Аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерін молайтудың негізі ретінде суармалы алқаптар көлемін ұлғайту көзделген. Өткен қазан айының ортасында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өңірге сапары кезінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев суармалы алқаптар көлемін 100 мың гектарға жеткізу жоспарланып отырғанын айтқан болатын. Әрине бұл оңайлықпен алына бермейтін биік меже. Бұрын-соңды болып көрмеген көрсеткіш. Өңір басшысы бұл жоспарды қандай мүмкіндікке сүйеніп айтты?
Ақтөбе облысы аумағында үш су қоймасы бар. Бұл су қоймалары жоғарыда айтылған 100 мың гектарлық межені бағындыруға негіз қалай алмайды. Дегенмен алдағы жылдары аймақта тағы он су қоймасы салынатынын ескерсек, өңір басшысының сөзі тектен тек айтылмағанына көз жеткіземіз.
Алайда осы басы дырдай істің аяғы қылдай болып бара жатқанын да айтпай кете алмаймыз. Бұған дейін жасалған есептерге қарағанда он су қоймасының әлдеқашан техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып, жобалау-сметалық құжаттары әзірленуге тиіс еді, бірақ әлі дайын емес. Тіпті бұл гидроинженерлік нысандардың алдын ала белгіленген алғашқы қазығын қағатын күн де өтіп барады. Бір сөзбен айтқанда, істің қарқыны баяу, кідіріс көп. Оған Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстарын пайдалану жөніндегі комитеті тағы бір қозғау салғаны жөн болар еді.
Суландыру мәселесін су қоймалардың құрылысынан бастауымыздың себебі бар. Аталған гидроинженерлік нысандар іске қосылған кезде облыста суармалы жерлердің көлемін екі-үш есеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік тумақ. Ақтөбені шөлейт аймақта орналасқан деп ойлайтындар аз емес. Шынтуайтына келгенде өңір өзен-көлге кенде емес. Айталық «ҚазСуШар» РМК Ақтөбе облыстық филиалынан алынған деректерге сүйенсек, облыс аумағында отызға жуық үлкенді-кішілі өзен мен жүзге тарта көл бар. Осы айдындардағы су ресурстарын ысырапқа жол бермей тиімді пайдалана білсе, мұның өзі ырыстың молаюына алғышарт болмақ.
Ел өңірлерінде кеңестік кезеңде пайдаланылған, кейін ауылшаруашылық құрылымдары ыдырай бастағанда бос қалған суармалы алқаптарды қалпына келтірудің қажеттілігі айқын көрінеді. Себебі қазіргі таңда республика бойынша алға қойған міндет – 600 мың гектарлық бұған дейінгі суландырылған алқапты қалпына келтіру. Өңірлерге тиесілі үлес те осыған кіреді. Ал суландыру қаражатты көп қажет ететін салалардың бірі болғандықтан, оны жергілікті және республикалық бюджеттердің мүмкіндігі көтере бермейді. Сондықтан Ақтөбе облысында бұл іске қажет қаржының бір бөлігі Еуропа қайта құру және даму банкінен алынбақ. Атап айтқанда, осы банк займы 16 мың гектарға жуық жерді суландыруға жұмсалады деп жоспарланған.
– Мұндай тиімді тәсіл мен қаржыландыру көзі арқылы жобалық жүйені жаңғыртудың орны ерекше. Осы арқылы құрылыс-монтаж жұмыстарын дер кезінде әрі сапалы жүргізуге жол ашылады, – дейді «ҚазСуШар» РМК Ақтөбе облыстық филиалының директоры Бекзат Мәметов.
Осы әлемдік нормативтер мен стандарттарға сәйкес келетін озық жобаларды іске асыру арқылы облыс аумағында суармалы алқаптардың жалпы өнімділігі жылына 35 миллиард теңгеге дейін жетеді деп күтілуде. Бұл істің тұрғындарға тигізетін тағы бір үлкен пайдасы – жобаны жүзеге асыру 8 мыңға жуық адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтуға жағдай жасамақ.
Бұған дейін облыста қолданыстағы суармалы алқаптардың аумағы қосымша 21,5 мың гектарға ұлғайған болатын. 2019 жылы тағы 9 мың гектарға жуық алқаппен толықпақ. Бұған да Еуропа қайта құру және даму банкі қаражаты тартылады.
Кеңестік кезеңде облыста 40 мың гектардан астам суармалы алқап игерілген екен. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы жекешелендіру науқаны тұсында суару жүйелері мен инженерлік-гидротехникалық нысандар істен шығып, алқаптардың аумағы тарылып қалғаны белгілі. Соңғы жылдары осы олқылықтың орнын толтыру үшін жұмыс атқарылып жатыр. 4-5 жыл бұрын облыста 12 мың гектар ғана суармалы жер болған. Содан бері бұл үш есеге дейін ұлғайды. Бұл жақсы көрсеткіш, әйтсе де оны қанағат тұтудың, мүмкіндік шегі деп түсінудің реті жоқ. Өңірде алқаптарды кеңейту мен тиімді пайдаланудың мүмкіндіктері мол. Әйтсе де оны өнім өндірушілердің бәрі бірдей тиімді пайдаланып жүрген жоқ. Мәселен, мал азығын әзірлеу ісінде «Айс», «Актеп», «Пригородный», «РадАгро» секілді саусақпен санарлықтай аз агрофирмалар ғана суармалы әдісті тұрақты түрде пайдаланып келеді. Ал қалған агроқұрылымдар ше? Аттары аталған серіктестіктердің тәжірибесін облыстағы өзге де ауыл шаруашылығын өндірушілер меңгеруге тиіс.
Түйіп айтқанда, суармалы жерлер жүйесін кеңейту – агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық пайдаланудың бір тұтқасы болмақ. Осынау игілігі мен иірімі мол істің өңірдегі кейбір қырлары осындай.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ