Елбасы Жолдауын ықыласпен қабылдаған Алматы жұртшылығы да білім беру мен денсаулық сақтауға, баспанаға қол жеткізуде қала басшылығының игі бастамалары мен қолданыстағы іс-шаралардың нәтижелі жүзеге асуын қалайды. Осы бағытта оңтүстік шаһарда жүзден астам арнайы шара жүзеге асатын болады әрі Жолдауды жүзеге асыруға қала бюджетінен 1,5 трлн теңгеден астам қаржы қарастырылып отыр.
Қазіргі кезде Мемлекет басшысының тапсырмасына орай Алматының 2050 жылға дейінгі даму жоспары жасалуда. Қала әкімдігінің мәліметтері бойынша, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру үшін жыл сайынғы экономикалық өсім 5 пайызды құрап, еңбек өнімділігі 2 есеге дейін артуы тиіс. Межеленген жоспар бойынша он бес жыл ішінде жан басына шаққандағы ІЖӨ 1,5 ал отыз жылда 3 есеге дейін өсетін болады. Экономист мамандардың пікірінше, қазіргі кезде әлемдік экономиканың 70 пайызы қалаларда қалыптасатындығын ескерсек, Алматы осындай 600 қаланың тізіміне енген.
Осы орайда экономиканың құрылымын жүйелі түрде өзгерту қажеттілігі туындайды. Сарапшылар болжамы бойынша қала халқының саны 2035 жылы 3 миллионнан асуы тиіс. Мұндай жағдайда қаланың экономикалық белсенді тұрғындарының саны 700 мыңға көбейеді. Ол үшін инновациялық қолайлы орта қажет.
Бүгінде Алматы экономикасының 80 пайыздан астамын сауда және қызмет көрсету салалары құрайды. Қала басшылығы соңғы үш жылда 240 млрд теңге бөле отырып, сауда саласын көлеңкелі айналымнан шығаруда көптеген сауда нүктелерін заманауи сипатқа енгізді.
Оңтүстік астанадағы көкейкесті мәселелердің бірі – баспанамен қамтамасыз ету. Осы орайда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша биылғы жылы 6 мың отбасы жаңа пәтерге қол жеткізетін болса, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда үш есеге дейін көбейеді. Сондай-ақ қалада «7-20-25» бағдарламасы белсенді жүзеге асуда. Алдағы бес жылда жеке инвесторларды тарта отырып 23 мың жаңа пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Ескі үйлерді жаңартудың инвестициялық әлеуеті 320 млрд теңгені құрайды.
Жолдаудың басым бағыттарының бірі – еңбекақыны көтеру. Алдын ала есептеулер бойынша осы мақсатта 25 мыңнан астам адамды қамту жоспарланған. Қазіргі кезде қала басшылығы еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне көшуде. Яғни, тиімсіз шығындарды оңтайландыру арқылы мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын орта есеппен 2 есе өсіру межеленген. Жыл басынан бергі аралықта 24 мың жұмыс орны ашылса, жыл соңына дейін тағы да 8 мың жұмыс орнын ашу қарастырылып отыр.
Осы тұрғыдан алғанда Алматыда әлеуметтік саланы қаржыландыру соңғы үш жылда 2,5 есе өсті. Биылғы жылы тек мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға қала әкімдігінен 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.
Әлеуметтік қоғамның басты мәні – адамдарға қамқорлық жасау болса, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында алматылық кәсіпкерлер әлеуметтік бағдарламаларға көптеп қолдау көрсете бастаған. Осы бағытта 7 инклюзивті кабинет ашылса, қаладағы 23 оңалту орталығының 50 пайызы жекеменшікке тиесілі.
Бүгінде Алматы «Қала адамдар үшін» ұстанымы бойынша жүйелі түрде дамып келеді. Қаланы залалды заттардан оқшаулай отырып, қоғамдық көлік, заманауи велоинфрақұрылымдармен қатар, тұрғындардың оқу орындарына, жұмысқа барып келуін жеңілдетуде, денешынықтыруды насихаттауда көптеген бастамалар жүзеге асуда.
Қала бойынша қазіргі кезде 650 медицина ұйымы жұмыс істейтін болса, олардың 70-і көпсалалы емханаларға жатады. Барлық мемлекеттік мекемелер цирфлы жүйеге көшіріліп, заманауи қондырғылармен жабдықталған.
Сондай-ақ қоғамдық көлік жүйесіндегі өзгерістер де бір бағыттан екінші бағытқа қатынаудың тиімділігін арттыра түсті. Қала автопарктеріне келген жаңа көліктермен қатар, қала көшелерінде сап түзеген электробустардың жылы әрі жолаушылар үшін қолайлы қызметтері алдағы уақытта да жетілдірілетін болады.
Цифрландыру – экономиканың ашықтығын қамтамасыз етумен бірге, әкімшілік әрі бизнестегі кедергілерді жоюға ықпал етеді дейтін болсақ, «Smart Almaty» бойынша 40-тан астам жобаның жүзеге асуы, Ситуациялық орталық және «BigData» жүйелерінің қолданыста екендігі мәлім. «Оңай», «А-паркинг» арқылы төлем жасау жеңілдетілген. Нәтижесінде 9 ай ішіндегі салық түсімі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12,7%-ға артып, 1,3 трлн теңгені құрады. Ал салықтың көп жиналуы бизнеске қолдау көрсетуге және қала тұрғындарының әлеуметтік шығындарына жұмсалатын қаржыны арттыра түседі.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ