенің басты элементі іске қосылды.
Төртіншіден, әскери ынтымақтастықты дамыту шеңберінде басқару органдарын бірлесіп даярлауға және ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын қалыптастыруға, әскери және бітімгерлік контингенттерді, арнайы күштер мен құралдарды орналастыруға, әскери жоспарлауға қатысты бес құжат қабылданды.
Бесіншіден, халықаралық терроризмге қарсы тұруға бағытталған жұмыстың шеңберінде БҰҰ алаңында Қазақстан бастамасымен Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу тәртібінің кодексі қабылданып, іске асырылуда. Оның басты мақсаты – БҰҰ-ның жүз жылдығына орай 2045 жылға дейін әлемді террористік қауіп-қатерден толығымен босату.
Жалпы алғанда, мемлекет басшылары Саммиттің күн тәртібіндегі барлық 20 жобалық құжатты қарап, қол қойды. Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің Қорытынды декларациясы ҰҚШҰ ҰҚЖ сессиясының негізгі саяси құжаты болды. Онда ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің Ұйым қызметінің басым бағыттарын, соның ішінде Қазақстанның ҰҚШҰ-ға төрағалық ету кезеңінде белгілеген бағыттарын іске асыруды жалғастыруға деген жалпы көңіл күйі көрсетілген. Сириядағы ахуалды тұрақтандыру үдерісіндегі Ресей мен Қазақстанның шешуші рөлі аталды.
Декларация халықаралық құқықтың жалпыға ортақ қабылданған нормалары мен қағидаттарын және Қазақстан бастамашылық еткен Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу тәртібінің кодексін сақтауға негізделген БҰҰ-ның қамқорлығымен терроризмге қарсы ең ауқымды коалицияны құруға шақырады.
Сонымен қатар ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің 2025 жылға дейінгі заңсыз көші-қонға қарсы әрекет етудің ұжымдық жүйесін дамыту жөніндегі Іс-қимыл жоспары және ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің мүддесінде үйлестірілген ақпараттық саясатты әзірлеу жөніндегі Іс-қимыл жоспары бекітілді.
ҰҚШҰ Ұжымдық күштерінің ұйымдық және басқарушылық әлеуетін күшейту үшін Кеңес ҰҚШҰ Ұжымдық жедел әрекет ету күштерінің әскери контингенттері құрамы мен арнайы күштерді қалыптастыру туралы, сондай-ақ ҰҚШҰ әскери басқармасын ұйымдастыруға қатысты өзгертулер енгізу туралы шешімдерге қол қойды.
Сонымен бірге «Халықаралық террористік ұйымдар жағында қарулы қақтығыстарға қатысқан адамдарға қатысты үйлестірілген шаралар туралы» бірлескен мәлімдеме қабылданды.
Сессияның күн тәртібінен тыс ҰҚШҰ-ның жаңа Бас хатшысын тағайындау мәселесі қаралды. Оған байланысты мемлекет басшылары 2018 жылғы
6 желтоқсанда Санкт-Петербургте болатын кездесуде талқылауды жалғастыруға келісті.
Саммиттің қорытындылары бойынша Ұйымдағы белгіленген тәртіпке сәйкес ҰҚШҰ-дағы төрағалық 2019 жылы Қырғыз Республикасына өтті. Барлық тараптар осы елдің президенті Сооронбай Жээнбековтің Ұйым қызметінің алдағы кезеңіне ұсынған басым бағыттарына қолдау көрсетті. ҰҚЖ кезекті сессиясын Қырғызстанда өткізу туралы келісімге қол жеткізілді.
ҰҚЖ сессиясының қарсаңында өткен Сыртқы істер министрлері кеңесінің, Қорғаныс министрлері кеңесінің, ҰҚШҰ Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің бірлескен отырысы барысында серіктестердің назары халықаралық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі арнайы жоғары деңгейдегі кездесуді (АҚШ – Ресей – ҚХР – ЕО) ұйымдастыру туралы Мемлекет басшысының бастамасын бірлесе әзірлеу қажеттілігіне аударылғанын атап өткім келеді.
Қайрат ӘБДІРАХМАНОВ,
Сыртқы істер министрі