ЭКСПО-2017 • 10 Желтоқсан, 2018

Астана: EXPO эволюциясы

2251 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

EXPO көрмесінен қалған жетістіктер ел экономикасының қажеттілігіне орай тамаша бейімделгенін көрсетіп отыр. «Астана ЭКСПО-2017» компаниясының менеджменті көрмеден кейін жаңартылған кешенді тағы бір рет аралатты, ал жаңа жобалардың ауқымы таңдай қақтырады! 

Астана: EXPO эволюциясы

Ішкі мазмұны қалай өз­гер­­­се де, Көрменің аума­ғы­ жа­ңа жетістіктердің ор­ны ­бол­ған және солай болып қа­ла бе­реді де. Өдеріңіз біле­тін­дей, Ас­­танадағы EXPO-2017 ны­сандарының құрылысы халық­ара­лық мамандандырылған көрмені өткізу үшін салынған еді. Бірақ, нысандар тек экспо­наттарды көрсетуге ғана арналып жобаланған жоқ. Ұйым­дастырушылар әуел бастан-ақ көрме кешені кейін де елор­даның туристік және қаржылық орталығына айналады деп жос­парлаған болатын. «Астана ЭКСПО» сияқты инвестициялық жобалар қаланың жан-жақты дамуына ықпал етіп, көптеген жұмыс орындарын ашады, мол инвестиция тартып, көрмеге жапсарлы аумақтың көлік ин­фрақұрылымын дамытуға серпін беріп, «тартылыс» орталығы болудың негізін қалайды.

Болашақтың аумағы

Бүгінде ЭКСПО кешені – Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылған 4 ірі жаһандық жобаның дамуы­на арналған алаң іспетті. Ол жо­ба­лардың барлығын өзара ин­новациялық күш біріктіріп отыр.

Мәселен, «Астана» халық­аралық қаржы орталығы Еура­зиялық кеңістік бойынша қар­жылық қызмет көрсететін ірі орталыққа, шетелдік капитал тартудың катализаторына, сон­дай-ақ Қазақстан, Еуропа мен Азия нарықтарын біріктіретін қаржы хабына айналуға бағыт­талған жоба. Жуық арада АХҚО ғимаратында әлемдегі ең танымал озық компаниялардың атаулары жазылады. Ал ол шетелдік компаниялар үшін бұл жерде жасалатын жағдай өте тартымды: қаржы орталығының қатысушысы болып, резиденті атанған және Қазақстан экономи­касының басым салаларына ин­вестиция құйған шетелдік инвесторлардың құқығы АХҚО Халықаралық төрелік сотының аясындағы халықаралық жоғарғы стандарттарға сай қорғалады. Тағы бір амбициялық, бірақ орын­­далуы әбден мүмкін мақ­саттың бірі – алдағы үш жыл ішінде әлемдегі ең атақ­ты 50 ха­лықаралық қаржы орталы­ғының қатарына қосылу міндеті.

АХҚО Астанаға «қаржы ас­танасы» деген жаңа мәртебе алып берді. Естеріңізге сала ке­­­тейік, 14 қарашада «Нұр Әлем» Сферасында Президент Нұрсұлтан Назарбаев қар­­­­жы орталығының Astana International Exchange (AIX) бир­жасында алғашқы сауда-саттықты бас­тап берген болатын. Биржа қа­зақ­стандық және шетелдік ірі ком­паниялардың миллиондаған қаржыға сау­да жасауына мүмкіндік береді. Биржадағы IPO-ға шыққан ал­­­ғаш­қы ұлттық компания – әлем­­дік уран индустриясының көш­басшысы «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы болды. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұрын қазақстандықтар атақты Wall Street-тегі баға келісімдерін тек телеарналардан көрсе, қазір ЭКСПО аумағында толық бизнес-циклы бар жоғары технологиялы биржа инфрақұрылымы пайда болып келеді.

Сонымен қатар көрмеден кейін жүзеге асырылып жат­қан жоғары технологиялық жо­ба­лардың бі­рі «Astana Hub» ха­лықаралық ІТ-стартаптар тех­нопаркі болмақ. Жобаны Аме­ри­каның атақты Кремний алқа­бының отандық баламасы деуге бола­ды. Бұл жерде «made in Kazakhstan» брендімен шығатын ин­новациялық технологиялар мен стартаптардың дамуы үшін тамаша жағдайлар жасалған. Технопарк Қазақстанның инно­вациялық экожүйесін дамытатын локомотив пен орталық күшке, сондай-ақ ІТ-бизнесті дамыту үшін халықаралық қауымдастық мойындаған хабқа айналуы керек.

IT-Университет – елімізді цифрлан­дыру әлеміне кірік­тіре­­тін тағы бір қуатты күш. Уни­­­­­вер­ситет «Carnegie-Mellon» және «Singularity University» сияқ­­ты озық технологиялық университеттермен арадағы ын­тымақтастықтың нәтижесінде құрылып жатыр. Қазақстанның цифрлы салаларына қажетті жоғары білікті мамандар ин­но­­вациялық қарқынды бағдар­ламалар бойынша оқыты­лады.

Ал «Халықаралық жасыл тех­нология және инвестициялық жобалар орталығы» «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінен қалған мұ­ралардың идеологиялық жал­­ғасына айналады. Бұл ор­та­лық баламалы энергия көз­дері саласындағы ғылыми зерт­теу­лердің нәтижелері мен озық тех­нологияларды енгізу арқылы Қазақстанның және бара-бара Орта Азия өңіріндегі елдердің қарқынды түрде «жасыл» эко­номикаға ауысуына жағдай жасайды.

Жетістіктер орталығы

Қазақстандықтар таңданар, бірақ мұнымен Астана ЭКСПО көрмесінің инфрақұрылымдық ресурсы таусылған жоқ! Ең бас­ты жобаларды дамытумен қа­тар, ЭКСПО кешені еліміздің іс­кер­лік нарығын белсенді түрде және жемісті дамытып отырған алаңға айналып келеді. Ұлттық ком­паниядан хабарлағандай, жуық арада Көрме аумағында жалпы аумағы 35 мың шаршы метрді құрайтын, «А» клас­ты­ кеңселері бар халықаралық са­па стандартымен салынған EXPO Business Centre бизнес ор­талығы ашылады. Жаңа бизнес орталық бизнесті дамытуға қажетті жаңалықтар мен тамаша жағдайдың бірегей үйлесімін ұсынады.

Компаниялардың көбі­ нысан­ның ең негізгі артықшылықтарына лайықты бағасын береді: бұл жайлы жабдықталған жоғары деңгейлі кеңселер, ыңғайлы ин­фрақұрылым – бизнес орталық «Астана» халық­аралық қаржы орталығына, «Нұр Әлем» Сфе­расына, ЭКСПО-дағы Конгресс-Орталыққа барынша жақын орналасқан.

Орталықтың басқа да оңтайлы жетістіктерінің тізімін ыңғайлы логистикасы толықтырып отыр – ол елорданың әкімшілік орта­лығына, Н.Назарбаев атындағы ха­лықаралық әуежайға және «Нұр­лы жол» темір жол вокзалына жақын орналасқан. Оның үстіне, Қазақстандағы ең ірі «Mega Silk Way» сауда орталығы мен өте заманауи «Hilton Astana» қо­нақ үй кешені де бір аттам жер­де тұр.

2019 жылы Қазақстандағы ең ірі Көрме орталықтарының бірі ашылады, бұл орталық ауқымды халықаралық және ұлт­тық көрмелерді, конгрестік шаралар мен өзге де маңызды оқиғаларды өткізуге арналған көп функционалды бизнес-арена болады. Орталықтың жалпы аумағы – 20 мың шаршы метр, ішінде мультифункционалды павильондар мен залдары бар.

Орталық аумағына экспози­ция­ларын қоя алатын компания­лар үшін бұл шетелдік әріп­тес­терге өздерінің соңғы жетіс­тіктері мен жобаларын таныс­тырып, олар­­мен іскерлік келі­сімшарт жа­сасып, адал клиент жинап, кәсіпорынның жағымды имиджін қалыптастыру үшін таптырмас мүмкіндік болмақ. Көрме орталығының заманауи сәулеті мен ең соңғы мультимедиялық құрылғыларымен қамтылуы да кез келген ауқымды шараларды өткізуге жағдай жасайды.

Ең ірі іскерлік және мәдени кездесулерді ұйымдастыру үшін салынған ЭКСПО-ның Конгресс орталығы да тиімді жұмыс істеп тұр. Айта кетейік, EXPO-2017 көр­месінің ашылу және жабылу салтанаттары дәл осында өт­­­­кен болатын. Конгресс-Орта­лық­тың жылжымалы залдарына 4500 адам сыяды, әрі шара­ны безендіру үшін кез келген ди­зайнерлік идеяларды жүзеге асы­ру үшін ыңғайлы және өтетін шараның жеке стиліне байланыс­ты ыңғайландыруға болады.

«Нұр Әлем» сферасы – көрме кешенінің орталық нысаны, ЭКСПО-ның мақтанышы. Бұл – әлем­де баламасы жоқ, диаметрі 80 метрлік шар формасындағы ғимарат. Заманауи инсталляция­лар мен сан түрлі тақырыптағы зерт­ханалар орналасқан осы сегіз қабатты ғимарат Қазақстан мен әлемнің түкпір-түкпірінен келетін туристерді қызықтырып келеді.

Сфера ұдайы түрде баламалы энергия көзі саласындағы қызықты экспонаттармен толық­тырылып отырады: ғимаратта су жаңа интерактивті ойын алаң­­дары, «ақылды қала» про­тотиптері, экологиялық машина құрастыру саласындағы соңғы үлгідегі құрылғылар бар.

Сфера контентінің бай спектрі оған туристік орын ретінде ғана емес, республикамыздың білімі мен ғылымын дамытуға арналған база ретінде де сипат береді. Он­мыңдаған оқушылар осы уақытқа дейін «Kids & Student Future Energy» бағдарламасының аясында Сферада өткен 100-ден астам ашық сабаққа қатысып үлгерді.

«Нұр Әлем» Сферасында әр­түрлі курстар, шеберлік сағат­тар, тренингтер, лекциялар, семинар­лар мен өзге де шараларды өт­кізу үшін үлкен ыңғайлы дәріс залы ашылған. Нысанның дыбыс және жобалық құрылғылармен жаб­дықталуы жемісті еңбек үшін, шығармашылық пен пікір алмасу үшін қажетті жағдай жа­саған.

Бір жылға есейген кешен

ЭКСПО кешені бұрынғыдай елорда тұрғындары мен қонақ­тары үшін сүйікті орын болып қала береді. Көрме кешенінде автотұрақ, мейрамханалар мен дәмханалар әлі жұмыс істеп тұр, балаларға арналған тамаша ойын алаңы бар, ал қыста қа­­лыптасқан дәстүр бойынша ЭКСПО аумағында тағы да мұз қалашық, сырғанақ пен Жаңа жылдық шырша ашылады.

Бірақ, қазір көрме аяқтал­ғаннан кейінгі бір жылдан соң, серпінді жобалар мен жаңа нысандар ашылған соң, ЭКСПО аумағы іскерлік ортаның жаһан­дық кешені ретінде эволюция жа­сады, сол арқылы ел эко­но­микасындағы, мәдениеті мен ғы­лыми-техникалық прогре­сіндегі жаңа жетістіктердің орта­лығына айналды.

Бүгінде ЭКСПО – бірыңғай сәулеті бар бір кешенге іскерлік, ойын-сауықтық және көрмелік жобаларды біріктіріп отырған біз­­дің замандағы ең ауқымды және инновациялық кластердің бірі. ЭКСПО кешенін аралау бір ша­ғын қалаға саяхат жасаумен тең, ал ондағы «Нұр Әлем» Сферасы іскерлік, туристік және демалатын орынның бір бөлігі ғана.
Көрме кешенінің қайта жаң­ғыруы, ЭКСПО-ның мойындалып, жаңа келбетінің ерен жетіс­тік­ке жетуі – «EXPO-2017 нысандарын көрмеден кейін де пайдалану керек» деген Мемлекет басшысының көрегендігін уақы­тынан бұрын дәлелдеп отыр.

Ажар ИСМАЙЛОВА

Астана