Елбасының бастамасымен қазіргі таңда елімізде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы табысты жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Соған орай барлық өңірде цифрландыру жұмыстары қолға алынып, жаңа бастамаларға басымдық берілуде. Таяуда ғана елордада ашылған «Astana Hub» стартаптар технопаркі осы бағыттағы жұмыстардың жаңа кезеңін бастап берді.
Осы ретте Шығыс Қазақстан облысының цифрландыру ісі бойынша айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп отырғанын атап өткен жөн. Өңірде жастардың ІТ-технологияға деген қызығушылығы да уақыт өткен сайын артып келеді. Сондай-ақ облыстың халыққа қызмет көрсететін мекемелері мен ірі өндіріс ошақтары да цифрландыруды жемісін көріп отыр. Осындай игі істердің қорытындысы ретінде «Digital East – Болашаққа қадам» ІТ-форумы ұйымдастырылып, алдағы міндеттер нақтыланды.
Форумға арнайы қатысқан Мәулен Әшімбаев мұндай бастамалардың ел дамуында маңызы зор екенін айтты.
– Цифрландыру дегеніміз бүгінгі заманның басты талабы. Сондықтан қазірдің өзінде елімізде мемлекеттік қызметтің басым бөлігі цифрлы форматқа ауыстырылып, жаңа үрдістерге сай көрсетілуде. Тіпті ірі зауыттар мен өндіріс орындарында да ауыр жұмыстар цифрлы технологияның жемісін көріп отыр. Мұның барлығы Елбасының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асырудың нақты нәтижесі екені сөзсіз. Мемлекет басшысы жаңа Жолдауында да бұл салаға ерекше мән беріп, инновациялық және сервистік секторларды дамытудың тиімді тетіктерін анықтап берді. Соның нәтижесінде бүгінде еліміз бойынша көптеген игі істер жүзеге асырылып, осы салада білікті, кәсіби мамандар даярлау ісі қолға алынды. Бүгінгі ІТ-форумды да сондай тың бастамалардың игі нәтижесі деп қарастыруымызға әбден болады, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ ол соңғы айларда «Нұр Отан» партиясының Елбасы, партия Төрағасының тапсырмасына сәйкес өз қызметін жаңғырту мақсатында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс атқарып жатқанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, партиялық жаңғыру аясында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға үлес қосу үшін партия тарапынан нақты жобалар да қолға алынған. Атап айтқанда, жастарға бағдарламалау, робот техникалары және 3D модельдеу негіздерін үйретіп, сұранысқа ие мамандықтарды игеруге бағытталған тегін 1000 ІТ-сынып пен ересек азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттырып, жаңа мамандық меңгеруге мүмкіндік беретін ІТ-орталықтар ашу жобасы жүзеге асырылуда.
Бұл бастамалар бүгінде өз жемісін беріп отыр. Қазірдің өзінде еліміз бойынша 782 ІТ-сынып ашылып, 30 мыңнан астам мектеп оқушылары білім алуда. Соның ішінде 277 ІТ-сынып Шығыс Қазақстан облысында ашылған. Оның 112-сі қалалық жерлерде ашылса, қалған 165-сі облыстың ауыл-аймақтарына тиесілі. Бұл көрсеткіш бойынша Кенді Алтай өңірі елімізде көш бастап тұр.
Өңірде ашылған 2 ІТ-орталықтың да жұмысы жоғары деңгейде жүргізіліп келеді. Бүгінге дейін бұл орталықтарда 544 шығысқазақстандық азамат білімін жетілдіріп, жаңа мамандықтарды меңгеруге мүмкіндік алды. Осындай жұмыстардың арқасында партия ұйымдастырған ІТ-олимпиадаға қатысушылар қатарында шығысқазақстандықтардың көп болғанына назар аударған жөн.
Мәулен Әшімбаев мұндай бастамалар енді 5-10 жылдан кейін өз жемісін беретінін, ең бастысы, жастарымыздың ХХІ ғасырдың мамандықтарын игеріп, бәсекеге қабілетті болып қалыптасуына септігін тигізетінін айтты.
– Мұндай бастамалардың елімізді жаңа белестерге шығаратыны сөзсіз. Өйткені дәл қазіргі таңда ІТ-технологиялар серпінді дамудың негізі болып отыр. Сондықтан партиялық жобаларды бір салаға ғана емес, барлық салаға бағытталған жұмыс деп қарастыруымыз керек. Бұл ретте Шығыс Қазақстан облысының тәжірибесін ерекше атап өткен жөн. Келесі жылы облыстың барлық мектебінде ІТ-сыныптар ашылып, жастардың жаңа заман мамандықтары бойынша сапалы білім алуына жағдай жасалмақ. Облыстың бұл белсенділігі бүкіл Қазақстан үшін үлгі екені сөзсіз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар форум барысында «Үздік ІТ-шешімдер мен стартап жобалар» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Екі кезеңнен тұрған бұл байқауға 1500 үміткер қатысты. Жобаның басты мақсаты – тиімді ІТ-шешімдер мен стартап бастамаларды іріктеп, олардың жүзеге асырылуына қаржылай қолдау көрсету. Бұл ретте қатысушылардың дені жастар екенін және олар негізінен әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ететін, халықтың өмір сүру сапасын жақсартатын жобаларды ұсынғанын айта кеткен жөн.
Байқауға арнайы кәсіпорындар мен ІТ-компаниялардан бөлек, студенттердің, колледждер мен мектеп оқушыларының да белсенді қатысуы жастардың болашақтың мамандықтарын игеруге деген құштарлықтарының жарқын көрінісі екенін айтқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары мұндай жайттың көңіл қуантатынын жеткізді.
Сонымен қатар аталған форум аясында «Цифрлы Шығыстың жетістіктері» атты көрме ұйымдастырылып, цифрландыру ісі бойынша Шығыс Қазақстан облысында қолға алынған тың идеялар көпшіліктің назарына ұсынылды.
Цифрландыру ісі бойынша облыста медицина саласында да айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілгенін ерекше атап өткен жөн. Ол үшін Облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың жұмысын айтса да жеткілікті. Аталған нысанға арнайы барған Мәулен Әшімбаев бұл жердің басты ерекшелігі саналатын роботтандырылған хирургиялық орталықтың жұмысымен танысты.
Мұндай орталық еліміз бойынша алғаш рет Өскеменде ашылып отыр. Аталған орталықта Италиядан әкелінген Senhance Transenterix роботының көмегімен күрделі эндоскопиялық оталар жасалады. Алғашқы оталар Италиядан келген маманның жетекшілігімен жасалған екен. Биылғы наурыз айында ашылған орталықта қазірге дейін 120-дан астам науқасқа ота жасалып, талай жанның дертінен айығуына себепші болған.
Роботтандырылған хирургия отаның дәлдігін арттырып, жарақаттың жеңіл және операциядан кейінгі ем-домның сапалы болуын қамтамасыз етеді. Сондықтан бұл бастаманы отандық денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртудағы аса маңызды қадам деп атауға толық негіз бар.
Орталықтың бұл саладағы тағы бір басты жаңалығы – мамандардың білімі мен біліктілігін арттыруға айрықша мән берілуі. Мұнда дәрігерлердің үшдеңгейлі оқыту бағдарламасы бойынша сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Тіпті шетелдің озық медициналық орталықтарының білікті мамандары арнайы келіп, жергілікті дәрігерлерге 6 бірдей шеберлік сабақтарын өткізген. Орталықта роботтандырылған хирургиядан бөлек, трансплантологиялық және симуляциялық бөлімдер де елге қызмет көрсетеді.
Сапар соңында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары партияның облыстық активімен кездесіп, Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы мен жақында жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған басымдықтарды жүзеге асыру барысын талқылады. Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Мемлекет басшысының аталған құжаттарда айқындап берген басымдықтары жүйелі сипатқа ие екенін айтып, оларды нәтижелі орындау үшін партияның алдында тұрған басты міндеттерге тоқталды.