Әдебиет • 26 Қараша, 2018

«Нұр Отан» партиясы  «Ұлы дала» шығармашылық байқауын жариялады

138 реткөрсетілді

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында тарихи сананы жаңғыртудың негізгі басымдықтары көрсетілген. Бүгінде еліміз бойынша осы игі бастамаларды жүзеге асыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл ретте, Елбасының сенімді тірегі ретінде «Нұр Отан» партиясы да белсенді әрекет етіп, нақты істерді қолға алды. Атап айтқанда, партия жас ақын-жазушылар арасында «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауын өткізбек. Бұл жөнінде бүгін партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен арнайы брифингте мәлімдеді.

Аталған іс-шараға «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасарымен бірге белгілі жазушы, драматург, қоғам қайраткері Төлен Әбдік, публицист, Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов және Қазақстан Жазушылар одағының секретариат мүшесі Несіпбек Айт қатысты.

Алғаш болып сөз алған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Елбасы мақаласының мәні мен маңызына тоқталып өтті. Ол бұл мақаланың ұлт тарихын танудың жаңа кезеңін бастап бергенін және біздің әлемдік өркениет пен жаһандық дамуға қосқан үлесімізді қайтадан зерделеп, дүниежүзіне жаңаша дәріптеуге үндейтінін айтты.

– Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдауға шақырады. Сондықтан ондағы басымдықтарды жүзеге асыруға Мемлекет басшысының сенімді тірегі ретінде «Нұр Отан» партиясы да тікелей атсалысатын болады. Осы бағыттағы жобаларымыздың бірі жас ақын-жазушыларға арналған «Ұлы дала» шығармашылық байқауы. Бұл байқаудың форматы мен маңызын Жазушылар одағымен пысықтап, алдын ала талқыладық. Алдағы уақытта жас қаламгерлеріміз осы байқау арқылы Елбасының мақаласында айтылған құндылықтар мен идеяларды дәріптеуге және оларды жүзеге асыруға өз үлестерін қосады деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Өз кезегінде жазушы Төлен Әбдік Елбасы партиясының әдебиетке көңіл бөлгені қаламгерлер қауымын ерекше қуанышқа бөлегенін айтты.

– Осындай байқау ұйымдастырып, әдебиеттің дамуына, жастардың көрінуіне мүмкіндік жасау біз үшін жақсы жаңалық болды. Осы ретте байқауға қатысатын шығармалар науқаншылыққа бой алдырмай, терең зерттеліп, сапалы жазылса деген тілегімді жеткізгім келеді, – деді Төлен Әбдік.

Ал мұндай байқаулардың әдебиетке берері мол екенін айтқан Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов осы жайында нақты мысал да келтірді.

– Өткен ғасырдың 60-70 жылдарына дейін қазақ әдебиетіндегі балалар әдебиеті кенжелеп қалған болатын. Бердібек Соқбақпаев, Сапарғали Бегалин, Мұзафар Әлімбаев сияқты қадау-қадау тұлғалар қалам тартатын. Ал 70-ші жылдары «Жалын» альманахы жарық көрді. Кейін «Жалын» баспасы ашылып, жыл сайын балалар мен жастарға арналған шығармаларға байқау жариялау дәстүрге айналды. Соның арқасында айналасы жиырма шақты жылдың ішінде қазақтың мықты балалар прозасы мен балалар поэзиясы қалыптасты. Бұл ешқашан ұмытылмайтын ерекше жағдай. Сондықтан «Нұр Отан» партиясының бастамасымен қолға алынған істің міндетті түрде жақсы жеміс беретініне сенім білдіремін, – деді Сауытбек Абдрахманов.

Байқаудың басты мақсаты – рухани жаңғыру идеялары мен құндылықтарын дәріптейтін қазіргі заманғы қазақстандық әдебиетті дамыту және соған қолдау көрсету. Сондай-ақ өз шығармаларында еліміздің рухани жаңғыруы мен дамуын суреттейтін, қазіргі заманғы шындықты түсінуге және қазақстандықтардың дүниетанымын қалыптастыруға ықпал ететін талантты жас әдебиетшілерді анықтап, олардың еңбегіне лайықты баға беру де көзделіп отыр.

Байқауға 18 бен 40 жас аралығындағы қаламгерлер қатыса алады. Қатысушылардың жұмыстары 2018 жылдың 28 қарашасы мен 2019 жылдың 15 қаңтары аралығында қабылданады. Нәтижесінде «Проза», «Поэзия», «Драматургия, көркем фильмдер мен телесериалдар сценариі», «Публицистика» және «Балаларға арналған шығармалар» сияқты бес бірдей аталым бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталмақ. Әр аталым бойынша жеңімпаз бен екінші және үшінші орын алған қатысушыға қомақты қаржылай сыйлық тағайындалған. Нақты айтқанда, әр аталымның жеңімпазына – 1,5 миллион, 2-орын иегерлеріне – 750 мың, ал 3-орын алған қатысушыларға 500 мың теңгеден беріледі.

Байқаудың басқа да шарттары туралы партияның ресми сайты мен бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Ережеде толық баяндалған.

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар