«Полицейлер күн сайын жүк машиналарын немесе ет, мал алып бара жатқан адамдардың құжаттарын тексеріп отырды. Машинасына мал артқан екі тұрғынның құжаттары түгел болған жоқ, оларды полицейлер әкімшілік жауапкершілікке тартты», дейді Облыстық полиция департаментінің Қылмыстық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ербол Тайбеков.
Мал ұрлығымен айналысушылар үшін «мынау құдайы көршім, мынау ағайыным екен» деген адамгершілік сезім болмайды. Денисов ауданының Красноармейское селосының тұрғыны он қойды өзінің қатар отырған туысының қорасынан ұрлап алған. Қарасу ауданындағы Железнодорожное селосының тұрғыны көршісінің асыл тұқымды бұзауының қорадан шығып кеткенін пайдалана қойған.
– Бұл бұзауға ен-таңба салынбаған. Ұрланған малды табуда осы таңбаланбағаны, ен салынбағаны қиындық келтіреді. Тұрғындардың қанша аузы күйсе де, малға ен салуға енжарлығын қоймайды. Сонымен қатар, көпшілік кісілер малды өріске бос жібереді. Ұрылар иесіз жайылып жүрген малды аңдиды. Малы жоғалғандар полицияға дер уақытында хабарламайды. Бұл да ұрлықтың ашылуын қиындата түседі, – дейді Ербол Тайбеков.
Қазан айының соңында Таран ауданында өрісте жүрген 11 жылқы қолды болды. Қазір бұл жөнінде полицейлер жан-жақты жұмыс жүргізіп жатыр.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай