Зерделі зерттеуші
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті музыкатанушы ғалым, Шоқан Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының музыкатану бөлімінің меңгерушісі Сара Күзембаева есіме түскенде Сократтың: «Ұстаздың биігі ойлана қарасаң, биіктей береді, үңіле қарасаң тереңдей береді, айналсаң, артыңда тұрғандай», дегені ойыма оралады. Бүкіл бір ұрпақтың, бір толқынның ұстазы бола білген Сара Әділгерейқызының ұлағатын ұғына түссең тәлімгерлігі биіктей беретініне, ғалымдық ғұмырына үңіле түссең тереңдей беретініне, ұлттық музыкатану өнеріндегі өзіндік орнын анықтай түссең , оның тұлғасы даралана түсетініне куә боласың.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті музыкатанушы ғалым, Шоқан Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының музыкатану бөлімінің меңгерушісі Сара Күзембаева есіме түскенде Сократтың: «Ұстаздың биігі ойлана қарасаң, биіктей береді, үңіле қарасаң тереңдей береді, айналсаң, артыңда тұрғандай», дегені ойыма оралады. Бүкіл бір ұрпақтың, бір толқынның ұстазы бола білген Сара Әділгерейқызының ұлағатын ұғына түссең тәлімгерлігі биіктей беретініне, ғалымдық ғұмырына үңіле түссең тереңдей беретініне, ұлттық музыкатану өнеріндегі өзіндік орнын анықтай түссең , оның тұлғасы даралана түсетініне куә боласың.
Бұл, әрине, өнер мен өмірді өз тағдырына теліп, тұтасып кеткен адам үшін таптырмас бақыт. Өзінің бүкіл саналы ғұмырын, жаратылыс сыйлаған таланты мен білім-парасат байлығын ел игілігіне арнаған адам баласы үшін бейнеттің зейнетін көргеннен артық арман болушы ма еді, бұл жалғанда?! Мен Сара Әділгерейқызының ғалымдық ғұмырына зер салған сайын оның музыкатану саласындағы «тұңғыштар тізімінен табылып,» көшбастаушының санатында жүргеніне көз жеткіземін. Ол – қазақтың халықтық және кәсіби музыка материалдары негізінде алғаш жазылған (1967) «Сольфеджио» деген оқу құралының авторы. Оның ғылыми ізденісінің нәтижесінде қазақ музыка білімі әуенді фольклордың гармониялы көп дауысты үндестіктің ғылыми негізі тұңғыш рет қаланды.
Ол М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтындағы музыкалық өнер бөліміне қазақ өнерінің феномендері Ахмет Жұбанов пен Борис Ерзаковичтен кейін басшылық жасап келе жатқан да Сара Әділгерейқызы.
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы негізінде М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында 7 кітаптан тұратын 5 томдық «Қазақ музыкасының антологиясы» атты іргелі зерттеуі мен қазақ мәдениеті тарихында бұрын-соңды болмаған рухани құбылыс – ұлттық опера өнерінің энциклопедиясы санатындағы «Казахские оперы» және «Қазақ операсы» деген екі кітап жарық көрді. Міне, мұның бәрі нені меңзейді?. Ғалымның текке өмір сүрмегенін, үлкен өнер маманының көзі тірісінде-ақ өзінің кісілігі мен киелі өнерді насихаттап, зерттеу арқылы келешек ұрпақ алдындағы парызын өтегенін, жауапкершілікпен сезінгенін танытады.
Ақиқатында, «Ән-өмір шежіресі, өмірдің сәулесі, музыка мектебінің негізі, кереге тасы, халықтың игілігі мен ақыл-парасаты» (А.Толстой). Қайбір ұлтты тану оның ой-парасатының парқын пайымдау үшін өнеріне көз салмай ма? Сондықтан да шығыс ойшылы Назым Хикмет «адамның жан-дүниесін ақтару үшін оған ән айтқызу керек » демей ме?
Міне, осындай киелі өнерді зерттеп жүрген өнертану ғылымдарының докторы, профессор, ұлттық мәдениетіміздің көп салалы тарихи-теориялық мәселелерін қамтитын көптеген еңбектердің авторы Сара Әділгерейқызы – қазақ музыка мектебінің негізін қалап жүрген бірден-бір маман. Оның қазақтың дәстүрлі және қазіргі кезеңдегі музыкалық өнері жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмыстары сөз жоқ рухани мұрамызға қосылған құнды қазына. Бүкіл музыка өнерінің архитектоникасы (біртұтас құрылымын) мен әндете баяндаудың (речитатив) қыр-сырын табанды әрі жүйелі зерттеп жүрген ол 200-ден астам ғылыми мақалалардың авторы. «Қандай музыка жасасам да – ол қазақша болып шығады», – деп қазақ музыка мәдениетінің майталманы, көрнекті композитор Евгений Брусиловский айтқандай, С.Күзембаева да қай тілде жазса да (ол орыс тілді маман – Г.П.) қазақша болып шығады. Айталық, өзінің ұзақ жылғы шығармашылық әрі ғылыми ізденісінің жемісі болған «Национальные художественные традиции и их конвергентность в жанре казахской оперы» атты көлемді монографиясында ежелден келе жатқан қазақ руханиятының шағын жанрлары, музыкалық фольклорының алғаш рет архитектоникасы, драмалық коллизиялары мен оның даму барысы ғылыми айналымға түсті. Қазақ халқының сан ғасырлық тарихында туып, қалыптасып, дамып келе жатқан музыка өнері ғалымның монографияларында бірінші рет жалпы қоғамдағы тарихи-әлеуметтік құбылыс ретінде қарастырылып, композиторлық шығармашылықтың жаңа түрлері, музыкалық-сахналық туындылар (опера, балет), вокальды-оркестрлік, камералық-аспаптық шығармалар және хор полотендері, т.б категорияларды құрайтын қазіргі мәдениеттің ірі компоненттерінің қалыптасып, дамуына дәнекер болуы дәйектеледі. Атақты академик Б.В.Асафьев ғылымға енгізген «оперность» деген ұғымның фольклордың ірі және шағын түрлеріндегі қызметі тұңғыш рет қазақша мәтіндер негізінде арнайы қарастырылып, еуропалық опера мен оның конвергенттік белгісі – композициялық, тақырыптық, драматургиялық ұстанымдары жанрлық, түрлендірушілік құбылыстары зерттеледі. Музыкатанудағы ең күрделі де өзекті мәселелер монографияның екі тарауында жан-жақты қарастырылады.
Жоғарыда айтқан монографияда автор қазақ әдебиеті мен өнеріне 174 өлең, 67 аударма,45 қара сөз қалдырған ұлы ақын, композитор, ойшыл, аудармашы, ағартушы Абай Құнанбаевтың музыкалық мұрасына кеңінен тоқталып, музыкалық шығармаларға жаңа ырғақ, тың әуен, соны сарын енгізілгенін маман ретінде талдап, танытады. Абай – халықтық музыка қорын ырғақтық ән өнерімен байыта отырып, жаңа із салды. Ақынның 60 өлеңінде 80 рет пайдаланылған: «жылы жүрек, нұрлы ақыл, ыстық қайрат» деген үштік концепциясындағы жүрекпен жазылып, жүрекке жеткен әннің «естісі бар, есері бар» екендігін ең әуелі қазаққа ұқтырған. Қазақ музыка мәдениетінің көркемдік қуатын дамытқан дара тұлға Абай алуан нұсқадағы 60-тан астам шығармасы бұл жанрдың жаңа көкжиектерін ашып, жетілуіне мүмкіндіктер берді. Музыкалық тілді байытып, көркемдік-стильдік бағытын байытты. Абайдың А.Пушкиннен аударған «Евгений Онегин» поэма опералық туындының жарқын көрінісі ретінде зерттеуде арнайы нақты көркем мәтін негізінде талданады. Өз заманының рухани-эстетикалық сұранысына сай жазылған туындыны бұрындары музыкалық театрға барып көрмеген ақынның опера жанрына сәйкес жазып», «Онегиннің сөзі», «Татьянаның хаты», «Ленскийдің сөзі», «Онегиннің өлердегі сөзі» деген бірнеше музыкалық қойылыммен көрсетілген шығарма опералық драматургияның ішкі заңдылықтары мен мүмкіндіктерін толықтай сақтап, жоғары дәрежеде жазылғанын зерттеуші ғылыми тұрғыдан дәлелдейді.
Сондай-ақ, осы еңбекте қазақ мәдениеті мен музыка өнерін зерделеп, жүйелеп, жариялап, жарыққа шығарып, насихаттауда теңдессіз адал қызмет еткен көрнекті фольклорист-этнограф, ҚазКСР-нің халық артисі Александр Викторович Затаевичтің музыкалық-этнографиялық құнды мұралары ерекше құрметпен аталып, жан-жақты зерттеледі.
Монографияның «Устно-поэтическое и музыкальное творчество қазахстанского народа» деген бірінші бөліміндегі төрт тараушада ежелгі фольклорлық музыка жүйесіндегі сарынның теориялық анықтамасын нақтылап, оның жанрлық сипатына, көркемдік, стилдік ерекшеліктеріне сипаттама бере келіп, бірінші – бақсы сарыны, екінші – отбасы-тұрмыстық сарын, үшінші – авторлық сарын деп үш топқа бөліп, жіктейді. Бұл да зерттеушінің музыкатану ғылымына енгізген тың ғылыми-теориялық тұжырымдары мен жүйелеудегі жаңалығы екендігі сөзсіз. Осы еңбекте алғаш рет ноталық жазбаға түскен 15 сарындарды А.В.Затаевичтің мәдени айналымға ендіргенін ерекше атап өтеді. Александр Затаевичтің өткен ғасырдың 20-шы жылдары қазақ даласын әнге бөлеген 500 адамнан 2 300 ән мен күй жазып алғанын, төл музыкатануымызда тұңғыш рет симфонизм мен опералық қасиеттің құнарлы бастауы бар екендігін білгір маман әрі өзге ұлт өкілі ретінде мойындап, бағалағаны мәлім. Ол қазақ фольклорында еуропалық – ария, ариозо, дуэт, трио, квинтет, көпдауысты хор,т.б мектебінің белгілерін байқаған.
Ойлау мәнері кең, білім-парасаты мол, ұлт мәдениетін ұлықтауға деген құлшынысы зор Сара Әділгерейқызы қазақ музыкатану ғылымының тарихын сонау көне замандардағы фольклорлық жанрлардағы сарындардан бастап, олардың кейінгі кәсіби қалыптасу кезеңдеріне кеңінен тоқталып, қалыптасу, даму заңдылықтарын сол дәуірдегі дала өнерпаздарының табиғи таланттарымен тамырластыра, туындыларының музыкалық, ноталық, сарындық, әуендік, қасиеттерін қазіргі опера өнерімен байланыстыра отырып, ой тарқатады. Осы тұрғыда әлемдік деңгейдегі этномузыкатанушы ғалымдардың, әсіресе К.Штумпф, Э.Тайлор, ресейлік А.Максимов, К.Квитка, В.Асафьев, Е.Мелетинский, М.Харлап, И.Земцовский, Э.Алексеев, т.б Өзіміздің көне дәуір өнерін зерттеушілердің, мысалы: Ш.Уәлиханов, Ә.Марғұлан, К.Әкішев, А.Медоев, П.Агапова, К.Байпақов, А.Кадырбаев, Т.Сенигова, еңбектеріне сүйене отырып, өз ғылыми-теориялық тұжырымдарын жасайды.
Рухани құндылығымызды құрайтын көне дәуірден келе жатқан салт-дәстүрімізге қатысты ғұрыптық әндер,сахналық көріністер, әр түрлі айтыс жанрларынан өріс алған опералық өнердің жанрлық табиғатын С.Күзембаева «Национальная основа жанра оперы в Казахстане» атты мақаласында нақты көркем мәтіндер арқылы анықтап береді. Қазақтың батырлар жырларының сюжеті, композициясы, оқиғаның баяндалуы мен ондағы әрекеттердің орындалуы, кейіпкерлердің жырмен айтысып, диалогқа түсуі – бәрі айналып келгенде дайын операны туғызып тұрғанын, яғни бүгінгідей кәсіби болмаса да оның алғашқы деталдары барлығын ғылыми тұрғыдан дәлелдейді.
Музыкалық, драмалық, балет, бейнелеу және орындаушылық өнерлердің бәрінен жинақталатын опера өнері қалай болғанда да төл өнеріміздің тарихымен тамырласып жатыр деуге болады. Халықтың бай фольклорлық мұраларымен кеңінен таныс С.Күзембаева тарихи, батырлар, романтикалық эпостарының көркем мәтініне сүйене отырып, ұлттық опера өнері образдарының бейнеленуі, оларға ортақ тақырып пен сарындардың байланысуы т.б жөніндегі мәселелерді зерттейді. Эпикалық поэмалар мен халық әндеріндегі ғасырлар бойы өсу өрісінде болған поэтикалық рухтың опера жанрына да жат еместігін «Ер Тарғын», «Бекет», «Алпамыс» сияқты туындылар арқылы дәйектейді. «Қамбар мен Назым», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Ақсақ құлан» секілді балет өнеріндегі шығармалар негізінде де эпикалық тақырыптың игерілгені мәлім.Бұлардың бәрі бірнеше ғасырлық ғұмыры бар ұлттық рухани байлығымыз деп танытады.
Тәуелсіздік алғалы бері жаңаша көзқараспен жазылып,тарихы түгенделіп келе жатқан ұлттық музыкатану ғылымындағы көркемдік ізденістер жайлы С.Күзембаеваның ғылыми жетекшілігімен, Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қазақ музыкатану ғылымының тарихын қамтыған 8 кітаптан тұратын «Қазақ музыкасының антологиясы» жазылып, ұлттық құндылықтар қатарына қосылды.
Республикамыздағы бірден-бір музыкатанушы әрі осы саланың білгір кәсіби маманы болғандықтан ол еліміздегі барлық жоо-ның музыкатану пәніне арнап оқулықтар жазуға белсене араласты. Бұл саланың мамандары аз әрі орыс тілді болғандықтан екі тілді теңдей меңгерген Сара Әділгерейқызы қазақ мәдениеті тарихында тұңғыш рет «Қазақ музыкасының тарихынан дәрістер» атты көлемді оқу құралын қазақ тілінде жарыққа шығарды. Оқулықтағы «Қазақ халқының рухани мәдениетінің көне ескерткіштері», «Қазақ даласының ұлы ғұламалары», «Көне фольклорлық сарын», «Қазақ халқының ән-жыр өнері», т.б дәріс атаулары бір-бір монографияға жүк боларлық.
Кейде бүкіл болмысымен бейтарап отырып та, белгісіз болып жүріп те жан-жағына шуағын шашып, ізгілік нұрын тарататын абзал жандар болады. Меніңше, сондай жанның бірі өнер зерттеу саласында әрі бірегейі Сара Әділгерейқызы дер едік. «Мәдениет деген ұлтыңды өліп-өшіп сүю», деген Ж.Аймауытовтың сөзі де осы ғалымға айтқанындай көрінеді. Ұлттық мәдениетіміздің көп салалы тарихи-теориялық мәселелерін зерттеуге ғұмырын арнаған ұлағатты ұстаз, Сара Күзембаева шын мәніндегі ұлтын сүйген зерделі зерттеуші десек жарасады.
Гүлзия ПІРӘЛИЕВА, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор.