Үкімет • 22 Қараша, 2018

Әсел Назарбетова: Өркениетті ойлаудың алғышарты

859 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың халықтың, қоғам­ның санасын селт еткізе­тін, елдің, ұлттың, мемлекеттің тарихына тағы бір терең үңілуге түрткі болатын құнды дүние – «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа мақаласы жарық көр­ді. Мақаланы жаңа деп тек шық­қан уақытына байланыс­ты айтуымыз шарт, себебі онда айтылған терең филосо­фия­лық-дүниетанымдық ойлар Ел­басының үнемі қоғам наза­ры­на бағыттап жүрген мақа­ла­­лары­ның, идеяларының жалғасы іспетті. 

Әсел Назарбетова: Өркениетті ойлаудың алғышарты

Осы орайда, былтырғы жыл­дан жүзеге асырылып жат­қан «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасын да айтқанымыз абзал. Аталған бағдарлама аясын­да­ғы әрбір ірі жобаның нәтиже­сі халық­тың санасына түрткі бо­лып, оның ішкі дүниесін ба­йы­туға, өмір көкжиегін ке­ңей­ту­ге бағытталды. Әйтсе де, кей­­­бір тұстарын, мысалы ел та­р­и­­­хына байланысты, ата-баба­мыздың өткен жолын, қасиетті мекендерін, туған жерін дәріп­теудегі ерекшеліктерге қатыс­ты нақтылаудың қажет­тілігі бір жарым жыл ішіндегі нәтижелерден туындап отыр. 

Біз, Қазақстанның әрбір азаматы қоғамның саналы мүшесі ретінде қалыптасқан мем­ле­кеті­міздің тарихына қайта үңі­лу, оны ғаламдық тарихи про­­цес­термен байланыстыра отырып түйсіну арқылы өз тари­хымызға оң көзқарас қа­лып­тастыруға Елбасы мақа­ласы арқылы бағыт аламыз. Ол тарих Қазақстанда ұзақ жылдар мекендеп, оның өркендеуіне жеке үлестерін қосып келе жатқан барлық этностардың жалпы ортақ тарихы ретінде қабылданып, бұрмалаусыз, ақтаңдақ тұстары жасырусыз ашық талқыланып, жарияла­нып, талданып, зерттеліп, зерделе­ніп жатуы қажет. Олай дей­тін себебіміз, Қазақстан тари­хында түрлі қайғылы оқиға­лар, соғыстар мен текетірестер, әлеуметтік қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер болды.

Тарихты тек адамзат қоға­мының өткенін зерт­т­ей­тін қо­­ғамдық ғылым ретін­де қа­рас­­тырып, нақты факті­лерге сү­йене отырып, сол тұр­ғы­да басқа халықтардың мүд­десі­не нұқ­сан келтірмей қалып­тас­тыр­ған жағдайда, біз өзі­міз­дің өр­кениеттілігімізді әлем­дік қоғам­дастыққа көрсете біле­міз. Тарих ғылымының мақ­саты – халыққа өткенін жет­кізе отырып, рухани дүниесі мен құндылықтар жүйесін қалып­тастыру екенін ескерсек, «тарихсыз ұлт жоқ» деген нақыл сөздің растығын түсі­неміз. Тарихи зерделеу ар­қы­лы тарихи сана, мәдениет, дәстүр, ұр­пақтар сабақтастығы қалып­тасады, рухани жаңғыру үдеріс­тері жетілдіріле түседі, келешекке дұрыс бағыт-бағдар алуға мүмкіндіктер пайда болады. 

Елбасы мақаласында Ұлы даланың тарихи тұрғыдағы жеті қыры көрсетілген, олар – Атқа міну мәдениеті, Ұлы дала­дағы ежелгі металлургия, Аң стилі, Алтын адам, Түр­кі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек жолы, Қазақ­стан – алма мен қызғал­дақ­тың отаны. Осы аталған жеті қы­ры­мыз шын мәнінде қазіргі Қазақстан жерінде мекендеген біздің ата-бабаларымыз­дың материалдық және рухани дүниелерді жасап, оны әлемдік тарих пен игіліктер қоржыны­на салғанын көрсету фактілері. Ендігі кезекте оларды дәріп­теу, оған халықтың сенімі мен қыз­ы­ғу­шылығын ояту тарих­­қа жаңаша үңілуге үлкен түрткі болары сөзсіз. 

Мысалы, Алатаудың баурайы алма ағашы мен қызғалдақ гүлінің «тарихи отаны» болға­ны ғылыми тұрғыдан дәлелден­ген. Осы жерден бүкіл әлемге тарал­ған өсімдіктер бастау алған. Ұлы Жібек жолы арқылы Алатаудан Қазақстан территориясы арқылы Жерорта теңізі­не, одан әрі мұхит арқылы біз­дің қазіргі білетін алма ағашы­ның атасы жер жүзіне таралды. Алма ағашына құрмет ретін­де, оның елді мекен тарихын­дағы алар орнына байланысты тәуел­сіздігіміздің бесігі болған Қазақстанның бұрынғы астанасы Алматы қаласының атауы қалыптасқан.

Осы сияқты жоғарыда атал­ған әрбір Ұлы даланың тарихи қырлары туралы нақты мысалдарды, фактілерді табуға болады. Дегенмен бұл үрдісті әсіре мифтендіруден, жаңсақ пікір­лерден, сол арқылы ел тари­хын, ұлт тарихын негізсіз аса жоға­ры бағалаудан ада бол­ғанымыз дұрыс.

Айта кетерлігі түрлі келең­сіз жағдайлардың, тарихи бұр­малаушылықтың алдын алу үшін Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз мақаласында тарихқа сүйе­не отырып, қоғамдық сана­ны жаңғыртудың жолдарын да ұсынып отыр. Атап айтсақ, «Архив-2025» жетіжыл­дық бағдарламасын, «Ұлы дала­ның Ұлы есімдері» оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын, «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» жобасын, «Ұлы дала» ежелгі өнер және технологиялар музейін, «Дала фольклорының антологиясын», тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісін жасау туралы халыққа пайдалы, үлкен қызығушылық тудыратын ауқымды жобалар ұсынылған. 

Бұл жобалардың барлығы осыған дейін жүзеге асырыл­ған гуманитарлық бағыт­­тағы «Мәдени мұра», «Ғылы­ми қазына», «Халық тарих тол­­қы­нында» сияқты ірі бағ­дар­ла­малар мен жобалардың жи­нақталған базасын толық­тырып, олар­ды заманауи форматта, яғни цифрландыру арқылы ха­лыққа жеткізген жағдайда, әрі қарай жаңа технологиялар мен ғылы­ми әдіснамаларды пайдалан­ған жағдайда берері мол, іс жүзіндегі игілікті іс боларына сенім біл­діреміз. Елбасы мақаласында ай­тыл­ғандай, «Өт­кенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және бола­шаққа оң көз­қарас таныту – еліміздің табысты болуы­ның кепілі дегеніміз осы». 

Қазіргі жастар жаңаша білім алып, алдыңғы қатарлы әлем­дік оқулықтармен білі­мін терең­детіп, заманауи трендтермен ұштасқан ұлттық мәдениет­пен сусындап өсіп келеді. Сол ұрпақты, яғни қазіргі заманның жаңа сападағы азаматтарының цифрлық кеңістікте, түрлі заманауи игіліктерді пайдалануда өзіндік адами қасиеттерін, құндылықтарын жоғалтпауы үшін өз елінің, ұлтының тарихымен мақтаныш сезімін тудыру, оның кешегі өткен жо­лын жалпы әлемдік даму үдеріс­терімен сабақтастыра отырып тәрбиелеуіміз − үлкен міндет, жоғары жауапкершілік. 

Әсел НАЗАРБЕТОВА, 

ҚСЗИ ақпараттық-талдау жұмысы бөлімінің басшысы, PhD докторы