Ұлттар лигасын құру идеясы қолға алынғанда бірқатар отандық футбол мамандары бұл Қазақстан құрамасы үшін Еуропа чемпионатында өнер көрсетуіне тамаша мүмкіндік деп бағалаған болатын. Тіпті «Астана» командасымен Еуропаны дүр сілкіндірген бапкер Станимир Стойлов жыл басында ұлттық құрама тізгінін ұстағанда жанкүйерлер мен мамандардың жеңіске деген сенімі арта түсті. Алайда Ұлттар лигасының алғашқы маусымы Қазақстан үшін сәтті бола қойған жоқ. Жаңа турнирдің шымылдық ашар кездесуін жеңіліспен бастаған футболшыларымыз соңғы ойынын да жеңіліспен аяқтады.
«D» лигасындағы бірінші топта Грузия, Андорра және Латвия құрамаларымен сынға түскен Қазақстан құрмасы 6 ойында 6 ұпай жинап, топты екінші орынмен аяқтады. Алғашқы кездесуді «Астана Арена» стадионында Грузия құрамасына қарсы өткізген біздің футболшылар 0:2 есебімен есе жіберсе, сырт алаңда Андорра құрамасымен тең түсті. Топтағы үшінші кездесуді Латвияға қарсы өткізіп, тағы да 1:1 есебімен тең түстік. Төртінші турда Андорра құрамасын қабылдаған қазақстандық футболшылар қарсыластар қақпасына жауапсыз төрт гол соғып, жанкүйерлердің көңіл күйін көтеріп тастады. Бір қызығы, Қазақстан құрамасының ресми ойында жеңіске жетпегеніне үш жыл болған екен. Соңғы рет құрама 2015 жылы Еуро-2016 додасының іріктеу аясында сыртта Латвияны ұтқан. Сол кезде Исламбек Қуаттың жалғыз голының арқасында үш ұпай еншілеген едік. Ұлттар лигасының бесінші турында өз алаңымызда Латвиямен тең ойнасақ (1:1), соңғы турда сырт алаңда Грузиядан 2:1 есебімен есе жібердік.
Жалпы, Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасындағы алты ойында қарсыластар қақпасына 8 гол соғып, өз қақпасына 7 гол өткізіп алды. 8 голдың үшеуін қорғаушылар салса, бесеуін шабуылшылар соқты. Турнирде 11 футболшымыз сары қағазбен жазаланып, бір ойыншымыз (Серікжан Мұжықов) қызыл қағаз алды. Осылайша Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасындағы алғашқы маусымын екінші орынмен аяқтады.
Қазақ футболындағы күрмеуі шешілмей келе жатқан негізгі мәселенің бірі шабуылшылар деп айтқанымызбен, қақпашы мәселесі одан да күрделі болып тұрған секілді. Өйткені қазіргі құраманың өзінде өзге елде туған екі қақпашы жүр. Ұлттар лигасы басталғалы қақпаны Сербиядан келген Ненад Эрич күзетіп жүрсе, Грузиямен ойында украиналық «қазақ» Дмитро Непогодов шықты. Осылайша өзге елден келіп, Қазақстан намысын қорғаған қақпашылардың саны сегізге жетті. Бұған дейін өзбек футболының түлегі Владимир Цирин мен Жасур Нарзикулов, Түрікменстаннан келген Виталий Кафанов, ресейлік Андрей Морев пен Андрей Сидельников, украиналық Роман Нестеренко Қазақстан құрамасының қақпасында тұрған болатын. Оған Эрич пен Непогодов қосылып отыр. Осылардың арасында ең көп ойын өткізген – Сидельников. Ол 29 матчқа қатысқан. Одан кейінгі тізімде Эрич (8), Кафанов (6), Нарзикулов (3), Морев (2), Нестеренко (2). Цирин (1), Непогодов (1) тұр.
Ұлттар лигасының өзге тобындағы жағдайға аз-кем тоқталып өтсек. Германия құрамасы үшін биыл өте сәтсіз маусым болады. Ресейде өткен әлем чемпионатында топтық кезеңнен шыға алмаса, Ұлттар лигасында «А» лигасында сынға түскен Германия бір саты төмен сырғып, «В» лигасына түсіп қалды. Төрт ойынның екеуінде тең түсіп, екі ойында жеңілді. Сонымен қатар Германиядан бөлек «А» лигасынан «В» лигасына Исландия, Польша және Хорватия түсіп қалса, олардың орнын Украина, Швеция, Босния және Герцеговина мен Дания құрамалары толықтырды.
«В» лигасында соңғы орынды иеленген Словакия, Түркия, Солтүстік Ирландия мен Ирландия «С» лигасына ауысса, Шотландия, Финляндия, Норвегия және Сербия құрамалары «В» лигасына көтерілді. «С» лигасындағы Эстония, Кипр, Словения және Литва «D» лигасына көшсе, олардың орнын «D» лигасының үздіктері Грузия, Беларусь, Косово және Македония толықтырды.
Кеше Ұлттар лигасы турнирінің қорытындысы бойынша УЕФА 2020 жылы өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде ойнайтын құрамаларды әртүрі себеттерге бөліп тастады. Іріктеу бойынша, Қазақстанның футболшылары 2020 жылы өтетін кәрі құрлық чемпионатының іріктеу турнирінде бесінші себетке түсті. Бұл себетте бізден бөлек, Македония, Косово, Беларусь, Люксембург, Армения, Әзербайжан, Молдова, Гибралтар және Фарер аралдары бар.
Ал өзге себеттерде мына елдердің ұлттық құрама командалары бар:
1 себет – Швейцария, Португалия, Голландия, Англия, Бельгия, Франция, Испания, Италия, Хорватия және Польша.
2 себет – Германия, Исландия, Босния және Герцеговина, Украина, Дания, Швеция, Ресей, Аустрия, Уэльс және Чехия.
3 себет – Словакия, Түркия, Ирландия, Солтүстік Ирландия, Шотландия, Норвегия, Сербия, Финляндия, Болгария және Израиль.
4 себет – Венгрия, Румыния, Грекия, Албания, Черногория, Кипр, Эстония, Словения, Литва және Грузия.
6 себет – Латвия, Лихтенштейн, Андорра, Мальта және Сан-Марино.
2020 жылы өтетін Еуропа чемпионаты іріктеу турнирінің жеребесі 2 желтоқсанда Ирландияның астанасы – Дублин қаласында тартылады. Ал жарыстың өзі келесі жылдың наурыз айында басталады.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»