Ұлттық дәстүрімізді сақтауға және «Мәңгілік Ел» патриоттық идеясының негізінде жеке тұлғаны рухани тұрғыдан дамытуға бағытталған айтулы мәдени шара Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналып өткізілді.
Өнерлі өрендер арасында жыл сайын өткізілетін мерейлі музыка байқауының негізгі мақсаты – жеке тұлғаны қалыптастырудағы аса бай ресурс ретінде ән шығармашылығының маңыздылығын арттыру, музыка өнерінің түрлі жанрларында жас дарынды орындаушыларды анықтау және қолдау секілді мазмұнды һәм маңызды мұраттармен астасады.
– Кең даланың қасиеті мен құдіреті болар, қазақ елі – өте талантты халық. Оның айқын айғағы – Елбасымыздың әншілік пен сазгерлік қыры. Жаңа ғана экраннан көрсетілген Президентіміздің орындауындағы әнді тыңдап отырып таңғалдым. Кәсіби музыкант ретінде бір фальш нота естіген жоқпын. Бұл да болса қазақтың қанына сіңген айрықша қасиеттерінің бірі.
Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы тұсауы кесілген жоба биыл міне, жалғасын тауып, сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілгеніне куә болып қуанып отырмын. Жас жеткіншектеріміздің талантын танып, болашағына бағыт сілтеуге септесетін мұндай ауқымды ән байқаулары бізге өте қажет. Алдағы уақытта конкурс өзінің географиялық ауқымын кеңейтіп, халықаралық деңгейде өткізіледі деп сенемін және ол бастаманы қуана қолдаймын. Ұлттық музыкамыз арқылы әлем қазақты танып жатса, бұл – біз үшін үлкен мәртебе, деді қазылар алқасының төрағасы, белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кеңес Дүйсекеев.
Осымен екінші мәрте өткізіліп отырған байқауға биыл еліміздің түкпір-түкпірінен барлығы 150 өтінім келіп түскен. Жас ерекшеліктеріне сай 12 мен 14 жас және 15 пен 17 жас аралығындағы екі топқа іріктеліп алынған үміткерлер Елбасы шығармашылығынан таңдалған үздік әндерді орындады. Жас өнерпаздар ізденісін композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ Ұлттық өнер университетінің «Музыкатану және композиция» кафедрасының профессоры Кеңес Дүйсекеев төрағалық еткен қазылар алқасы сарапқа салып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан дарынды балаларды арнайы дипломдармен марапаттап, жеңімпаздарға музыкалық аспап алуға арналған сертификаттар табыс етілді.
Байқау қорытындысы бойынша, «Бабамнан қалған кең дала» номинациясында Павлодар қаласының Ақсу қаласынан келген «Мерей» тобы топ жарса, «Біздің сүйікті Президентіміздің әндері толқыны» аталымындағы арнайы жүлдені Әлия Әбдіқадыр (Алматы қаласы), Нәзира Ибрагимова (Сәтпаев қаласы) және «Жұлдызай» тобы (Астана қаласы) теңдей бөлісті. «Қасиетті домбыра» номинациясы оралдық Жасмина Палат, Айнар Мусина, Сабина Жұмагелдинова есімді өнерпаздардан құралған трио мен астаналық Бейбарыс Байбөріновке табыс етілді. Ал байқаудың бас жүлдесі – Гран-при сыйлығын Н.Ә.Назарбаевтың «Город мой» әнін жоғары деңгейде орындап шыққан талантты қатысушы Астана қаласындағы №66 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Анель Оразбаева жеңіп алды.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»