Жақында облысты отандық сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорынның жұмыс барысымен танысып қайттық. Өндіріс орнының тарихына аз-кем тоқталсақ. Мұнда сүт өндіру 1997 жылдан басталса, 1999 жылдан бастап айран секілді қышқыл сүт өнімдерін өндіру жолға қойылыпты. Ал 2003 жылы балқытылған ірімшік өндірісі іске қосылды. Заманауи жабдықтармен жарақталған цехпен Өскеменге келген жұмыс сапарында Елбасы да танысты. 2013-2015 жылдары кәсіпорында ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, 2014-2015 жылдары Le’Vital және «Йо-хо-хо» брендтері нарыққа шығарылды. 2015 жылы Зырян, Семей және Алматы қалаларында филиалдары ашылды. 2017 жылы кәсіпорын сүт өнімдерінің 15 түрін өндіріске жіберді. Бүгінде күніне 120-130 тонна өнім өндірсе, алдағы уақытта бұл көрсеткішті 180 тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. «Осы мақсатта қазір екінші өндірістік алаң салып жатырмыз. Жұмыс басталды. «Өндіріс» бағдарламасы арқылы мемлекеттен 6 пайызбен несие алдық. Жарты қаражаты – өзімізден. Жоба сәтімен жүзеге асқан кезде 100-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Қазір біз облысты 100 пайыз сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырмыз. Мақсат – облысқа ғана емес, еліміздің басқа өңірлеріне де сапалы сүт өнімдерін шығару. Қазір бұл жұмыстармен шұғылданып жатырмыз», дейді «Эмиль» ЖШС бас директоры Анна Аберле.
«Эмиль» ЖШС өндірістік департаментінің директоры Любовь Галушконың айтуынша, кәсіпорын өңірдің ең ірі деген 13 шаруашылығымен тығыз жұмыс істейді. Яғни, олардан сүт сатып алады. «Шемонаиха ауданындағы «Камышинское» шаруа қожалығы күніне 24-25 тоннаға дейін сүт өткізеді. Басқа шаруа қожалықтарынан да әртүрлі көлемде сүт қабылдаймыз. Сіздердің дастарқандарыңызда тұрған сүт пен айран, басқа да өнімдеріміз бір қарағанда оңай дайындалғандай көрінуі мүмкін. Бұлай ойласаңыз әсте қателесесіз. Кәсіпорында 1 мыңнан астам адам күні-түні тынбай жұмыс істейді. Үш цехымыз бар. Бір ғана сүт цехында 230 адам еңбек етеді. 2014-2015 жылдары кәсіпорында ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілгеннен кейін өндіріс көлемі ұлғайды», дейді ол.
Мұндағы жұмыс процесі сүт қабылдап алып, оны зертханадан өткізуден басталады екен. Әрі қарай қат-қабат шаруа. Сүтті тазалау, сүзгіден өткізу, майлылығын анықтау, айран, йогурт болса, оны ашыту, әртүрлі дәмдеуіштер қосу... Осылай жалғасып кете береді. Ең соңы, өнімдерді қаптаумен, сертификаттаумен аяқталады. Арғы жағы – белгілі. Дүкен, базарларға жол тартады. Департамент директорының сөзінен түйгеніміз, мұндағы ең жылдам дайындалатын өнім – сүт пен балмұздақ. Сүт бір тәулікке жетпей әзір болады екен. Ал ең ұзақ дайындалатыны – айран. Өнім сұйылып кетпеуі үшін тек 18 сағат бойы суықта тұру керек. Өнім қаптамаға құйылғаннан кейін біраз уақыт қозғалмай тұруы қажет. Өйтпесе құрылымы өзгеріп кетеді-мыс. Осындағы сүт цехында май да өндіріледі.
Қазір «Эмиль» ЖШС-нің Алматы, Астана, Семей, Өскемен қалалары мен Алтай (Зырян) және Шемонаиха аудандарында 37 фирмалық дүкені жұмыс істейді. Фирмалық дүкендердегі өнімдер азық-түлік дүкендерінен төмен бағада сатылады.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН